Жарнама
Экономика

Өзгенің жасағанын өзіміз де жасаймыз

Мұнайлы өңірде «Атырауда жасалған» деп ауыз толтырып айтатын өнім түрлері саусақпен санарлықтай. Экономикадағы шағын және орта бизнестің алатын орны да көңіл көншітерліктей емес. Иә, бүгінде облыста тіркелген кәсіпкерлік субъектісі 68 мыңға жеткен. Олар бизнесті өркендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп отыр. Десек те, сарапшылар соңғы кездері аймақта көлік, сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында алға жылжу бар екендігін айтады.

Қайтарымсыз грант пен пайызды субсидиялау

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, несиені ішінара кепілдендіру және мемлекеттік қайтарымсыз грантты атап айтуға болады.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктен несие алып, оның бір бөлігін субсидиялауға да мүмкіндік бар. Яғни, кәсіпкер 22,75 пайыздан аспайтын мөлшерлемеде несие алып, оның 7,8 пайызын бизнес иесі, ал айырмасын мемлекет төлейді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ арқылы жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның бірінші бағыты микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға арналған. Ал, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер несие алар кезде кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда 85 пайызға дейін, ісін жалғастырушы кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін кепілдеме беріледі.

–Бұдан бөлек, бағдарлама аясында кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлер үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес мемлекет тарапынан қайтарымсыз 5 млн. теңгеге дейін грант ала алады. Оны ұту үшін кәсіпкердің жобасы өңірде жаңашыл, жаңа технологиялар арқылы жүзеге асуы қажет. Сондай-ақ, ауыл кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз, несие мерзімі 4 жылға дейін, несиенің максималды сомасы – 29,5 млн. теңгеге дейін (8 мың АЕК дейін) несие беріледі. Бұл қолдау түрі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы іске асырылуда.

Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асырылып, «Атырау» ӘКК АҚ арқылы несиеленуде. Айталық, жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5 пайыз микронесиелер (несиелеу мерзімі – 5-7 жыл, микронесиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн. теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жылдық 2,5 пайыз несиелеу көзделген,-дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.

Көш басында – көлік және қоймалау секторы

Биыл мемлекеттік қайтарымсыз қолдау тетігіне бюджеттен 106 млн. теңге бөлініпті. Оның конкурсы қыркүйек-қазан айларында өтпек. Басқарма басшысы қазір облысымызда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68,4 мың болса, оның ішінде бизнес жүргізу тұрғысынан сауда, кызмет көрсету, көлік және қоймалау, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салалары серпінді дамып келе жатқанын баяндады. Бірінші жартылдық бойынша да «Бизнес жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау алған жобалардың ішінде көлік және қоймалау саласы – 119, сауда – 86, өңдеу өнеркәсібі – 53 жобамен көш бастап тұрғанын білдік.

Ал, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бизнес иелеріне шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік және меншікті бағдарламалардың операторы ретінде қаржылық қолдау көрсетеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Атырау филиалының тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бас менеджері Роза Байсалыхованың айтуынша, қордың миссиясы қолдаудың кешенді және тиімді құралдарын іске асыру арқылы шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуына жәрдемдесу болып табылады.

 Биыл қор бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын кәсіпорындарды дамыту мен қолдауды көздейтін «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» іске асырды. Ол экономиканың басым секторларын қамтиды. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлік, өңдеу өнеркәсібі мен қызметтеріндегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік секторы, моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі бизнес, әлеуметтік кәсіпкерлік, қор биржасы бар. Жыл басынан бері алғашқы жартыжылдықта жалпы несие сомасы 19,5 млрд. теңгені құрайтын 415 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойылған.

Пластикалық терезелер шығарамыз

Мамандардың пайымдауынша, соңғы жылдары бизнес иелері құрылыс саласына айрықша ден қоя бастаған. Мәселен, жеке кәсіпкер Мұрат Мейірмановтың пластикалық терезелерді, витраждарды, есіктерді құрастыру бойынша көп жылдық тәжірибесі бар. Оның айтуынша, профиль – терезе жапқыштары мен жақтаулар жасалатын барлық құрылымның негізі болып табылады. Олар терезенің сыртын ғана емес, оның беріктігін де анықтайды. Ал, металл – пластикалық терезелердегі профильдік жүйелерде үлкен мүмкіндіктерге ие.

