
Қазақстанда 5 млн. тонна мұнай қайда жоғалды?
Қазақстанда мұнай экспорты көлемінің күрт төмендеуіне қарамастан, мұнай өндіру деңгейі өсіп отырғаны ресми деректерден белгілі болды. Алайда екі көрсеткіш арасындағы сәйкессіздік 5 млн. тонна мұнайдың қайда кеткені белгісіз деген күдік тудырып отыр.
Energy Monitor телеграм арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстаннан 21,3 млн. тонна мұнай экспортталған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12%-ға аз. Бұл – 2008 жылдан бергі еңтөменгі көрсеткіш.
Сонымен қатар елде мұнай өндіру көлемі 9%-ға артып, 32,9 млн. тоннаны құрады (2024 жылғы 4 айда – 30,2 млн. тонна).
–Ресми мәлімет бойынша, 4,7 млн тонна мұнай ішкі нарықтағы мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) жіберілген. Осыны ескерсек: 32,9 млн. т (өндіру) – 4,7 млн т (өңдеу) – 21,3 млн т (экспорт) = 6,9 млн. тонна айырма шығады. Бұл көлемнің 1–2 млн. тоннасы технологиялық шығындар мен газконденсат құрамындағы айырмашылықтарға кетуі мүмкін. Алайда қалған 5 млн. тонна мұнайдың нақты қайдакеткені белгісіз. Сарапшылар бұл жағдайға байланысты мұнай өнімдерінің “сұр экспортқа” кетуі немесе деректерді есептеудегі ашықтықтың болмауыықтимал екенін айтуда, — дейді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ақмарал Жалғасбаева.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың алғашқы үш айында Энергетика министрлігіне қарасты САЦТЭК ұйымы мен Ұлттық статистика бюросының экспорт деректері арасында 4,1 млн. тонна айырмашылық болған.
Сурет: atr.kz