Жарнама
Экономика

Қазақстан жоғары технологиялы тау-кен өндірісіне бет бұрды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының маңызды бағыттарының бірі – алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосу. Бұл — Қазақстанға әлемдік өнеркәсіптік өсу үрдісіне қосылуға, әрі экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін стратегиялық шешім.

Қазақстандағы тау-кен металлургиясының үлесі — экономиканың шамамен 8 пайызы. Алайда басты әлеует — шикізатты терең өңдеуде. Бұл тұрғыда сұранысы артып келе жатқан сирек кездесетін металдар мен арнайы материалдар — литий, никель, кобальт, графит және басқалары — маңызды рөлге ие.

Тәуелсіз сарапшы Тельман Шүриев атап өткендей, жаһандық энергетикалық өтпелі кезең мен декарбонизация үрдістері салдарынан литий, никель, мыс, кобальт, графит, алюминий және сирек кездесетін элементтерге деген сұраныс күрт өседі. Бұл материалдардың қорлары шектеулі болғандықтан, техногендік және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу — болашақтың маңызды трендіне айналмақ.

– Қазақстанның табиғи ресурстары жеткілікті, логистикалық мүмкіндіктері де мол. Сондықтан ел әлемдік тау-кен өндірісі мен сауда желісіндегі өз орнын нығайта алады. Алайда экспорт бағыттарын әртараптандыру, әсіресе Еуропа нарығына шығу — стратегиялық қажеттілік, – дейді сарапшы.

Осы орайда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашып, әлемдік трендке сай өңдеу саласына инвестиция тарту аса маңызды.

Сирек металдарды қайта өңдеу өндірістерін дамыту да – басты басымдықтың бірі. Бұдан бөлек, газ-химия және көмірсутектерді терең өңдеу міндеті де алға қойылып отыр.

– Атырау мен Павлодардағы газ-химия жобаларын шұғыл іске қосу, ілеспе газды тиімді пайдалану үшін мемлекеттік кепілдеме беру және инфрақұрылым мәселесін шешу қажеттігі Президенттің Жолдауында нақты көрсетілді. Бұл міндеттерді іске асыруда инвестициялық қолдаудың жаңа моделі әзірленуі тиіс. Сондай-ақ жоғары технология саласына 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту бағдарламасы қолға алынуы керек. Логистикалық және экспорттық әртараптандыру аясында Еуропа нарығына шығу мүмкіндігін күшейту, жалпы нарықтық тәуелсіздікті қамтамасыз ету — маңызды бағыттардың бірі, – деп нақтылайды Тельман Шүриев.

Тау-кен саласын шикізаттық үлгіден технологиялық өңдеуге көшіру — елдің экономикалық өсімі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты қозғаушы күштердің бірі. Инвестиция тарту мен шетелдік серіктестіктермен жұмыс істеу — саладағы дамудың негізгі факторы. Ғаламдық сұранысты ескере отырып ресурсты тиімді пайдалану, логистикалық желілерді әртараптандыру — Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттар бір арнада тоғысса, Қазақстан тау-кен саласында жаңа технологиялық кезеңнің бастаушысы бола алады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button