Жарнама
ЭкономикаСарапTime

Қазына қаржысы – қатаң бақылауда

ОРТАҚ ҚАЗЫНАДАҒЫ ҚАРЖЫНЫ КӨБЕЙТУ ЖОЛДАРЫ, БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕТІН САЛЫҚ ЖӘНЕ САЛЫҚ САЛЫНАТЫН БАЗАЛАРДЫ КЕҢЕЙТУ, БИЫЛҒЫ БЮДЖЕТКЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР. АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ БЮДЖЕТ, ҚАРЖЫ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ МӘЖІЛІСІНДЕ ОСЫ ТАҚЫРЫПТАР ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Көрсеткіш – 110 пайыз

Мəжілісте алдымен Мемлекеттік кірістер департаментінің 2021 жылға бюджетке салықтық түсімдердің орындалуы жəне 2022 жылға салық салынатын базаларды кеңейту мəселелері бойынша баяндама тыңдалды. Департаменттің негізгі міндеті мемлекеттік бюджетті толықтыру болғандықтан, түсімдерді ұлғайту мақсатында атқарылып жатқан негізгі бағыттарға тоқталған Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрпейіс Ақпаев жергілікті бюджетке 2021 жылы 408,2 миллиард теңге түскенін айтты. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 37,1 млрд. теңгеге артық, өсім – 110%. Жалпы, жергілікті бюджет түсімдерінде негізгі үлес салмағының басым бөлігі – жалақы қорынан алынатын салықтар. Ол – 57%. Бұдан соң меншікке салынатын салықтар, акциз, корпоративтік табыс салығы, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы, басқа да салықтар. Əкімшілендіру жұмыстарының нəтижесінде былтыр мемлекеттік бюджеттің жоспары 101,6%, жергілікті бюджеттің жоспары 102,2% орындалған. Баяндамашының айтуынша, биыл жыл басында жеке тұлғалардың жер, мүлік жəне көлік салықтары бойынша қарызы 266 миллион теңге болған. Осыған байланысты 87463 хабарлама шығарылып, 252 млн. теңге сомасындағы салық берешегі бойынша 9075 бұйрық жеке сот орындаушыларына жолданған. Сонымен қатар, көлік құралдары салығынан берешектерді өндіру мақсатында полиция департаментінің қызметкерлері, жеке сот орындаушылар жəне салық органы қызметкерлерімен бірлескен рейдтер жүргізілуде. Түсімдерді ұлғайту мақсатында биыл да біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Соның дəлелі – қаңтар-наурыз аралығында мемлекеттік бюджет 106,7%-ға орындалып, 34,1 млрд. теңге артық түсім түскен.

Бюджетке түсім бар, бірақ…

Жыл аяғына дейін жергілікті бюджеттің түсіміне əсер ететін бірнеше фактор бар екенін айтқан Нұрпейіс Ақпаев бұл тақырыпты да атап өтті. Кіші жəне шағын бизнес субъектілерінің үш жылға, яғни, 2023 жылға дейін салық төлеуден босатылуы салдарынан 3 млрд. теңге жоғалтамыз. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы мөлшерін 42500 теңгеден 60000 теңгеге көтеру ұсынысына орай, еңбекақыдан ұстайтын салық көлемінен бюджетке түсетін салықтың табыс мөлшері азаяды.

– Үшіншіден, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы бойынша ірі салық төлеуші «ТШО» ЖШС-нен бұрғылау бағдарламасына сəйкес, жоспар бойынша жаңадан іске қосылатын ұңғыларда ілеспе газдың көлемі азаюына байланысты төлем І тоқсанда 2 млрд. теңгеге кем түсті. Жыл аяғына дейін 10,3 млрд. теңге кем түсуі күтіледі, — деді департамент басшысының орынбасары.

Маңызды проблеманың тағы бірі – «Болашақ кеңейту жобасы» құрылысының аяқталуына байланысты биыл 39,5 мың адамның жұмыстан босауы. Оның 37,1 мыңы – қазақстандық азаматтар.

– ТШО-ның нақтыланған мəліметі бойынша алғашқы үш айда 2357 адамның, екінші тоқсанда 9382, үшінші тоқсанда 12296 жəне соңғы үш айда 13091 адам босатылады, — дейді баяндамашы.

Демек, бұлардың есебінен жеке табыс салығы мен əлеуметтік салық та кеми түседі. Қазынаға салықтың аз түсуіне мыңдаған атыраулықты жұмыспен қамтып отырған компаниялардың өзге өңірлерде тіркеуде тұрғаны да себеп. Яғни, Атырау жерінде жұмыс жасап, қыруар пайда тауып отырған ірілі-ұсақты компаниялар салықты өзге облысқа төлейді. Кəсіпкерлік субъектісі ретінде облыста тіркелсе де, салықтан жалтарып жүргендер азаяр емес. Олардың ішінде сауда үйлері де бар. Мысалы, қаладағы 26 сауда үйі 1,2 миллиард теңге мүлік салығын төлеуі тиіс. Бірақ, олардың қазынаға құйған қаражаты 300 миллион теңгеге де жетпейді. Қонақ үйлер де солай. Тағы да біраз проблеманы айтқан құзырлы мекеме өкілі жергілікті бюджеттің түсімін толықтыру мақсатында қосымша резервтерді іздеу жоспарланғанын атап көрсетті.

Атырау – республикалық донор

Мəжілісте Тексеру комиссиясының төрағасы Равиль Төлебаевтың да баяндамасы тыңдалды. Былтыр 113 мемлекеттік аудит нысанына 7 аудиторлық тексеру жасалған. Анықталған кемшіліктер қатарында қаржылық заң бұзушылықтар, бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы, тиімсіз жоспарлану жəне ресімдеудегі келеңсіздіктер бар. Талдау көрсеткендей, аудиторлық тексерулерде анықталған заң бұзушылықтардың дені бюджет, еңбек, салық жəне жер кодекстерінің, бухгалтерлік есептілікті жүргізу нормалары жəне мемлекеттік сатып алу туралы заң нормаларының сақталмауынан болған. Ал, аудиторлық тексерулердің нəтижелері бойынша 138 лауазым иесі тəртіптік жауапкершілікке тартылған. Уəкілетті органдарға шара алу үшін жолданған аудит материалдары негізінде 256 əкімшілік іс қозғалып, 120 жеке жəне заңды тұлғаға жалпы сомасы 16 343,3 мың теңге əкімшілік айыппұл салыныпты. Ал, құқық қорғау органдарына жолданған аудит материалдары бойын[1]ша 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тексеру комиссиясының құзырындағы тағы бір тетік – бюджеттің атқарылуын тұрақты бағалау. Облыста қаржылық тəртіпті нығайту, берілген ұсыныстардың орындалуына ден қою шараларын арттыру үшін қоғам белсенділерін тарту тəжірибеге енгізілгенін айтқан Равиль Қуанышбайұлы жүйелі анықталатын олқылықтарды болдырмау мақсатында бюджеттік өтінімдерді электронды қалыптастыру, есеп айырысу, бухгалтерлік есептерді тапсыру мəселелері бойынша семинар өткізілетінін де айтты. Комиссия төрағасы айтқан тағы бір өзекті мəселе – соңғы төрт жылда Атырау облысы бойынша бюджеттік алып қоюлар көлемі 98,1 млрд. теңгеден 214,0 млрд. теңгеге дейін өскен. Ол мұнымен тоқтап қалған жоқ, жыл сайын көрсеткіш артып отыр. 2018 жылы республикалық бюджетке облыстағы кірістің 32%, 2019 жылы – 28%, 2020 жылы – 43%, 2021 жылы 42%-ы алынған.

– Осылайша, Атырау облысы республика бойынша жалпы бюджеттен алып қоюлары ең жоғары үлесіне ие. Бұл өңірдің əлеуметтік мəселелерін шешуге бағытталған шараларды іске асыруға кедергі болып отыр, — деді Р.Төлебаев. Тексеру комиссиясының төрағасы сөз соңында тиімді нəтижеге жету жолындағы бірнеше ұсынысын айтты. Əсіресе, жыл сайынғы жергілікті бюджеттен республикалық бюджетке алып қоюларды тұрақтандырып, облыстың əлеуметтік мəселелерін шешуге бағытталған трансферттерді тарту үшін негіздемесі бар жобаларды пысықтап алып, аймаққа қаражат тарту позициясын нығайту қажеттігі нақтыланды. Сондай-ақ, Атырау облысының тұрақты əлеуметтік-экономикалық өсуін қамтамасыз ету негізінде жыл сайынғы бюджеттік аударымдарды белгілеу мəселесін пысықтау үшін Үкіметке ұсыныс енгізу, бюджет қаражатының сапалы игерілуіне үнемі мониторинг жүргізіп, талдау қорытындысын тоқсан сайын Тексеру комиссиясына ұсыну туралы айтылды.

Бұған қоса, комиссия отырысында облыстық қаржы басқармасының басшысы Азамат Сəлімбаевтың баяндамасы тыңдалды. Мəжілісте жүгенсіз жүргізушілер, яғни, бағаны өзі қоятын таксилер туралы да мəселе көтерілді. Демалыс, мереке күндері «жол нашар» деген желеумен облыс орталығынан Құрманғазы ауданына қатынайтын көлік иелерінің он мың теңге сұрауы шектен шыққандық екені айтылды. Мұндайды арнайы мобильді топтар арқылы тексеріп, бақылауға алу қажет. Комиссия мүшелері қазына қаржысына тікелей жауапты шенеуніктерге бюджетке түсуі тиіс салықты көбейту үшін жұмысты күшейтуді, ел игілігіне бөлінген миллиардтардың мақсатты жұмсалуы керектігін айтты.

Жиынды облыстық мәслихаттың қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Зәмзагүл Қарсақова қорытындылады.

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button