Ең ауыр жаза керек пе?

Даулы тақырыпқа айналған осы мәселеге қазір түрлі пікірлер айтылып жатыр. Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев террористерді ең қатаң жазаға тартуды міндеттеген болатын. Парламент мінберіндегі депутаттар, тіпті Жоғарғы соттың судьялары да «өлім жазасына жарияланған мораторийді алып тастау керек» деп мәлімдеме жасап отыр.

  Сенатор Серік Ақылбай бұл мәселеде сыртқы бейнеге емес, ағымның идеологиясына көбірек мән беру керек деп есептейді. «Шалбары қысқа адамның барлығын «уахаб, экстремист» деп ұстап алып, отырғыза берсек не болады? Ол – сыртқы бейне. Таза дінді белгілі топтар қарулы күшке айналдырып жіберіп отыр. Мұны да айыра білу керек» дейді ол. Мәжілісмен Камал Бұрханов «өлім жазасын қолданысқа енгізуді қолдаймын» деп қысқа қайырды.

  Атырау облыстық сотының судьясы Сандуғаш Сүлейменова да «өлім жазасына мораторийді алып тастау керек» деген пікірде. «Бұрынғы заңнамада бейбіт уақытта ерекше ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіргендер үшін өлім жазасына кесу көзделген еді. Мораторий жариялануына орай, ең ауыр үкім ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданып жүрміз. Кейіннен адамның қаза болуына ұштасқан террористік, соғыс уақытында жасалған ауыр қылмыстар үшін өлім жазасы ең ауыр үкім ретінде белгіленді. Қай елде болмасын, өлім жазасын қоғамның басым бөлігі қолдайды. Сондықтан, кейбір қылмыс түрлеріне өлім жазасын қалдыру қажет» дейді судья.

Әлеуметтік желідегілер не дейді?

  Осы мәселеге «facebook» парақшасы арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізіп көрген болатынбыз. Бірнеше қолданушы «лайк» басып, пікір білдірген парақшадағы пікірлер де екіге жарылды. Біреулер «керек емес» десе, енді бір қолданушылар «өлім жазасы террористерге де, педофилдерге де керек» дейді.  

ИӘ:

Салтанат ҚАЙЫРҒАЛИҚЫЗЫ:Өлім жазасы керек, әсіресе, педофилдер үшін.

Көкбөрі ҚАЗАҚҰЛЫ: Ашумен көзі қарайып ауыр қылмыс жасағандар, кейін жақсы адам болып кетіп жатады. Меніңше, үш немесе одан да көп рет ауыр қылмысын қайталаған адамдарға ғана өлім жазасы лайық сияқты.

Нағашыбай ЕСМЫРЗА: Әрине керек. Біздің елде өлім жазасы бар, тек оған «адам құқығы» деген желеумен 2003 жылдан бері мораторий жарияланған. Бізде адам құқығы емес, Ұлттың құқығы бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан да, мораторий алынып тасталуы керек.

Алтынбек ОРЫНҒАЛИҰЛЫ: Өлім жазасы керек, бірақ қылмыс дәлелденуі қажет. Тіпті, оны дәлелдеуге бір жыл кетсе де. Абайсызда ма, қасақана ма, қорғану мақсатында ма? Сосын, қылмыс жасаған адамды арзан жұмыс күші ретінде пайдалану керек. Себебі, қылмыс жасайды, тегін тамақ, тегін тұрақ, одан да сол қаржыны жапа шеккен отбасына берсін.

ЖОҚ:

Асылбек ЕЩАНОВ:

Керек емес. Кейде әділдік бола бермейді. Оған жазықсыз жандардың содырлар тізімінен орын тауып жатқаны дәлел бола алады. Нағыз қылмыскер анықталған жағдайда оларды өлтіре салғаннан гөрі итшілік өмірге жегіп қойған дұрыс.  Аслан ҚАНҒОЖИН: Ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кеспей-ақ, жұмыс күші ретінде пайдалануға болмай ма? Баяғыда айдалғандарды жұмысқа салған ғой.

 Қанағат ИБРАЕВ: Керек емес. Алла Тағала өзі жаратты, демек өмірін де өзі алуы керек.

Ислам тұрғысынан Айбек АТАШЕВ, теолог:

 Адамгершіліктен аттамау керек Хадисте: «Кім де-кім әдейілеп адам өлтірсе, оның үкімі қысас (кісі өлтіргенді өлтіру)» (Әбу Дәуіт) деген жолдар бар. Ислам ғұламалары да, егер біреуді біреу әдейілеп өлтірген болса, жанға-жан деген. Ал, қылмыстыны кешіретін болса, құнын өтейді. Десе де, «бір адамды өлтіру – бүкіл адамзатты өлтірумен тең» деген исламдағы қағиданы да ұмытпауымыз керек. Бірақ, Ақтөбедегі лаңкестер өлім жазасына кесілсе, басқаларға сабақ болар еді.

P.S. Ауыр қылмыстыларды өлім жазасына кесу тақырыбына бүгін-ертең нүкте қойылмауы да мүмкін. Өйткені, бұл жерде адам тағдыры, қоғамдық пікір деген мәселе де бар. Қасиетті Оразада ойланып, тәубеге келейік, ағайын!

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз