Ойпатта мол қазына бар

ekonomika314 Экономика

080421-F-1644L-077

Елдің ірі мұнай кеніштері – Атыраудың аумағында. Өткен жылы Теңіз кен орнынан – 28,7 млн., Қашағаннан 13 млн. тоннадан астам «қара алтын» өндірілді. Дегенмен, олардың қоры біртіндеп кеми беретіндігі белгілі болып отыр. Мұндай жағдайда мұнай-газ саласының келешегін болжай аламыз ба? Стратегиялық «Евразия» жобасы туралы сараптаманы осы сауалдан бастағанды жөн көрдік. Оның үстіне, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов айтқан жаңалық бар. Компания тобының құрамы өзгеріп, оған әлемге әйгілі «Шелл» компаниясы кірді. Жобаға қатысты келіссөздер биыл аяқталады деп жоспарлануда.

Болашаққа жасалған болжам

Келешекте әлемде қуат күшін пайдалану екі есеге өсіп, мұнайға сұраныс тәулігіне 110 миллион баррельге дейін ұлғаяды деген болжам бар. Ал, өткен жылы елімізде 86,2 млн. тонна «қара алтын» өндірілді. Биыл оның көлемін 110 миллионға жеткізу жоспарлануда. Дегенмен, сарапшылар кен орындардың өнімділігі біртіндеп кеми беретінін айтады. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кеніштерінде шикізат өндіру 2030 жылға дейін 110-115 млн. тоннаға дейін артқанымен, содан кейінгі кезеңде көлемі азая түседі. Болашаққа жасалған болжам бүгін тындырымды әрекет етуді қажет етуде. Яғни, Қазақстанда мұнай өндірудің табиғи құлдырауы тұсында оның орнын жаңа ірі кен орындарымен толықтыру өмірдің талабына айналды.

Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин Каспий маңы ойпаты әлемдегі ең бірегей аймаққа жататынын айтып отыр. Мұнда көмірсутек шикізатының қоры айтарлықтай басым.

Жеңіл алынатын, арзан өндірілетін мұнай, жеңіл дайындалатын ресурстар дәуірі аяқталып келеді. Ендеше, Каспий маңы ойпатында келешекте ашылатын ірі кен орындарының біршама тереңде жатқанын ескеру керек. Бұл бағытта бірқатар мемлекеттердің, мәселен, тереңдігі 9 мың метрден асатын кен орындары бойынша Мексика бұғазы елдерінің тәжірибелері баршылық. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай тереңдікте Каспий маңында ірі кен орындарының ашылу ықтималдығы арта түседі. Сондықтан, республиканың ресурстық базасын қолдауға маңыз берілуі қажет, – деді Ұзақбай Қарабалин.

Қашағаннан өзге кеніш көп

Жуырда Астанада геологиялық барлау бойынша екінші халықаралық форум өтті. Оның барысында «Евразия» жобасы туралы кеңірек айтылды. Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықовтың баяндауынша, бүгінде құрлықта шамамен 200 кен орны игерілуде. Соның 40-қа жуығы Атырау облысының аумағында ашылған. Ал, теңіз айдынында Қашағаннан ғана шикізат алынып отыр. Анығында, бұл жерден өзге кен орындары да ашылған еді.

Теңіз кенішін игеру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазір мұнда үшінші буын зауытының құрылысы жүріп жатыр. Теңіздің әлеуеті орасан, көлемі де үлкен. Қашағанда да мол қазына жатыр. Айтайын дегенім, мұндай аса ірі жобаларға қаржы бірден салынбайды. Оның қайтарымы 30-40 жылдан кейін болатындықтан, инвесторлар жұмысын жоспарлы түрде біртіндеп жүргізеді, – деді Балтабек Қуандықов.

«Евразия» жобасы – Каспий маңы ойпатының қаншалықты перспективалы екенін бағалайтын параметрлік ұңғыма. Біз ойпаттың орталық бөлігінің мұнайтудырушы мүмкіндік-терін көргіміз келеді» деген Балтабек Қуандықовтың ай- туынша, барлық кен орындары осы ойпаттың шетінде орналасқан. Бірақ, мұнай ортаға жиналады деген болжам бар.

«Еуразия» құны – 500 млн. $

«Евразия» Атыраудағы шекаралас аймақтардың ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Ресей Президенттеріне таныстырылған болатын. Құны шамамен 500 млн. долларды құрайтын жоба энергетика саласына озық технология, инновациялық жаңашылдықты енгізуді көздейді. Тұтастай Каспий маңы ойпатындағы негізгі көмірсутектің ресурстық қорларын барлап, зерттеуді мақсат етеді. Ғалымдардың пікірінше, өте тереңдіктегі (15 шақырымға дейінгі) көмірсутегі қорын өндіру арқылы еліміздің осы саладағы әлеуетін екі есеге дейін арттыруға болады. Каспий маңы ойпатында 300 млн. тоннадан астам мұнай қоры бар жиырмаға жуық ірі кен орны табылуы мүмкін.

Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов аталған жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Былтырғы жылдың маусымында Үкімет басшысының қатысуымен Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Яғни, Энергетика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігінің геология, жер қойнауын пайдалану комитеті «Евразия» халықаралық жобасының әлеуетті қатысушылары мүдделі компаниялар тобымен мәмілеге келді. Оның құрамында «Қазмұнайгаз»-дың еншілесі – «ҚМГ-Евразия», Италияның Agip Caspian Sea B.V., «Роснефть»-нің құрамына кіретін – «РН-Эксплорейшн», қытайлық CNPC International Ltd., әзербайжандық SOCAR және америкалық NEOS Geosolutions бар. Кейін «Роснефть» мен NEOS Geosolutions келіссөздерден шығып, оның орнына Нидерландының «Шелл» компаниясы келді.

Бүгінде жер қойнауы туралы жаңа Кодекстің енгізілуіне байланысты жұмыстар қолға алынды. Заңгерлер жаңа заңның жобаға әсерін сараптауда. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оған қатысты барлық шаруаны отандық компаниялар жүзеге асыруда. Біз жыл соңына дейін қорытынды шешімге келеміз деп үміттенеміз, – деді Балтабек Қуандықов.

«Евразия» – тез қайтарымы бола қоймайтын жоба. Оған қоса шикізат нарығындағы өзгерістер, ірі компаниялардың шығындарды қысқартуы, геологиялық барлау қызметіндегі қаржы тапшылығы қолға алған іске кедергі келтірді. Соған қарамастан  еліміздің мұнай саласының басшылары Каспий маңы ойпатының болашағы зор деп сеніп отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз