ӨЗЕН БОЙЫНДАҒЫ ӨРМЕК

бағалы балықтардың азаюына себепші болып отыр

Өткен ғасырдың аяғына дейін бекіре тұқымдас балықтар, негізінен, табиғи су қоймаларында өндірілді және бұлардың дені Каспий теңізі бассейнінде ауланды. Соңғы онжылдықта қызыл балық қоры күрт азайып кеткені де рас. Аймақта ең жоғары көлемде бекіре балығының ауланған кезі - 1977 жыл. Сол жылы мемлекетте он бір мың тонна қызыл балық ауланып, өткізілген-ді. Елімізде 2010 жылдан бастап табиғи ортадан бекіре аулауға толықтай тыйым салып, тек ғылыми аулауды ғана қалдырды.

 

Акция  нені  көрсетті?

Бұдан бұрын хабарланғанындай, үстіміздегі жылдың сәуірдің 1-інен мамырдың 31-іне дейін Қазақстанда «Бекіре -2015» балық қорғау акциясы басталды.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық қорғау акциясын ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі жұмыс органы болып есептелгендіктен жақында Жайықтың Балықшы кенті тұсынан Жамбыл өндірістік кооперативі аралығындағы өзен аумағына облыстық, республикалық газеттер мен телеарналар журналистерінің қатысымен рейдтік шара ұйымдастырды.

Балық қорғау инспекторлары Жайық бойын арнайы құрылғылармен тексеріп келеді. Балыққа құрылған ау құралдары бірінен соң бірі судан шығарылып жатыр, көпшілігінің ау көзі ұсақ балықтарға арналғандықтан ба, ауға шабақ, қаракөз, мөңке балықтар шалыныпты. Инспекторлардың сүзу құралдарына ілінгендерінің ішінде ауды балдыр жапқан, өлі уақ шабақтар да кезікті. Бірнеше жүзу қайықтарының ыждағатты тексерісінің нәтижесінде бірер сағатта Жайық өзеніндегі браконьерлер құрған жиырмадан астам ау құралдары шығарылды.

Иә, Жайық бойы жағалай құрылған ау. Тексеріп, қатаң бақылау орнатпаса, күні ертең бекіре емес қара балық та бізге таңсық көрінуі ғажап емес. Егер табиғат байлығына көз алартып, оны сұғанақтардың заңсыз кәсібіне, баю көзіне айналдыруына үзілді кесілді тыйым салмасақ, бір кездері өзен жағалағандардың да өзегі талуы мүмкін. Себебі, құрылған сансыз көп аулардан қызыл балық түгілі уақ табан, қаракөздердің өтіп кетуі екі талай. Ал, бұл балықтарды уылдырық шашу еркінен айырып, көбеюіне кесел болатын жайт.

 

Шабақтың  да шатағы  көп

Аманкелді өндірістік кооперативіне қарасты Өтеген Есалиев жетекшілік ететін бригада балықшыларының «су маржанын» сүзіп, жағадағы тартым жұмысын қыздырған шағы. Десек те, наурыз айының жиырма төртінде басталған науқанда қара балық аулауға бөлінген лимитті орындау қамындағы балықшылар ауа райының салқындығы мен су деңгейінің тайыздығынан балықтың түсімінің әзірге көңіл көншітпей тұрғандығын айтады.

– Бригадамыздың алты рет ау қайтарғандағы түсімі – екі жарым тонна ғана. Еңбегімізге тұрмайды. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, ауға түсетіні уақ қара балықтар. Осыны кооперативке өңдеуге жібереміз ғой. Ал, сазан, көксерке, жайын мен шортан сияқты ірі балықтар жоқтың қасы.» дейді бригадир.

– Мына ауланған табан, мөңке балықтар тым уақ. Белгіленген заңдылыққа сәйкес бұлардың көлемі жалпы ауланған балықтың сегіз пайызынан аспауы керек. Ал, мына сіздердің аулап жатқандарыңыздың біразы көлемі мен салмағы сәйкес келмейтіндігін көзбен-ақ байқауға болады. Осы істеріңіз заңсыздық.

Бұл – бізбен бірге рейдке шыққан Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті балық қорын молайту басқармасының басшысы Хайырбек Мұсабаевтың талабы. «Бекіре–2015» республикалық акциясына байланысты осында министрліктен келген Хайырбек Шахуалиұлының орынды талабына байланысты облыстық инспекция басшылығы ихтиолог мамандарды балық аулайтын өндірістік кооперативтердің тартым басына жіберіп, тексеру ұйымдастырылатын болды.

Х.Мұсабаев Ресейдің Омбы өңірінде дүниеге келіп, Балтық жағалауындағы Калининград техникалық институтының өнеркәсіптік балық аулау және өңдеу мамандығын алып шыққалы осы салада еңбек етіп келді. Былтыр Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін өңіріне таққан Хайрекеңнің елімізде балық шаруашылығын өркендету мен дамыту мәселелері жөніндегі ойлары орамды, пікірлері парасатты, ұлтжанды азамат екендігін әңгіме барысында аңғарғандай болдық.

 Атырау аумақтық инспекциясының инспекторлық құрамын күшейту мақсатында республиканың басқа аумақтық инспекцияларынан он бір балық қорғау мемлекеттік инспекторы тартылды. Оның үшеуі – Қиғашта, қалғаны Жайық бойында қызмет етуде. Жалпы облыстық ішкі істер департаментінен алынған мәлі-метке сүйенсек, акцияға олардың 254 қызметкері, 56 техника, 36 ішкі әскер жауынгері, ал облыстық инспекциядан 33 автокөлік, 12 өзен катері қатысуда. 1-7 сәуір аралығында 52 құқық бұзу фактісі анықталды. Балық аулау мен сатуда заңсыздыққа жол бергендердің үстінен алты қылмыстық іс қозғалып, 46 тұлға әкімшілік құқықбұзушылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылды. Акция басталғалы браконьерлерден 802 келі қара балық, 36 келі бекіре балығы тәркіленді. Әрине, мұндай көрсеткішпен мақтануға болмайды, тіпті бұл өткен жылғы деңгейден де төмен.

Балық қорғау акциясы шеңберінде браконьерлік фактілерінің басым айқындалатын жерлерінде он стационарлық, он бір жылжымалы бекет және жылжымалы рейдтік топтар құрылды. Жайық-Каспий бассейнінде маусым барысында 66 мемлекеттік инспектор, он бір патрульдік өзен катері, қуаты 40 және 75 ат/күшінен артық моторлары бар он төрт шағын кеме, алты брондвахта, 18 көлік құралы, бір теплоход тартылған. Негізгі күштерді Каспий теңізінің жағалауы мен алабында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістігінде жұмылдыру көзделген, себебі осы жерлерде браконьерлік фактілер жиірек тіркеледі. 

«Бекірені  сатып  алып  едім»

6 сәуірде «Бекіре» операциясының барысында су полициясы қызметкерлері Атырау-Дамбы тас жолында жүк салғышында 30 келі бекіре тұқымдас балығы бар автокөлікті ұстады. ВАЗ-21723 көлігінің жүргізушісі 34 жастағы Дамбы ауылының тұрғыны екен, алайда, кейін анықталғандай, көліктегі сегіз балық, оның жолаушысына, 30 жастағы Атырау қаласы тұрғынына тиесілі болып шықты. Оның айтуынша, балықты ол Жайық өзенінің жағасында белгісіз адамдардан сатып алыпты. Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы («Жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен заңсыз айналысу») бойынша қылмыстық іс көтерілді.

Атырауда бекіренің бел кеспесін жылдың қай уақытында да сатып алуға болады. Базарға барып, балық сатушылардан жайлап сұрап көрсеңіз, бағалы балықты қанша аламын десеңіз де тауып беруге әзір. Бекіренің қуырғаны керек пе, асып пісіргені керек пе, түр-түрін тойда да, қайтыс болған жандардың садақасында да дастарқан мәзірінен жиі көретін болып жүрмыз. Сонда Үкіметтің Қазақстанда бекіре тұқымдас балықты аулауға тыйым салу жөніндегі жарияланған мораторийдің браконьерлерге қатысы болмағаны ма деген сауал мазалайды. 

Отырыста  қозғалған орынды  мәселе

Жақында Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық қорғау акциясын ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі штабтың кезекті отырысын өткізіп, жұмыс аптасын қорытындылады. Үйлестіру кеңесінде мемлекеттік инспекция басшысы Мұрат Ермекқалиевтің мәлімдеуінше, балықтың уылдырық шашу орындарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, заңсыз балық аулау құралдарын алу мақсатында мемлекеттік инспекторлар күн сайын су айдындарын сүзеді, оларда жүзу құралдарының қозғалысын бақылау күшейді.

Барлық құқық және табиғат қорғау органдардың бірлескен іс-қимылдарын ширатып, халыққа заңнамалық түсінік жұмыстарын пәрменді жүргізудің де маңызы ерекше. Акция басталғалы инспекция қызметкерлері 24 балық қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтады, оның ішінде жетеуі өрескел сипатта, төрт материал тергеуге дейінгі органдарға жолданды. Бұзушылардан 67 келі ұсақ балық және 20 аулау құралы тәркіленген. Балық аулау ережесін бұзушыларға жүз мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының аға көмекшісі Сапар Тұрсынбековтың пікіріне сүйенсек, браконьерлер қазір ресейлік пластикалық материалдарымен, қуаты 300 ат/күшіне тең, сағатына 90 шақырымдық жылдамдықпен жүзетін моторлы қайықтармен балық аулайды, ал, біздегі қолда бар қайықтар оларға ілесе алмайды. Тиісті құзырлы органдар Қытайдан әкеліп, пластикалық ау құралдарын сататын сауда орындарына тексеру жүргізбейді. Мұндай ауларды өте арзан дүние болғандықтан бірнеше күнде жарамсыз ретінде су айдындарына тастап кетеді. Жарамсыз, сапасыз ауларға балықтар түседі де бұзыла бастайды. ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурыздағы қаулысына сай балық аулауда синтетикалық, нейлондық не болмаса пластикалық, полиамидтік моноталшықты және электр жүйелі типтес барлық құрылғыны пайдалануға қатаң тыйым салынғандығын браконьерлер жақсы білдеді.

– Көктемгі балық аулау науқаны кезінде Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Индер ауданы аумағына да бір күзет бекетін ұйымдастыру қажет. Себебі, балықтардың уылдырық шашуына қолайлы Махамбет пен Индер ауданы аумағы, Жайықтың екі жақ беті бақылаусыз қалды. Бұған тиісті органдардың көңіл аударғандары жөн. Біздегі тағы бір проблема – браконьерлерден тәркіленген жүзу құралдары – қайықтарды уақытша сақтау орындарының жоқтығы. Дамбы селолық округі әкімінің былтырғы ақпан айындағы шешімімен бұған жалпы көлемі 2,1 га жер телімі бөлінген. Бірақ, ол жер әлі қоршалған жоқ, – дейді мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының аға көмекшісі С.Тұрсынбеков.

Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын қорытындылаған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті балық қорын молайту басқармасының басшысы Хайырбек Мұсабаев кеңес мүшелерінің алдына «Бағалы бекіре тұқымдас балықтың уылдырық шашуына жағдай жасап, «су маржандарының» ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтіндей қатаң бақылауды жерде де, суда да орнату керек» деп, жаңа міндеттер қойды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген

Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз