ҚҰЛСАРЫДА ТҰТАСТАЙ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКЕН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

5cd72e21 daf2 49e7 9435 2208a957d9c6 Экономика

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой ауданы Құлсары қаласында заманауи жаңа цехы ашылып, тұтастай жаңғыртудан өтіп іске қосылған «МеталлПродукт» ЖШС зауытының жұмысымен танысты»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Заманауи технологиялармен жабдықталған металл өндіретін зауыттың аумағы 4360 шаршы метр. Жаңғыртудан өткен зауыттың қуаты екі есе артып, жылына 57 мың тонна металл өндіреді. Қазірдің өзінде мұнда 130 жұмысшы еңбек етуде. Болашақта қызметкерлер саны 240-қа дейін көбейіп, екі ауысыммен жұмыс істейді.

63a1230c e54b 430f 8c05 c70a597ce7cb



Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңір халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында қуаты арттырылған зауыттың іске қосылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экономиканың өсуіне қатысты бірінші кезектегі басымдықтарды белгілеп берген болатын. Олардың арасында өндірісті арттыру сонымен қатар, күрделі әрі технологиялық экономикаға иек арту міндеттері бар.
Осы орайда, бұл – өңір үшін де, еліміз үшін де өте маңызды, аса қажетті жоба. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны болаттан жасалған дайындамалар шығарады. Оларды ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа жөнелту де жоспарлануда. Жоба Құлсары моноқаласы экономикасын әртараптандыруға да өз септігін тигізеді»,-деді облыс әкімі.

09a01f0c bea0 4c9e 85d8 ac7c26dd53a6


Ол сонымен қатар, іс-шараға қатысқан өңірдің мұнай-газ саласындағы ірі компания өкілдеріне металл қалдықтарын өзара келісе отырып, зауытқа берудің жолын қарастыруды тапсырды.
«МеталлПродукт» ЖШС-нің директоры Қадыржан Құлтекеновтің айтуынша, зауыт қазір ұзындығы 6 метр, салмағы 1070 килограмм болатын дайындамалар шығаруда. Тапсырысқа сай олардың пішіні де өзгеріп отырады.
«Зауытты жаңғырту жұмыстары мен жаңадан салынған цехқа құрал-жабдықтарды түгелдей шетелден жеткіздік. Өндіріс орны 90 пайыз автоматтандырылған. Қазірдің өзінде көршілес елдерден сұраныс түсіп жатыр. Өзбекстанға жуырда өнімдерімізді жібере бастаймыз. Алдағы уақытта металлды терең өңдеп, дайын өнімдер шығаруды да жоспарлап отырмыз»,-деді зауыт директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз