ЖАРҚЫРАЙДЫ АТЫРАУДЫҢ ШАМДАРЫ

түнгі аспанның тілімдеген түндігін

Каспий өңірі энергетикасының тарихы терең, мазмұны мәнді. Қолдағы деректерге қарағанда, сонау 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін мұнда электр жарығы атымен болмаған. Халық қараңғылық құшағында күн кешкен.
Ал, бүгін түнгі Атыраудың әсем бейнесін қиялы жүйрік ақындар Еуропаның іргелі қалаларымен теңестіреді. Мұнайлы астананың шамдары құс қанаты талатын биіктен анық көрінеді. Электр энергиясына қосылмаған бірде-бір нысан жоқ. Оны таратушылар – «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының қызметкерлері. Біз мереке қарсаңында кәсіпорын басшысы Айбар РАХМАНОВҚА жолыққан едік.

 

ӨТКЕН КҮННЕН БЕЛГІ КӨП

– Міне, Атырау энергетикалық кешеніне де тура жарты ғасыр толып отыр. Ал, оның бастапқы кезеңі қалай дамып еді? Тарих парақтарын ақтарғанда нендей сыр білуге болады?
– Жалпы, біздің өңірде энергетикалық қуаттардың дамуы алғашқы бесжылдықтар кезінде мұнай өндіру өнеркәсібін қайта құрумен тығыз байланысты. «Қара алтын» селін толассыз ағызу үшін өндірістік ошақтарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету қажеттігі туындады.
Ал, мынадай қызықты білесіз бе? Гурьевте алғаш ашылған кинотеатрға қуаттылығы тоғыз киловатт дизель қозғалтқышы қызмет еткен. Қаланың электр энергетикалық тарихы содан бастау алады. Тарих солай басталған.
Бүгінде Атырау энергетикасының алғашқы тарихын жасаушылар ретінде Н.Неверов, Н.Бекмамбетов, Г.Поспишиль, С.Тиесов, С.Горюханов, В.Борзиков, Ю.Аббасов, Р.Аметов, Г.Семенов, В.Тен, В.Цыганов, Г.Соколов, А.Василиади, В.Кинчерук, П.Главчев тәрізді тарландар есімдері аталады. Сонымен қатар көнекөздердің жадында С.Нұрғалиев, О.Мещеряков, А.Абулғапаров, Д.Рахманов, К.Әліпов, Л.Овсепьян, Г.Филиппов, В.Цегельный, Ю.Махорин, О.Мизамғалиев, А.Қорғанбаев, В.Круглов, Ж.Қабылов, С.Жандосов, т.б. есімдері жаңғырып тұр. Бұлардың бәрі де өңір энергетикасындағы алғашқы қарлығаштар еді. Қазір солардың ісін кейінгі ұрпақ жалғастырып келеді.
– Сіз өзіңіз де энергетиктер әулетінен емессіз бе?
– Иә, менің де әкем осы салада ұзақ жылдар жемісті жұмыс жасаған. Менің өзім де сол кісінің соқпағына түсіп, осындай мерейлі мамандықты қалағанымды мақтан тұтамын.
Ал, сөзімді одан әрі жалғастырсам, сол жылдары Каспий өңірінде тек энергетиканың ғана емес, жалпы экономиканың іргетасы қаланып жатты. Электр энергиясының дамуы қол еңбегін жеңілдетті, технологиялық процестердің автоматтандырылуына жол ашты, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы коммуналдық-тұрмыстық ғимараттарды орталықтандырылған желіге жалғастыруға жағдай жасады. Бұған дейін амалсыздан қолданылып келген қуаты шағын, шығыны көп дизель стансаларынан біртіндеп арылдық. Жан-жағын қара түтінге көміп тұратын жылыту қазандықтары да жабылды. Олардың орнына өмірге экологиялық тұрғыдан таза, қайтарымы мол, шығыны аз, тұтынушыға арзан орталықтандырылған электр энергиясы келді.
Мәселен, сонау 1951 жылы Гурьевте 110 кВт кернеулік бірінші электр қуатын тарату желісі пайдалануға берілді. Көп ұзамай, яғни, 1960 жылы «Жоғары вольтты желілер басқармасы» аталатын кәсіпорын құрылды. Арада бір жыл өткен соң облыстық кеңестік халық шаруашылығының арнайы қаулысымен «Гурьевэнерго» басқармасы өмірге келді. Осы атаудың халық санасына шапшаң сіңгендігі соншалық, бүгінде де көне көздер біздің мекемемізді осылай атай береді.
Араға тағы да бір жыл салып «Гурьевэнерго» басқармасы «Запказэнерго» құрылымының құрамына енгізілді. Енді ол Гурьев энергетика жүйесі деп аталды. Ал, 1963 жылғы 18 маусымдағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен республикалық Энергетика министрлігінің құрамында «Гурьевэнерго» аудандық басқармасы құрылды.
Осы атаулардың өзгертілуі неліктен туындады? Әрине, тегін емес. Соның бәрі өңірде электр энергиясына деген зәрулікті өтеуге, осы саланы түбегейлі жаңғыртуға, оны қайтадан жарақтандыруға бағытталды.
– Оның бер жағында уақыт өз талабын тағы да ұсынды.
– Әрине. Еліміз тәуелсіздік алды, дамудың нарықтық қатынастарын таңдадық. Жекешелендіру басталды. Өндіріс ошақтары өз қызметін қайта құра бастады. Бұл үрдістен біз де тыс қалмадық. Сөйтіп, 1997 жылы мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасына орай бізде екі дербес құрылым пайда болды. Қазір «Атырау жылу-электр орталығы» және «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамдары солай өмірге келді. Әйтсе де, 1999 жылдың 27 тамызында біз жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып, ал, 2001 жылғы 1 қазанда ашық акционерлік қоғам ретінде қайта тіркелдік. Әрине, соның бәрі де уақыт талабынан туындаған өзгерістер еді. Осы сындардан да аман өтіп, 2005 жылғы 19 сәуірден бері қазіргі қалыптасқан тұтас құрылым ретінде жұмыс жасаудамыз.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары күллі еліміз басынан кешкен қиындықтарды біз де көрдік. Уақытында жалақы бермеу, тұрғындардан берешегін жинай алмау, т.б. күрмеулі мәселелер біздің де басымыздан өтті. Талай азапты күндерді ұжыммен бірге көтердік. Сол кезде мамандығын ауыстырып, басқа жаққа кетіп қалмай соңына дейін шыдаған абзал азаматтар арамызда әлі де бар. Оларды күнде көремін, іштей ризашылығымды білдіремін. Мен оларға адал еңбегі үшін алғыс айтамын. Өткен күнге көз салғанда одан көп белгі бар екендігін осыдан-ақ байқаймын.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА – ИКЕМДІЛІК КЕПІЛІ

– Атыраулық энергетиктер соңғы жылдары ауқымды инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.
– Қазақта «Мың қосшыға – бір басшы» деген бар. Директор кеңесіне төраға болып Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегенов келгелі көп іс тындырылды. Өзі де осы жердің азаматы республиканың талай өңірінде болып, жинақтаған тәжірибесін көрсете білді. Аз ғана уақытта бірнеше жылға жүк болатындай шаруа жасалды.
Мәселен, Атырау жылу-электр орталығының қуаты бірнеше есе арттырылды. Ол туралы жақында ғана облыстық газет тілшісіне берген сұхбатында кәсіпорын басшысы Мұхамбетқали Қалиевтың өзі де айтты. Ал, енді осы шығарылған электр қуатын халыққа жеткізу керек емес пе? Жеткізгенде еш шығынсыз таратылуы тиіс. Міне, осы міндет бізге жүктелген. Демек, біз де өз ісімізді қайта қарап, еселеп өскен электр қуатын игеріп кетуге дайын болуымыз керек.
Міне, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының қабылдап отырған инвестициялық бағдарламасы осындай мәселелерді шешуге бағытталған. Оның алғашқы жемістерін көріп те отырмыз. Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа айтқанымыздай, соңғы үш-төрт жылда нормадан тыс шығынды мүлдем жойдық. Мақтануымызға да болады, біз – осы көрсеткіш бойынша коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын арасында алдыңғы қатардамыз. Өзгелері мұндай нәтижеге енді ғана қол созып келеді. Әрине, оның объективті де, субъективті де себептері болады.
Өзіміздің инвестициялық бағдарламаларымыздың орындалысын ашық жүргізіп отырмыз. Ешкімнен еш нәрсені жасырып жатқанымыз жоқ. Баршаға мәлім, инвестициялық бағдарламаны орындау барысында жұмсалатын қаражаттың бір бөлігі тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін қаржысынан құралады. Демек, тарифте өзгеріс болады. Және, жасыратыны жоқ, ол біртіндеп өседі.
Осы «біртіндеп» деген сөзге назар аударып қаралықшы. Инвестициялық бағдарлама бір жылға емес, орта мерзімдік ретінде үш жылға есептелген. Соған сәйкес тарифті де күрт көтермей, жүйелі түрде өсіріп отырмыз. Бұл да – тұтынушылар тілегі. Соларға салмақ салмауды ойлап, уәкілетті органдар арқылы тарифті реттеп отырмыз.
Жоғарыда айттым ғой, инвестициялық бағдарламаның орындалу барысы еш құпия еместігін. Біз жылына үш-төрт мәрте жергілікті өкілетті органдар депутаттарын, мемлекеттік құрылымдар басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерін, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, атқарған жұмыстарымызға есеп беруді дәстүрге айналдырдық. Қондырған қондырғыларымызды, орнатқан жабдықтарымызды көрсетеміз. Жаңа подстансаларды аралаймыз. Ал, шын мәнінде, осы инвестициялық бағдарлама қабылданғаннан бері жаңарған нәрселеріміз, мақтанарлық жетістіктеріміз жеткілікті. Мәселен, кейбір нысандардың бұрынғы кейпі қандай еді, ал, қазіргі түрі қандай? Жер мен көктей емес пе? Соны көрген әрбір тұрғынның өзі-ақ жұмсалған қаржының желге ұшпағанын байқар еді.
Қарапайым ғана мысал. Бұдан бес-алты жыл бұрын өңірді электр энергиясымен қамтуға қатысты күрделі проблема туындады. Алдымен ол жетіспеді. Жедел дамыған аймақтың сұранысын қанағаттандыра алмай қалу қаупі туындады. Оның үстіне, кәсіпкерлермен таусылмайтын дау-дамай болды. Оны да жасырып қажеті жоқ. Сол кездегі басшылардың талабы – бизнес иелерінен алдын ала төлем талап етілді. Бұл мәселе орталыққа дейін жеткенімен, шешімін табу қиынға соқты. Сайып келгенде, екі ортада біз жамандыққа іліктік. Бәрін бүлдіріп отырған жергілікті энергетиктер секілденді.
Міне, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегеновтің осы мәселені оңтайлы шешуі – тұтас өңір экономикасын алға сүйреді. Сан жылдар бойы кәсіпкерлермен болған ұрыс-керіс сап тыйылды. Қазір олармен қалыпты қарым-қатынас орныққан. Айтпақшы, тұтынушы ретінде бизнес иелерінің де біздің инвестициялық бағдарламамызды қалай орындап жатқанымызбен танысуына толық мүмкіндік туғызып отырмыз. Өздерінің кімге және неге ақша төлеп отырғандығын білуге олардың да құқы бар. Бір сөзбен айтқанда, инвестициялық бағдарлама – монополия мекемеге де, оның қызметін тұтынып отырған тұрғындарға да тиімді.

КЕЛЕШЕКТІҢ ЖАРҚЫН ЖОСПАРЫ БАР

– Сөз соңында келешекке де көз жүгіртсек қайтеді?
– Қазір алдымызға бірнеше стратегиялық талаптар қойып отырмыз. Алдымен, электр желілерінің тұрақты да ақаусыз және «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының қорында тұрған электр желілік нысандардың мезгілінде жөнделу жұмыстары мен алдын алу шараларын қамтамасыз етуіміз қажет. Сол арқылы қолданыстағы құралдардың техникалық, экономикалық және экологиялық талаптарға сай болуын қамтамасыз етуіміз керек. Өндіріске қазіргі заман талаптарына сәйкес келетін технологияларды енгізуіміз шарт. Бұл электр энергиясы қуатын еш ысырапсыз таратуға жол ашады. Мен жоғарыда бірнеше жылдан бері нормадан тыс аталатын шығынды мүлдем жойғанымыз жөнінде айттым. Ендігі мақсат – нормалы шығынды да болдырмау. Әрине, техникалық талаптарға орай оны мүлдем болдырмау өте қиын, бірақ барынша молынан қысқарта білсек, бұл да – кәсіпорын үшін үлкен жетістік.
Одан әрі, электр энергиясын тарату көлемін ұлғайту, көрсетілер қызмет сапасын жақсарту, электр энергиясын қатаң есепке алу талаптары тұр. Біз есептеу құралдарын орнату арқылы тұтынушыларға электр энергиясын үнемдеу жөнінде айта отырып, өзіміз де соған ұмтылуымыз керек. Өндіріске қуат үнемдейтін жабдықтарды орнатуға тырысудамыз. Міне, соның нәтижесінде нормалы шығындарды да азайтуға қол созудамыз.
Сөз жоқ, алдағы уақытта да өңірде электр қуатын тұтынушылар саны еселеп артады. Өйткені, көмірсутегінің мол қоры жинақталған аумақта әлемдік деңгейдегі ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың бәрі дүниенің төрт бұрышынан электр энергиясын өздерімен бірге ала келмейді. Егер жергілікті жерде мұндай сенімді электр көзі болса, қыруар қаржы шығарып, жаңасын қондырып қайтеді? Міне, біз соған да дайын болуымыз шарт.
Осы орайда, инвесторларды әріптес болуға мүмкіндік беретін жетістіктерімізді де айта кеткім келеді. Олармен тереземіз тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуға барлық мүмкіндік бар. Мәселен, Мәскеу қаласындағы Халықаралық іскерлік кеңесінің шешімімен «Атырау-жарық» АҚ әлемдік деңгейдегі мәртебелі «Ұлттық экономиканың көшбасшылары» құрмет белгісімен марапатталды. Бұл – біздің ұжымның күллі республикада өз саласы бойынша көшбасшы екенінің белгісі. Ал, онымен қай инвестор санаспас екен?
Қазір ұжымда бір мың жарым адам еңбек етеді. Олардың әлеуметтік мәселесі де шешілген, өндірістік жағдайы да жақсы. Әр жылы білім мен білік деңгейін көтеру арқылы қызметкерлердің жалақысы өсіп отырады. Қатарымызға жас мамандар тартудамыз. Солардың бәрі дерлік жергілікті жігіттер мен қыздар. Алда да осы ұстанымды ұстанамыз. Өйткені, туған жердің түтінін оның өз ұландары ғана түтетеді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз