
«Қазақстанның үздік тауары»: атыраулық 80-нен астам кәсіпкер өз өнімдерін таныстырды
Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының Атырау облысындағы кезеңі өтті. Іс-шараға 80-нен астам кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін көрмеге қойып, қала тұрғындары мен қонақтарына таныстырды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Көрменің ашылу салтанатына олыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, облыстық кәсіпкерлік басқармасы өкілдері және өзге де құрметті қонақтар қатысты. Олар қатысушылардың өнімдерімен танысып, тауарлардың сапасына жоғары баға берді.
«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үздіктерді үш номинация бойынша анықтады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «КасХим» ЖШС, «Centech» ЖШС және «Edyge» компаниясы жеңімпаз атанды. Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «Назар» ЖК, «Бекарыс» ЖК және «Нұрриза» ЖК жеңіске жетсе, «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша «Абылай-хан» ЖШС, «Раяна» ЖК (сауда белгісі – «Perizat tattileri») және «Асыл-Ана» ЖШС үздік атанды.
Көрме аясында ауыл кәсіпкерлерінің өнімдерін кеңінен танытуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы да ұйымдастырылды. Оған 30-дан астам кәсіпкер қатысып, ет, сүт өнімдері, қолөнер бұйымдары мен ағаш т.б. жасалған өнімдерін ұсынды.

Өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, көрмеге қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді.
–Былтыр 47 кәсіпкер ниет білдірген болса, биыл олардың саны 52-ге жетті. Бұл – кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Айта кетейік, байқаудың басты мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнім сапасын арттыруға ынталандыру және жергілікті кәсіпкерлердің бизнесін насихаттау. Жеңімпаздар енді республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.