Қазына қаражаты игерілуімен құнды
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, онда Құрманғазы аудандық құрылыс және Махамбет аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде түрлі мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде “Ауыл – ел бесігі” жобасын жүзеге асыруға бағытталған бюджет қаражатының игерілуі мен жоспарланған жұмыстардың орындалу барысына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары тыңдалды.
Баяндамада аталып өткеніндей, осы мақсатқа бөлінген қазына қаражатын жоспарлауда көптеген кемшіліктерге жол берілген. Нақтылай кетсек, жасалмаған жұмыстарға негізсіз немесе алдын ала қаржы аудару деректері орын алған. Мәселен, Құрманғазы ауданының Котяевка ауылында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысына қатысты осындай кемшіліктер анықталды. Сонымен қатар, осы өңірдің басқа да елді мекендерінде құрылысы жоспарланған бірқатар әлеуметтік нысандар бойынша да осыған ұқсас кемшіліктерге жол берілгені белгілі болды.
Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселе ретінде қаралған Махамбет ауданында да әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар құрылыстарын қаржыландыруға жұмсалған қаржының игерілуінде олқылықтар орын алғаны мәлімделді. Тексеру комиссиясынан бөлінген жауапты тұлғалардың тарапынан берілген жазбаша ескертпелер мен кемшіліктерді түзету жөнінде жолданған нұсқаулықтарға қарамастан, бұл тапсырма белгіленген мерзімде орындалмаған. Сондықтан қалыптасқан жағдайды қалпына келтіріп, себептерін анықтауға қосымша уақыт берілді.
Жалпы, Махамбет ауданында бекітілген жеті жобаны іске асыруға қаржыландыру көздерінен барлығы 2,6 млрд. теңге қаржы бағытталған. Комиссия отырысында жалпы сомасы 6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының игерілуіне жүргізілген тексеріс кезінде қаржының төленуінде нормативтік кестеден жиі кешіктіру деректері ашық айтылды.
Дәулетқали АРУЕВ