ҚАЖЫМАҒАН ҚАРЖЫГЕР

(Ғаділбек Мырзағалиұлымен сеңгірлі сексені алдындағы сұхбат)
«Әркім өз ісінің шебері». Бұл - өмірден туған ақиқат. Сырттай ойлағанда, қаржыгер деген қызметте тұрған не сыр барын сезе бермейді екенбіз. Тіпті, мұндай жұмыстың мазмұнын, мемлекет алдындағы жауапкершілігін, қиындығын ойға оралтудың өзі де жұмбақ сияқтанатын. «Бақсақ, ол да Байжұманың базары екен» дегендей, бажайлап, пайымдап көрсек, қиындығы да, құпиясы да қым-қуыт көп қырлы қызмет екен.

Жарты ғасыр бойына журналистің жүгін арқаласам да, қаржыгер мамандығының иісі мұрныма келмей-ақ қойғаны, анығы осы салада қызмет жасайтын адамдар жайлы қалам түртпеппін. Енді келіп, кезінде ауданға, облысқа іскерлігі, алғырлығы, біліктілігі кең танылған Ғаділбек қаржыгер жайлы бірдеңе жазбақ болсам, аузыма сөз түсер емес. Баяғыда озат шопан мен мақтаулы механизатор туралы қиналмай-ақ «ниет құбылада» деп көл-көсір очеркті шимайлап-ақ тастар едік. Ал, сонау жылдарда тиын мен тиынды төбелестіріп, алдындағы үстелінің жартысына жанбастап жататын, есепшотының 104 тасына тыным тапқызбай тарсылдатып отыратын «финансистердің» қай қызметін көріп-біліп қанығып едік. «Менің миыма ештеңе кіріп-шығатын емес, бәрін өзің айт, содан соң қағазға түсіретін шаруаны маған қалдыр» деп қоямын баяғы құрдастық есебіндегі өзімсінген көңіл-күймен. Әйтсе де, екеуміз де жетісіп отырғанымыз жоқ. Мен болсам, «сеңгірлі сексеннің айтақыр биігіне өткен жылы шығып алған адаммын. Ғаділбек болса, Алла нәсіп қылса, алдағы шілде айында сексеннің саяхатында серуендемек. Ой-хой, бұлдырап бара жатқан бұрынғы күндер-ай. Ғаділбек екеуміз аудан орталығы – Ганюшкин селосында бірге тұрдық. Ертелеп қызметке бара жатқанда көшеде қарамыз көзге шалынса, аман-саулықтың жоралғысын жасап, үнсіз ғана бір қолды жоғары көтеріп өте шығамыз. Екеуміз де Абай атындағы орта мектептен кәмелеттік аттестатты қолға ұстағанбыз. Шора өзенінің суына шомылып, қыста мұзына коньки тепкен күндеріміз де әлі әнебір жерде тұрған сияқты елестейді. Арасында Каспий теңізіне жылғалап барып, қап толтырып сазан алып қайтатын күндер ше… Сөйтіп, өмір көшін жалғаған қара сирақ ұзын жігіттің тағы біреуі сексенге селкілдемей-ақ секіріп жүріп келіп қапты.
Енді Ғаділбекті беташарға әкелген жас келінше шархатымен тұмшаламай, арғы-бергі өткен күндерін айтып, таныстырып алайын. Оның әкесі Серімбайұлы Мырзағали 1901 жылы Құрманғазы (Теңіз) ауданындағы Байда ауылында туған адам еді. Қысы-жазы су бойынан алыстамайтын кәнігі мұзбалақ балықшы болатын. Анасы Сұлтангерейқызы Қалипа да 1903 жылы осы өңірде өмірге келген. 1929 жылы ауданда ең алғаш құрылған «Колтруд» («Коллективный труд») аталған балықшы колхозына Мырзағалидың отбасы мүшелері болып қабылданып, Қиғаш өзені бойынан балық аулап еңбек етеді. Шаруашылықтар саласы түгелдей колхоздарға топтастырылғаннан кейін, балық кәсіпшілігінің көлемі кеңейтіледі. Енді Каспий теңізінен жекелеп жұмыстанатын будар аулауы дейтін буындар (звенолар) ұйымдастырылады. Желкенмен жүретін шағын кемелер (реюшкілер) жасалады. Аудан орталығы – Ганюшкин селосының шығыс тұмсығында «Рембаза» дейтін бөлігі бар. Мұнда балық аулаудың құралдары мен ыдыстарын жөндейтін арнаулы базаны солай атап кеткен ғой. Тәжірибелі балықшылар осында шоғырланады. Серімбаев Мырзағалидың отбасы да 1932 жылы «Крест» ауылына көшіп келіп, үй салып, тұрақты қоныстанады. Ғаділбек 1934 жылдың шілде айында осында өмірге келеді. Бірден айта кетсек, Мырзағалидың шаңырағында Үмбет, Ораз, Мұқсина, Ғаділбек, Роза, Зоя есімді алты бала өседі. Соғыстың ауыр жылдарында Ғаділбек аудан орталығындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінің партасына барып отырады. Осында орта білім алып шығады. 1957 жылы Семей қаласындағы финанс техникумын озаттар қатарында бітірген жас жігіт басқа да қызмет ұсынған орындарға алаңдамастан, бірден-ақ Ганюшкиндегі Теңіз аудандық қаржы бөліміне жұмысқа орналасады. «Менің еңбек жолым осылай басталды, қалғанын өмірбаянымда көрсетілгендер бойынша жаза бер» дейді қарт қаржыгер. «Жоқ, олай болмайды» деймін мен. «Баяғыда партия мүшелігіне қабылдарда сыдыртып оқып шығылатын қып-қысқа өмірдерегің жеткіліксіз. Асықпа, отыр да, жұмыс жасаған жеріңде не істеп, не қойғаныңды, былайша айтқанда, қаржыгерлік қызметке қосқан үлесіңді, бастан кешкен іс-әрекеттеріңді естелік ретінде айта бер», – деп қарт қаржыгерді қозғалтпай қойдым.
– Қаржы қызметі – өте жауапты жұмыс. Біз қызмет жасаған кезде тиынға тиынды қосатын, мұқият жүргізілетін есеп болды. Еліміздің экономикасы дамымаған кез. Ақша жетпей жатады. Бір сомды жұмсасаң да заңды екенін көрсетіп отыру қажет.
Ғаділбек енді үлкен әңгіменің арнасын тапқандай, іркілмей баяндауға көшті.
– Мен Теңіз аудандық қаржы бөліміне (ол кезде ылғи райфинотдел деп айтатынбыз) жұмысқа орналасқанымда, оның меңгерушісі болып Сағынбаев Мусабай есімді ағамыз істейді екен. Жұмысқа алғыр, талап қойғыш басшы болды, мен ол кісіден көп жағдайларды үйреніп қалдым. Бірақ артынша ол кісіні «Балқұдық» совхозының директорлығына тағайындады да, оның орнына аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеп жүрген бір басшы қызметкерді әкеліп отырғызды. Бірақ ол ағамыздың (марқұмның аты-жөнін атамасам деп отырмын) былай ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болғанымен, қаржыгерлік мамандықтан тіпті хабары жоқтың қасында екен. Бюджеттің бас-аяғын тиянақтап буып-түйіп тастаған қаражатты қайда, қалай жұмсалатынын белгіленген баптары бойынша босатасың. Бір сомды артық-ауыс шығындауға рұқсат жоқ. Заңсыз істесең, өзің жауапқа тартыласың. Әлгі жаңа келген басшымызды осы тәртіп-талапқа «көндіре» алмай, біраз қиналғанымыз бар. Бір мекемеге, өндіріске қажетті ақшаны аудартатын, болмаса жұмсауға рұқсат жасалатын, тағы басқа қажетті құжаттарға қол қойғызу үшін талай заңдардың басын ашып, әбден көзін жеткізгенге дейін «қара терге» түсетін күндеріміз болған-ды. Аудандық қаржы бөлімінде мен кірістер саласын басқардым. Бытысқан есеп, қаптаған қағаздың ортасында басың айналып, түнімен отыруға тура келетін. Немқұрайлылық, көзбояушылық атымен жоқ. Түменбаев Аманғали бюджет бөліміне жетекшілік жасады, Жанғалиев Зинетолла бас есепшіміз болды. Сисемалиев Каримолла, Тауықбаев Нұрбай, Степанников Борис Аркадьевич, Чаплыгин Василий Константинович, Бисенов Қабдол және басқалармен қызметтес болғанмын. Ол кезде кадрларды тәрбиелеу, біліміне, іскерлік қабілетіне қарай жоғарылату, жауапты жұмыстарда сынақтан өткізіп отыру партияның қолындағы шаруа болатын. Теңіз аудандық партия комитетінің шешімімен 1967 жылы Шортанбай балық зауытына бас экономист-директордың экономика саласындағы орынбасары қызметіне жіберілдім. Жұмыс ауырлады. Зауытта бір мыңнан астам жұмысшы бар. Күн сайын өндіріске мыңдаған тонна балық қабылданады, зауыттан балық өнімдерінің он шақты түрі шығарылып, бүкіл Одақ көлеміне жөнелтіліп жатады. Экономикалық есеп, оған нақты талдау жасау өндірістің қантамыры саналады. Бұл жұмыс нақты жүргізілмесе, зауыт миллиондаған сомға шығынға ұшырайды. Осыған жол бергеніміз жоқ, зауыт әр жылды таза пайдамен аяқтап отырды. Мен біршама сынақтан өткен сияқты болдым. 1971 жылы қайтадан аудан орталығына алдырып, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне отырғызды. Бірақ, мұнда да көп тұрақтамадым. 1975 жылы мені Гурьев (Атырау) қалалық қаржы бөлімінің меңгерушілігіне жұмсады. Мұнда да ойдағыдай дәрежеде қызмет жасадым деп есептеймін, қалалық кеңестің депутаттығына сайландым, атқару комитетінің мүшесі болдым.
Қарт қаржыгер «осы да жарамай ма?» дегендей, әңгімесін жалғастыруға тартыншақтаған түрін аңдатты. «Еңбек жолыңды орта жолдан үзбе, зейнеткерлікке шыққанға дейінгі шытырман есептер төңірегіндегі тіршілігіңді толық баянда» деп кейіпкерімізді сөзге мұрындықтадым.
– Айта беретіндей біздің жұмысымызда елеулі жаңалықтар, ерлік қимылдар, өнегелі өрнектер бола қойған жоқ. Барлық қызметің бір ғана есептің төңірегінде болғандықтан, төзімділік пен ұстамдылық шеңберінде жұмыстандым. Өмірбаяндық деректер үшін деп қалаға келгеннен кейінгі атқарған қызметтерімді қысқаша шолып өтейін, – деп қарт қаржыгер Ғаділбек Мырзағалиұлы есеп-қисап ошағының отын қайта маздатты. – Қалалық қаржы бөлімін басқарған кезімде бюджетте тұратын мекемелердің сметада көрсетілген қаржыларының уақтылы аударылуын қамтамасыз еттік, әр еңбеккер тиісті еңбекақысын мезгілінде алып отырды. Қаладағы жекеменшік үйлері бар отбасыларынан жер салығын қаржы бөлімінің инспекторлары аяқтай жүріп жинайтын еді. Бұл қызмет үшін қалалық қаржы бөлімінде бірнеше адам жұмыс жасап, бюджеттен еңбекақы алып келіпті. Біз тұрғындардың жер салығын қаржы бөліміне немесе банкке өздері аяқтай келіп төлеуге көшіріп, құрамында алты адамы бар салық жинау бөлімін қысқартуға қол жеткіздік, бюджет қаражаты үнемделетін болды.
Өзім басқарған жылдарда қалалық қаржы бөлімінде озат қызметкерлер аз болған жоқ. Олардың қатарынан бюджет бөлімінің бастығы Аманғалиев Асанды, кірістер бөлімінің меңгерушісі Рубайлова Мария Гавриловнаны, Халық шаруашылығын қаржыландыру бөлімін басқарған Салихов Сүйінғалиды атағым келіп, ойға түсіріп отырмын.
Қажымаған қаржыгеріміз тағы бір мәрте «осы да жарамай ма?» дегендей, әңгімені аяқтамақ болған сыңайын сездірді. Дегенмен, еңбек жолының соңғы тұсынан да сөз қосуды сұрадық.
– Жасым ұлғайған соң жеке жауапкершіліктің тізгінін ұстауға тартыншақтағаным рас, – дейді Ғаділбек ақсақал. Сонда да ірі мекемелерде экономист, финансист деген мамандықтардан қол үздірмеді. «Облремстрой», «Гурьеврыбпром», ОПО «Фармация» сияқты өндіріс орындарында біршама жұмыстандым. Бұлардың қайсыларында болмасын шаруашылық есепті енгізуді жүзеге асырдық. Қызметкерлерді ынталандыру ережесін енгізіп, олардың үстеме еңбекақы алуларын іске қостық. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттыруға, орынсыз шығын жұмсамауға жол ашты. Ал, ОПО «Фармация» бірлестігіндегі қала бойынша 26 дәріхананы түгелдей шаруашылық есепке көшіргенімізді де айтуға болар. Бұл жұмыстар кезінде жоғары нәтижелерін беріп, республикалық ауыспалы Қызыл туды алуға да қолымыз жеткен-ді. Қысқасы, қайда істесек те сол кәсіпорынның экономика-қаржыландыру саласындағы жұмыстарды жолға қойып отырғанымызды айту мақтаншылық болмас.
Сексеннің сеңгірлі биігіне қадам басқалы отырған Ғаділбек Мырзағалиұлы ақиқат әңгімесін аяқтады. Бірақ, оның қазіргі жүріс-тұрысында, жалпы болмысында кәріліктің көрінісі қылаң бермейді. Ұзын бойы тіп-тік, қаз дауысы аңқылдап, саңқылдайды. Бойға біткен табиғи қуаттылығы мұқалмағаны айбындап-ақ тұр. Ғаділбек сүйікті жары Мүтара ханыммен шаңырақ құрды. Бұлардың отбасында да алты перзент өмірге келді. Енді олардың барлығынан немере-жиендер өсіп жатыр. Қазірде Сәбит – кеден қызметкері, Самат – мұнайшы, Римма – дәрігер, Лена – есепші, Ирина – медбике, Гүлнәр судья мамандықтары бойынша қызмет жасайды. Ал, үлкен немересі Арман Англияда оқиды, қалған немере-жиендері де жеке-жеке өмір жолдарын бастауда.

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз