ҚАРЖЫ БАР, ҚАРАКЕТ КЕРЕК

немесе шағын және орта бизнес қайтсе өркен жаяды?

Құлсарыдағы «Мұнайшылар» клубында селолық округтер әкімдері, облыстық қаржы мекемелері, екінші деңгейдегі банктер, «Жылыой ауданы кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігі, шағын несиелеу және селолық ақпараттық кеңес беретін орталықтар, дербес бөлімдер, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері және кәсіпкерлікке ынтасы бар тұлғалардың қатысуымен өткен семинар-кеңес «Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы» мәселе қарап, атыраулықтардың, қала берді, жылыойлықтардың бизнес жүргізуіне қажетті жағдайды әрі қарай жақсарта түсу мақсатында алынып жатқан шараларды әр қырынан, жан-жақты пысықтауға арналды.

Семинарды кіріспе сөзбен ашып, жүргізген Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жәрдем Ахметов: – «Баршаңызға белгілі, 2014 жылы 27 ақпанда Елбасымыз Н.Назарбаев еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланды. Мемлекет басшысы Үкіметке бірнеше бағыттан тұратын тапсырмалар берді. Ұлттық қордан шағын және орта бизнеске 1 трлн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға облыстық бюджеттен 150,0 млн. теңге қаралды.

Жылыойда бүгінде 6645 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, оның 5903-і белсенді субъектілер. Жергілікті бюджетке 482,0 млн. теңге салық түсіріп отыр» деп, өнеркәсіпті өңірде тұрақты жалғасын тауып келе жатқан осынау игі бастамаға ізденісті қадам тіледі.

субсидиялау және кепілдендіру

Семинар-кеңесте алғашқы болып сөз алған облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жұмысшы тобы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың мән-маңызын, тетіктерін түсіндіру мақсатында жұмыс жасап жатқанын қаперге берді.

– Елбасы тапсырмалары бірнеше бағытта іске асу үстінде, яғни бизнесті қолдау көздері бар. Айтар болсақ, алдымен жаңадан алған несиелердің бір бөлігін субсидиялау. Екінші, кепілдендіру, яки кәсіпкер даму құрылымдарынан несие алған жағдайда. Үшінші, үш жылға қаржыландыруға жол ашылған. Төртінші, инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі. Мұның сыртында қаржылай емес қолдау сипаты тағы бар.

Жалпы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Үкіметтен 1 млрд. 305 млн. теңге қарастырылған. Сервистік құрылымда 50 пайыздан астамы жүзеге асу үстінде. Субсидиялау мен кепілдендіруде кәсіпкерлерден түскен жобалар қарастырылады. Облыс әкімінің ықпалымен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікке 150 млн. теңге қаралды. Бұл ретте міндетті түрде кепілдеме болу керек.

 Елбасының тапсырмасымен ел экономикасын дамытуға 1 трлн. теңге бөлінгені көптің есінде болар. Оның едәуір бөлігі шағын және орта кәсіпкерлікті ілгері бастыруға бағытталған.

Құлсары моноқалалар қатарында болған соң өзіндік артықшылықтары бар. Айталық, бағдарламаны жүзеге асыруда субсидия бойынша 14 пайызбен несие алса, оның 10 пайызын үкімет өтейді.

«Жұмыспен қамту – 2020»:

іс және нәтиже

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Қалыш Садықова «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асу барысын сөз етті.

– Бұл шаруа Жылыойда жақсы жолға қойылған. Басты мақсат – халықты тиімді әрі нәтижелі жұмыспен қамту. Бағдарлама үш бағытпен, яғни жұмыс орындарын ашу, ауылдық жерлерде микрокредит беру арқылы мақсатты қызмет өрісін кеңейту және адамдарды жұмыспен қамту үрдісімен жүзеге асу үстінде. Материалдық көмек бере отырып, кәсіпкерлер тегін оқытылуда. Мысалы, Жылыойдан 25 адам оқыды. Мақсатты шаруамен айналысам десең, микрокредит 3 млн. теңге көлемінде беріледі, оны басқадай бағыттарға, мысалы тұрғын үй салуға жұмсауға болмайды. Қаржы инженерлік-коммуникациялық саланы дамытуға, шалғайдағы малшыларға қажетті құрал-жабдықтар алуға (мыс. блок-модель) бөлінеді.

Қалыш Төлегенқызы соңғы өзгерістер ретінде мынаны айтты: Кәсіпкер бірінші рет несие алғанда шектік мөлшері – 3 млн. теңге, екінші рет яғни өз ісін кеңейту мақсатында 5 млн. теңгеге дейін алуға құқығы бар. Биыл Жылыой бойынша 25 адамға 34 млн. 500 мың теңге бөлінді. Десек те, бұл қаржыны моноқала кәсіпкерлері үшін жеткілікті дей алмаймыз.

Бизнестік оқу – береке бастауы

– Облыс бойынша «Старт» бизнес-кеңеске 300 адам оқу үстінде. Бизнесті жүргізу, сервисті қолдау тегін үйретіледі. Астанада Назарбаев университеті жанында топ-менеджмент үш күндік оқу да бар, тегін. Іскерлік байланысқа өріс ашады. Одан әрі Германия, АҚШ-та оқуды жалғастыруға да мүмкіндік туып отыр, – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының бас менеджері Роза Байсалихова.

Ол, сонымен қатар, «Сбербанк», «Центркредит» және «Халық банкі» арқылы жеңілдікпен несие алу жолдарын айта отырып, жас мамандарды бизнестік оқуға қабылдануға шақырды.

Несие серіктестігінде несібе бар

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Назгүл Ешмаханованың айтуынша, Қазақстанда 166 несие серіктестігі бар, ал Атырау бойынша алты ауданда бұл құрылым іс үстінде. 2001 жылы құрылған корпорацияның негізгі мақсаты – жеңілдікпен несие беру. Ол несие серіктестіктері арқылы жүзеге асады. Барлық несие екі жыл жеңілдікпен беріледі, ісің оңынан туса, әрі қарай 9 пайызбен тоғыз жылға дейін қарекет қыла аласың. Шаруа қожалықтары ірі қара, ұсақ мал болсын, бақша, егін, жылыжай болсын несие алуға құқылы. Сол арқылы шұжық цехын, наубайхана ашуға да болады. Кепілдікпен техника да ала аласың (50 пайызбен). Сиырға, бұқаға субсидия берілетінін шаруа, малсақ жандардың қаперіне беріп қояйық. Ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес те бар. Мысалы, мейманхана, қонақ үй, асхана, т.б. салу.

Түйіп айтқанда, корпорацияның жеңілдігі – тиімді әрі қолжетімді.

Инвест жобалар – игі мақсатқа

«ҚазАгроҚаржы» АҚ инвестициялық жобаларды 2009 жылдан бастап қаржыландырып келеді. Бүгінде 14 инвестициялық жобалы бағыттары бар. Олар – тауарлы сүт фермасы, жылыжайлар, тамшылатып суару жүйесі, құс фабрикасы, көкөніс қоймалары, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, жемшөп өндірісін дамыту, асыл тұқымды шаруашылықтар желісін құру, мал бордақылау алаңдарын жасақтау, мал сою пункті, ет комбинаттары, т.б. Инвест жобалар ұлттық қор арқылы жылдық 6,0 пайыздық ставкамен қаржыландырылады. Жеңілдікті кезеңі үш жылға, лизинг мерзімі 12 жылға дейін. Осыны айтқан «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша өкілдігінің бас маманы Алтыншаш Қондыбаева құрылымның негізгі бағыты техника және технологиялық құралдарды, ауылшаруашылық тауарларын өндіріс кешеніне лизинг арқылы ұсыну, негізгі бағыты несиелендіру, қаржылық қызмет көрсету және тағы басқа агроөнеркәсіп кешенді субъектілеріне қызмет көрсету деп түсіндірді. Оның айтуынша, бюджеттен тыс көздер есебінен қаржыландыруға ауылшаруашылығы техникасы және арнаулы техника, технологиялық құралдар, мелиоративтік техника, ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдауға арналған көлік құралдары жатады екен. Ауыл шаруашылығының тауар өндірушілеріне белсенді түрде көмек көрсету үшін, сондай-ақ, еліміздің табиғи ресурстарын сақтау мақсатында, қоғам электр қуатын өндіріп шығаруға арналған жел қондырғыларын (электр генераторларын) қаржыландыра бастады.

1450 тұрғынға – 7 пайыздық шағын несие

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы АҚ басқармасының заң департаменті директоры Алтай Ермұханов «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты аясында 2011-2013 жылдар аралығында барлығы 2 425 300 000 теңгеге микроқаржы ұйымдарын іріктеу бойынша конкурс өткізілгенін, сол арқылы 64 несие серіктестігі жеңімпаз атанғанын мәлімдеді. Өткен жылдан бері бұл бағдарлама арқылы 1450 тұрғын 7 пайыздық мөлшерден аспайтын шағын несие алуға қол жеткізіпті. Мысалы, 2013 жылы бұл ықшамдалған несиелендіруде Атырау қаласы бойынша 68 адам 180 млн. теңге, ал Жылыой ауданы бойынша 11 адам 27 млн. теңге игерген. Жылдық сыйақы мөлшері атыраулықтардікі – 5,64 пайыз, ал жылыойлықтардікі – 6,64 пайыз. «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында өткен жылы «Мирас-Н», «Сымбат», «Алтын қыран», «КаспийСтройМатериалы», «Айдос-Б» және «Мыса» несие серіктестіктері бойынша барлығы 45 адам 126 млн. теңге игерген екен.

Инновацияны игер де, иіріміне  бойла!

– «Атырау инновация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басты мақсаты – халықтың инновациялық белсенділігін нығайту, шетелдік компаниялардан инвестиция тарту және оларды отандық инвесторлармен ықпалдастыру – дейді осы мекеменің маманы Алина Рахматуллина. – Осы сала бойынша өткен форумда 19 млрд. теңгеге қол қойылғаны мәлім болды. Сөз жоқ, шетелдік инвесторлармен жұмыс істегісі келетін білімді, білікті жастар аз емес, оларға айтарымыз, біздің серіктестікке келсін, тығырықтан шығуға қол ұшын береміз, көмектесеміз. Яғни, ақпараттық-сараптамалық тұрғыда жәрдем беруге әрдайым әзірміз. Қажетті құжаттар жинақтауға, жасақтауға көмектесеміз. 

Біліп қойыңыз, инновация дегеніміздің өзі – жаңалық енгізу, жаңарту деген мағына береді. Демек, тыңнан түрен салатын іске кірісу үшін тәуекелің де болу керек. Айталық, кәсіпорын аштың ба, өнім көлемін ұлғайтып, сапасын арттыруға қол жеткізсең, ол – инновация. Осыған байланысты маманды шет елге тәжірибе жинақтауға жіберсеңіз, оның 40 пайыз қаржысын өтеуге үкімет көмек береді. Егер жоғары сапалы, жаңғыртылған технология алмақ болсаңыз, 150 млн. теңгеге дейін грант бар.
ТҮЙІН
Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту – «Қазақстан-2050» стратегиясының ең басты міндеттерінің бірі. Сол себепті де мемлекет кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағдайды ұдайы жақсартып отыруға баса мән беру үстінде. Бұл – Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадамы. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша атыраулықтардың әл-ауқатының артуына серпін беретіні кәміл.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз