ӨНДІРІСІМІЗ ӨРГЕ БАСТЫ

Бүгінде әлемде экономикалық ахуал күрделі болып тұр. Алпауыт мемлекеттердің өздері ол тұйықтан қалай шығудың жолын іздеп, әуре-сарсаңға түсуде. Мәселен, Қытай, Ресей, сонымен қатар, Латын Америкасының кейбір елдері қалыптасқан жағдайдан өту, экономиканы әртараптандыру бағытында бұған дейін үлкен жұмыстар жүргізді. Соған қарамастан қазіргі дағдарыс олардың қайсысын да айналып өтпеді. Әсіресе, бұрынғы кеңестік бір жүйеде болған ТМД көлеміндегі республикалардың тұрғындары қоғамдағы өзгерістердің зардабын тереңірек сезінуде.

Осындай жағдайда ғаламдық экономиканың бір бөлшегіне айналған Қазақстанның айқын мақсатқа ұмтылуы орынды. Айта кетейік, әлемнің белді валюталарының жиынтық бағамы АҚШ долларына шаққанда 15 пайызға құнсызданды.

Отандық экономиканың бәсекелестігін арттыру, елдің ішкі қорын сақтау мақсатында нақты шаралар жүзеге асты және ол өзінің жалғасын табуда. Елімізде экономикалық өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін жаңа ақша-несие саясаты қолға алынуда. Үкімет ҚР Ұлттық банкпен бірлесе отырып, валюталық дәліз жүйесін өзгертіп, теңгені еркін айырбас бағамына шығарды. Мұның бәрі бүгін орындалуы қажет шаралар болатын. Өйткені, республикамыздың әлемдік экономикамен біте қайнасқаны өз алдына, бүгінде ғаламда пайдалы қазбалардың құны да төмендеп барады. Бұл – сыртқы нарыққа шикізат шығарып отырған біз үшін өте маңызды жағдай.

Осы тұста бағасы бірде өсіп, бірде құлдыраған табиғи байлыққа қарап қалмай, экономиканы әртараптандыруға ұмтылған Қазақстанның ұмтылысы орынды. Расы керек, аймағымыз әуелден мұнайлы өңір саналып келді. Дегенмен, қазіргі ахуал өзгешеленіп барады. Облысымызда ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты ауқымды жобалар жүзеге аса бастауда. Көптеген жылыжайлар салынып, егістіктің көлемдері өсті, картоп, көкөніс алқаптары ұлғайды. Ал, оның өнімдері жергілікті жердегі тұрақтылық қорын толықтырып, тұрғындардың қажет-тілігін қамтамасыз етуде. Бүгінде өзіміздің құс фабрикамыз, түрлі сүт өнімдерін өндіретін өндірісіміз, сүті адамның денсаулығына өте пайдалы ешкі өсіретін фермаларымыз бар. Бұдан өзге бірнеше ірі жобалар қолға алынуда. Жаңа өндірістің іске қосылуы жұмыс орындарын көбейтуге, салық түсімін арттыруға, бастысы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шикізаттың бағасы күн санап құлдырап бара жатқан сәтте оның мәні, қажеттілігі үстеле түседі.

Біз 90-жылдардағы тоқырауды көрдік. Одан бергі кезеңдегі әлемдік дағдарыстар елге өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Әйткенмен, біз солардың бәрінен қиындықтарға бой бермей, еңсемізді түсірмей абыроймен шыға білдік. Ендеше, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бүгінгі сыннан да сүрінбей өтеміз деп сенеміз.

Сайын ҚУАНЫШЕВ,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз