Ауылдағыларға – арзан несие

1538328719617938 Экономика

Биылдан бастап өңірлерде «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске аса бастады. Атырау облысында құзырлы органдар арасында несиелік шарттар рәсімі аяқталып, тиісті құжаттарға қол қойылды. Шартқа сәйкес, ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 1 млрд. 504 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылды көркейту, елді мекендердегі ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған. Республикада ең алғаш 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде басталған. Бүгінде оның шеңберін кеңейту мақсатында биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде бастау алып жатыр.

– Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие шарттарының мерзімі 5 жылға дейін берілсе, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жыл. Номиналды сыйақы мөлшері жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Бұл дегеніміз – ауылдардағы кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған үлкен мүмкіндік. Ол ауылдағы отбасылық кәсіпті дамытып, жанұя мүшелерін жұмыспен қамтуға зор ықпал жасайды. Қазір бағдарламаға құжаттар қабылдау «Атамекен» қаржы мекемесі арқылы жүргізіліп жатыр, – деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов.

Белгіленген заңдылықтарға сәйкес, несие жасы 18-ден зейнет жасына дейінгі адамдарға беріледі. Біздің облыста тиісті қаражат бөлінді, бағдарламаның негізгі үйлестірушісі  болып облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекітілген.

– Несие беру ауыл халқының табысын арттыру мақсатында  екі бағытта жүргізіледі. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілетін несиенің ауқымы кең. Алатын қаржысы да қомақты – 27 миллион теңгеге дейін. Екіншісі – қосалқы шаруашылықты дамыту мақсатында, яғни, жеке кәсіпкерлер мен шаруашылық субъектілері 8,5 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Қазір мұның барлығының ережесі жасақталып, сенім білдірілген мекемеге берілді. Азаматтар тарапынан өтінімдер де түсуде. Сенім білдірілген агент арқылы несие алушыға несиені жолдайтын орган – «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы. Сенімді өкіл болып табылатын аталған мекеме мақұлданған өтініштер бойынша несиені беруге жұмыстанып жатыр, – деді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин.

Ал, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азамат Айтпаевтың айтуынша, бағдарлама аясында өңірдегі жұмыстарды жүргізуге қазір 1 млрд. 504 млн. теңге қаржы бөлінді. Соған сәйкес,  ішкі құжаттарды бекіту рәсімдері анықталды. Қазір тілек білдірушілерден өтінім қабылдау басталды. Бүгінде 34 адамнан өтінім түсіп, оның 10-ы мақұлданған.

Жаңа жобаны жүргізу барысында тұрғындардан түрлі сауалдар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін республикада бақылау органы ретінде Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құрылды. Бұл кеңсе алдағы уақытта өңірлерде де іске қосылады. Оның құрамына құзырлы орган өкілдері мен жергілікті депутаттар енгізіліп, олар туындаған сұрақтар бойынша проблемаларды талқылап, оны шешу мақсатында жұмыс жасайды.

Бұл несие тек агроөнеркәсіптік кешені саласы үшін берілмейді. Ауыл халқының табысын арттыруда елді мекенде қандай бағыттағы жұмыс көзінің қажеттілігі бар, сол салада жаңа кәсіп ашуға әбден болады. Мәселен, ауыл жолаушылар тасымалын қажет етуі мүмкін немесе басқа да ең маңызды кәсіпті бастауға жол ашады. Ең бастысы, бизнес жоспарда түпкілікті нәтижесі болатын кәсіп түрлері ғана қамтылуы керек.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз