
Қамыс – экономикалық әлеуеті жоғары табиғи ресурс
Қамыс өртінің алдын алудың бір жолы – оны тек қауіп көзі ретінде емес, керісінше тиімді пайда көзі ретінде қарастыру. Қамыс – жылдам өсетін, экологиялық жағынан қауіпсіз әрі арзан шикізат көзі. Оны құрылыс материалдарына (пресс-қамыс панельдері, шатыр жабындылары), биоотынға, жиһаз өндірісіне және мал азығы ретінде қолдануға болады. Еуропа елдерінде қамыс негізінде жылу оқшаулағыш тақталар мен экосылақтар кеңінен қолданылады. Бұл өнімдер бүгінде табиғи әрі энергияны үнемдейтін құрылыс трендтеріне сай келеді.
Бұған қоса, қамыстан биоотын өндіру – еліміздің энергия ресурстарын әртараптандыруға бағытталған «жасыл экономика» саясатына сәйкес келеді. Қамыс брикеттері көмір мен газға балама ретінде ауылдық жерлерде жылу көзі бола алады. Бұл бір жағынан отын тапшылығын шешуге көмектессе, екінші жағынан табиғи газға жүктемені азайтып, ауаға зиянды қалдықтар шығаруды төмендетеді.
Егер өңірлік деңгейде қамысты жинау, өңдеу және өнім шығару бойынша шағын өндіріс орындары ашылса, бұл қосымша жұмыс орындарын құрып, ауылдық жерлердің экономикасына серпін берер еді. Мұндай кәсіпорындар қамысты өңдеумен қатар, логистика, сақтау, сатылым және қызмет көрсету салаларында да жаңа нарықтар қалыптастырады. Сонымен қатар, қамыс өнімдерін ішкі нарықпен шектелмей, экспортқа шығару мүмкіндігі де бар. Қытай, Түркия, Еуропа елдерінде табиғи материалдарға деген сұраныс жоғары.
Қамыс – дұрыс басқарылған жағдайда экологиялық та, экономикалық та пайда әкелетін ресурс. Табиғат берген бұл байлықты өрттің көзі ретінде емес, өңірлік дамудың бір бағыты ретінде қарастыратын уақыт келді. Қамысты қадеге жарату арқылы біз бір мезетте табиғатты қорғаймыз, экономиканы әртараптандырамыз және халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосамыз.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты