Қазынаға – қаржы, кәсіпкерге – көмек
«Халыққа қолжетімді бағамен өнім ұсынайын десем, табысым салықтан артылмайтын болды» дейді жуырда жолыққан бір кәсіпкер. Шығындарын есептеп қарап едік, шынымен шашетектен екен. Жалдамалы ғимарат, коммуналдық қызмет ақылары мен жұмысшылардың еңбекақысын айтпағанның өзінде, басқа да төлемақылардың түрі көп. Сондықтан, көп кәсіпкер табысын жасырып, көлеңкелі бизнес жүргізуге мәжбүр. Әйтпесе, онсыз да қымбатшылық алқымнан алғанда тауарын өткізе алмай құрдымға кетер ме еді? Осыған байланысты, елімізде биылдан бастап бөлшек салықтың арнайы режимі енгізілген болатын. Яғни, жергілікті мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығы берілген. Бұл бизнес иелеріне үлкен көмек болатыны сөзсіз.
Иә, салық мөлшерінің төмендеуі жұртшылыққа да оң әсер етуі мүмкін. Өйткені, кәсіпкердің өнімін тұтынып, тауарын сатып алатын – қарапайым халық. Демек, кәсібін адал жүргізіп отырған бизнес иесі бағаға басқаша қарауы әбден мүмкін. Облыстық мәслихат депутаттары бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отыр.
– Бұл біріншіден, шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Сол арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне оң септігін тигізеді. Екіншіден, қазір көпшілік байқап жүргеніндей, шағын дүкендер мен кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға сауда жасағысы келеді. Ол да табысын жасырудың бір түрі. Пайызды төмендету арқылы осы бизнестің басым бөлігін көлеңкеден шығара аламыз. Үшіншіден, бизнесін адал жүргізіп отырғандарға қолдау болып, кәсіптің ашық және өркениетті жұмысы қалыптасады,-дейді аграрлық мәселелер, жер пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Айбар Ерекешов.
Десек те, бұл жерде мәселенің екінші жағы туындайды. Егер салық ставкасы 50 пайызға төмендесе, салық бойынша бюджет түсімдері 50 пайызға қысқаруы мүмкін. Облыстық мәслихат депутаттары бұл түсімнің кәсіпкерлердің жасырмай көрсететін шынайы табысынан да өтелетінін атап өтті.
«Біз көбіне шетелдік инновацияларды қарастырамыз. Мысалы, Дубайдың экономикасы қалай күрт көтерілді? Әрине, оған шағын және орта бизнестің арқасында қол жеткізді. Атырау облысы пайдалы қазбаға бай өлке болғандықтан, біз басқа облыстар мен көршілес мемлекеттерден инвестор ретінде тартуға, жаңа жұмыс орнын ашып, әлеуметтік жағдайымызды түзеуге, бизнес иелеріне ашық форматта жұмыс істеуге жағдай туғызу үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуіміз керек. Әрине, аудандар да жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жұмыс істеген кезде бюджетке салмақ салмайтындай жолын қарастыру қажет. Біз осы мәселеге байланысты шұғыл арада шешім қабылдағанымыз жөн. Әйтпесе, келесі жылға қалып қоюы әбден мүмкін» дейді А.Ерекешов.
Қалалық мәслихат депутаты Қаршыға Жауымбаев атыраулық кәсіпкерлер үшін бөлшек салық мөлшерлемесін мүлдем алып тастауды ұсынады. «Бұл жеңілдік кәсіпкерлерге ашық сауда жасауға мүмкіндік береді. Меніңше, салық көлемін 2 пайызға түсіруден бюджетке айтарлықтай түсім азаймайды» дейді ол.
Махамбет аудандық мәслихатының төрағасы Қайыржан Мәжиев осы мәселемен маусым айынан бері айналысып келе жатқанын айтады. Бастапқыда бұл көрсеткіш 3 пайызға төмендетіледі деп ұсынылыпты. Қазір махамбеттік кәсіпкерлердің бөлшек саудадағы үлесі айтарлықтай көп болмағанымен, салық мөлшерін 2 пайызға түсіру ауыл бизнесіне үлкен көмек болатыны айдан анық.
Айбөпе САБЫРОВА