Тұтынушылардың тілектеріне байланысты терезелер ғимараттардың, үй-жайлардың кез-келген түрінде қолдануға арналған әртүрлі пішіндер, өлшемдер мен стильде жасалуы мүмкін. Пластикалық терезелердің басты ерекшілігі, олар техникалық қызметуге көрсетуге оңай. Қосымша әрлеуді қажет етпейді, дыбыс оқшаулау, жылу оқшаулау және тығыздау бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Бүгінде жоғары кәсібиліктің арқасында «Мейірманов» жеке кәсіпкерлігі клиенттік базаны ұлғайтуға күш салуда. Өнімнің негізгі тұтынушылары – өңірдің құрылыс саласындағы мекемелері болып табылады,-дейді кәсіпкер.

Бизнес иесі өндірісті кеңейту үшін «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы ауқымында субсидиялау көмегін алған. Нақтырақ айтқанда, кәсіп иесі несиесінің жылдық мөлшерлемесі 19,75 болса, оның 11,5 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ал, 8 пайыздық айырманы кәсіпкер төлейді. Қордың кепілдігі несие сомасының 41 пайызын құраған.

Сапалы өнімдер – әрдайым сұраныста  

Атырау қаласының орталығындағы «Булки Хауз» наубайханасында үнемі кезек көп. Себебі, әрдайым жаңа піскен тәтті нан мен бәліш алуға асыққан жұртшылық мұндағы өнімнің сапалы құрамдардан дайындалатынын жақсы біледі. Ал, оның иесі, жас кәсіпкер Ұлболсын Ерубаева мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсібін кеңейтіп, аспаздық дүкендерінің қатарын көбейтуге жұмыстануда.

Бір жағдай екінші бастамаға себеп болатыны секілді, Ұлболсын Ерубаеваның бұл бизнеспен айналысуына отбасындағы жағдай түрткі болыпты. Сал ауруына шалдыққан сәбиін емдетіп, оңалту үшін көп қаражат қажеттігіне көз жеткізген ана кәсіп ашып, табысын артыруды ойлайды. Сөйтіп, ол немістің «Булки Хауз» наубайханасының технологиясын мұқият зерттеп, көршілес елдегі уфалық серіктестерінен франшиза сатып алады. Ал, осы саладағы білімін жетілдіру үшін Атырауға башқұрт аспаздарын шақыртып, қарамағындағы қызметкерлерін оқытады. Олар болса, немістің нан пісіру құпияларымен бөлісіп, атыраулық аспаздарға шеберлік сабақтарын өткізеді.

Бастапқыда жалға алған ғимаратта ашылған наубайхана қазір кеңейіп, тағы бір аспаздық дүкенмен толыққан. Бүгінде «Риза» жеке кәсіпкерлігі атыраулықтарға нан өнімдерінің 30 түрін ұсынып отыр.

Әрине, кәсіп ашқаннан кейін қиындықтар болатыны белгілі ғой. Бірақ, бес жастағы баламның ауруы маған әлсіздік танытуға мүмкіндік бермеді. Сол үздіксіз жұмыс істеуімнің арқасында бүгінде екі дүкенім бар. Ал, тұтынушыларымның сұранысын төмендетпеу мақсатында немістің нан пісіру технологиясын қатаң сақтаймын. Өнімдердің құрамдарын Ресейден сатып алып келемін. Мен мемлекеттік бағдарлама аясында банктегі пайыздық мөлшерлемені жеңілдеттім. Сондай-ақ, несие кепілдігінің 85 пайызын қор арқылы алып отырмын. Былтыр Елорда төрінде өткен көрмеге қатысып, бірінші орын алдық. Шынымды айтсам, басқа да мықты кондитерлік цехтар қатысқан көрме-байқауда жеңімпаз атанамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген,-дейді Ұлболсын Ерубаева.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button