ҚАРТТАРДЫ ҚҰРМЕТТЕЙТІН КОМПАНИЯ

«Каспий тұрба құбырлары консорциумы-Қазақстан» (КТК-Қ) акционерлік қоғамы көп жылдардан бері қоғамның әлсіз топтарына қамқорлық танытып келеді. Оларды барынша демеп, тұрмысын жеңілдетуге жағдай жасайды. Жақында да компания 100 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 160 «Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне барлығы 2 млн. 600 мың теңгенің азық-түлік купонын ұсынды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың мұқтажы үшін 600 мың АҚШ долларын аударды.

 

Жалпы, КТК-Қ компаниясы еліміздің мұнай-газ саласындағы іргелі құрылым саналады. Ол өндірістік жоғары көрсеткіштерімен қатар, қайырымдылық акцияларына да жиі қатысады. Компания басшылығы мұқтаж жандарға жәрдем беруге әр кез дайын. Мәселен, жақында ғана ардагерлер кеңесінің 100 мүшеcі-не «Атаба» супермаркетінде азық-түлік алу үшін әрқайсысы он мың теңгелік купон табыс етті. Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әлібек Түсібәлінің айтуынша, мұндай көмек – үлкен кісілерге көрсетіліп отырған ерекше құрмет. Кейбір мұқтаж жандарға аз-мұз азық-түлік қажет те шығар. Бірақ, ең бастысы – қарттардың назардан тыс қалмағаны.

Ардагер осы орайда компания басшылығына оның бас директорының үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Меллят Қарабалин, жұртшылықпен байланыс бөлімінің аға маманы Любовь Евстифеева, үкіметпен байланыс бөлімінің маманы Асқар Шманов арқылы алғысын жеткізді. Алдымыздағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге қарсы алуға, кешегі майдангерлерге бар жақсылықты жасауға шақырды.

Компания басшылығының қайырымдылығын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдолла да атап өтті.

– Қазақтарда үлкенді сыйлау секілді жақсы дәстүр бар, – деді ол, – ендеше, сіздердің осы әрекеттеріңізді солай бағалауға болады. Бұл кейінгі толқынға өнеге болмақ. Олар да мұндай  істі жалғастырады.

Жалпы, компания демеушілігімен өңірде бірнеше жаңа әлеуметтік нысандар қатарға қосылды. Ауыз су мен кәріз желісі, табиғи газ бен  жол тартуға демеушілік жасалды. Білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт нысандары күрделі жөнделді.

Компания өкілі Асқар Шманов та инвесторлардың қарттарды қамқорлықсыз қалдырмайтынын жеткізді. Демек, мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да лайықты жалғасын таппақ.

М.СҮМЕСІНОВ.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз