
Қарызсыз қоғам: тұрақты табысқа жол
Президент Жолдауында айтылған азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Бүгінде қаржылық мәдениеттің жетіспеуі қарызға тәуелділікке, табысты дұрыс басқара алмауға және отбасылық бюджеттегі тұрақсыздыққа алып келіп отыр. Бұл жеке азамат үшін де, жалпы ұлттық экономика үшін де қауіпті құбылыс.

Осы орайда «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы – қаржылық сауаттылықты арттырудағы үлкен қадам. Өткен жылы осы жоба аясында 845 мыңнан астам адам арнайы тренингтерге қатысып, заңгерлік кеңестер алды. Бұл тек статистикалық көрсеткіш емес, ел ішінде қаржы мәдениетінің тамыр жайып келе жатқанын білдіреді.
Жобаның басты мақсаты – халықтың мойнындағы қарызды азайту ғана емес. Ең негізгі міндет – әрбір азаматты қаржысын сауатты басқаруға, табысын тиімді жоспарлауға, артық шығыннан сақтануға үйрету. Бұл – халықтың тұрақты әл-ауқатын қалыптастырудың бірден-бір жолы.
Әлемдік тәжірибеде қаржылық сауаттылықты арттыру мектеп қабырғасынан басталатыны белгілі. Сондықтан елімізде де бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізу қажет. Балаларды қарапайым ақша айналымынан бастап, жинақтаудың маңызы, жеке қаржы жоспарлау, инвестиция жасау, сақтандыру мәдениеті туралы түсінікпен ерте жастан тәрбиелеу – болашақ тұрақтылықтың кепілі.
Сонымен қатар цифрлық қаржы құралдарының дамуына байланысты жаңа қауіп-қатерлер де пайда болуда. Онлайн несие, цифрлық алаяқтық, қаржылық пирамидаларға алданып қалу қаупі әлі де жоғары. Сондықтан азаматтарға тек қаржыны басқаруды ғана емес, қаржылық қауіпсіздікті сақтауды да үйрету аса маңызды.
Президент айтқандай, халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі – олардың қаржылық сауаты. Бұл бағытта қаржы ұйымдары, банктер, сақтандыру компаниялары, мемлекеттік құрылымдар және қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Әрбір мекеме өз саласында үлес қосса ғана, қаржы мәдениеті кең ауқымда қалыптасады.
Менің ойымша, алдағы кезеңде қаржылық сауаттылықты мектеп пен ЖОО бағдарламасына толық енгізу керек. Жеке қаржыны басқаруға арналған онлайн курстарды қолжетімді ету маңызды. Азаматтарға тегін кеңес беретін қаржы орталықтарын аймақтарда да ашқан жөн. Қаржы ұйымдарының халықпен ашық әрі түсінікті жұмысын жолға қою басты міндет болуы тиіс.
Қаржысы сауатты халық – қарызсыз қоғамның, тұрақты экономиканың, өркениетті мемлекеттің кепілі. Президент бастамасы мен «Қарызсыз қоғам» жобасы осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Ақан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,
қаржылық сарапшы