Biznes

БИЗНЕС БАСТАУДЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАЛАРЫ ҚАНДАЙ?

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/5-наурыз, 2019 жыл.  

  • Тимур ҚҰЛЫБАЕВ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы:

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» съезінде атқарушы билікке, партияға және «Атамекенге» нақты тапсырмалар берді. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да аталмыш бастаманы іске асыруға дайын.

Елбасы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осы орайда шағын және орта бизнесті дамыту, жаппай кәсіпкерлікке бет бұру арқылы азаматтардың  тұрақты табыстарын арттыру мен жұмыспен қамтылуына тоқтала кетейін. 

Кәсіпкерлікке баулу мектеп жасынан басталып, жоғары оқу орындарында жалғасын табуы керек деп есептеймін.

«Атамекеннің» бастамасымен биылғы жылдың 1 қыркүйегінен орта мектептердің 10-11 сыныптарында «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылатын болады. Сондай-ақ, кәсіби белгілі бір бағытқа баулу жұмыстарын 7 сыныптан бастауды ұсынып отырмыз. Бұл ерте жастан оқушының бизнес жайлы ой-өрісін кеңейтуге, ата-анасымен бірлесе отырып, мамандықты дұрыс таңдауына көмектесетін болады.

Ел бойынша мемлекеттік және жеке колледждердің жалпы саны 800-ден астам. Олардың жылдық бюджеті 100 млрд. теңгені құрайды. Осы оқу орындарында жарты миллионға жуық студенттер білім алуда.

Колледждердің жұмысы оқуды бітірген студенттерді жұмысқа тұрғызу деңгейімен өлшенуі керек. Ол үшін жұмыс берушілер  колледждердің рейтингісін анықтап, мемлекеттік тапсырысты сол рейтингтің нәтижесіне қарай бөлуді ұсынып отырмыз.  «Атамекен» мұндай рейтингті жоғары оқу орындары арасында  былтырғы жылдан бері жүргізуде.

Ұсынып отырған рейтингтен бөлек дуальді оқу жүйесін жұмыс берушілер  кеңінен қолдануы тиіс, ал ол үшін экономикалық тұрғыда ынталандыру қарастырылуы керек. Бұл ретте өндірісте оқыту жұмыстарын жүргізіп отырған жұмыс берушілердің шығындары мемлекеттік тапсырыс есебінен өтелгені орынды болады. «Атамекеннің» ұсынысымен мұндай әдіс қысқа мерзімді (6 ай) курстар арқылы жұмыс мамандықтарын игеруге атсалысып отырған кәсіпорындарға қолданылуда. Қазіргі уақытта  200-ге жуық кәсіпорын біздің тізімге енгізілді.

Жоғары оқу орындары арасында 2018 жылы жүргізілген рейтингтің нәтижесін қарайтын болсақ, 130 жоғары оқу орнының тек тең жартысында жұмысқа орналасу көрсеткіші  60% құрайды. Аталмыш рейтинг абитуриенттер мен ата-аналардың оқу орнын таңдаудағы басты бағдарына айналуы тиіс, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың бөлінуі барысында бұл ең басты көрсеткіш  болуы керек.

img 189 141

Елбасы «Атамекен»  мен Білім және ғылым министрлігіне үш жыл ішінде колледждер мен ЖОО жоғары курстағы 180 мың студентке кәсіпкерлік негізін оқытуды тапсырды.

Бүгінде  «Бастау бизнес», сондай-ақ басқа да оқу жобаларымыздың басын біріктірген Atameken Academy онлайн-платформасын іске қостық. Осылайша жоғары курс студенттері оқу орындарында бизнес-тренерлерімізден дәріс алып, онлайн-платформа арқылы қосымша білім алуына мүмкіндіктер жасалған. Оқу аяқталған соң студенттер жеке кәсібін бастауға гранттар немесе шағын несие  рәсімдей алады.

Білім беру жүйесіндегі қадамдарымызға қысқаша тоқталып өттім. Ал енді, ауылдық жерлердегі жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға бағытталған «Бизнес бастау» жобасы жайында кеңірек тоқталып өтейін.

Бұл міндетті іске асыру үшін 2016 жылы «Атамекен» демеушілер көмегі арқылы «Бастау бизнес» жобасын еліміздің бірнеше өңірінде қанатқақты жоба ретінде өткізген болатын. Жоба қойған міндетті ақтап, тиімділігін көрсетті. Қанатқақты жобаға қатысқандардың пікірлері оған дәлел. 

Осылайша, «Бастау бизнес» жобасы 2017 жылдан бері «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасына енген болатын.

2018 жылы еліміздің барлық аудан орталықтарында 28 мың адам «Бастау бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерінен білімін шыңдады. Оның ішінде 19,5 мың қатысушы бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шықты.  Егер пайыздық көрсеткішке шақсақ, бұл жобаға қатысқандардың 60%-ы, яғни 8 мың адам, шағын несиеге қол жеткізді. Салық мәліметтері көрсетіп отырғандай,  жобаға қатысып, кәсібін ашқандардардың 95%-ы бүгінде  салық төлеушілер қатарында. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

(Жалғасы бар)

«Атамекен» ҚР ҰКП қоғаммен байланыс департаменті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған