
Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелі салынады
Қазақстан мен Қытай арасында жаңа халықаралық теміржол өткелі салынады. Жаңа нысан Бахты – Аягөз бағыты бойынша салынатын болады. Бұл туралы Tengelife.kz хабарлады.
Үшінші теміржол өткелі Семей – Ақтоғай теміржол желісіне қосылады. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталып, 2028 жылы толық іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 577,5 миллиард теңге.
Аталған жоба еліміздің транзиттік және көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Өткізу қабілеті жоғары жаңа бағыт арқылы жүк тасымалдау көлемі ұлғайып, халықаралық сауда байланыстары нығаяды деп күтілуде.
Жобаны жүзеге асыру аясында Бахты – Аягөз теміржолымен қатар заманауи құрғақ порт салу жоспарланған. Бұл мақсатта 10,5 мың гектар жер телімі бөлінді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама Қазақстанның Қытаймен шекаралық логистикасын әртараптандырып, транзиттік табысты еселей түсуге мүмкіндік береді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