
Өнеркәсіптің өсуі – аймақтық экономиканың жаңаша тынысы
2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісі орта есеппен 6,4%-ға артуы – еліміздің экономикалық белсенділігінің арта түскенін айқын көрсетеді. Бұл көрсеткіш тек сандар тілімен емес, аймақтардың өндірістік әлеуетінің жаңа белестерге көтерілгенімен де маңызды.
Өсімнің локомотиві ретінде Жамбыл облысының 22,9%-дық қарқынмен алға шығуы кездейсоқ емес. Бұл өңірдің рудалы байлықтарын тиімді игеруі, тыңайтқыштар өндірісіне инвестиция ағыны және цемент пен қант сияқты құрылыс пен тамақ өнеркәсібінің маңызды салаларының дамуы – өңірлік экономиканың әртараптандырылғанын дәлелдейді. Жамбыл – бүгінде тек аграрлық аймақ қана емес, өнеркәсіптік қуат орталығына айналып келеді.
Түркістан мен Жетісу облыстарында (14,8%-дан), сондай-ақ Алматы облысында (14,1%) тіркелген өсім де қуантады. Бұл аймақтардағы индустриялық дамуға химия өнеркәсібі мен тамақ өндірісі ерекше серпін беруде. Өңірлік кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, экспортқа бағдарланған өнімдерді де көбейтіп келеді.
Шымкент қаласында 18,9%-дық өсім тіркелуі – мегаполистегі өндірістік белсенділіктің артқанының нақты айғағы. Қалада металлургия мен химия саласындағы жобалар, шағын және орта кәсіпорындардың дамуы өнеркәсіптің құрылымын күрделендіріп, еңбек нарығына да оң әсерін тигізуде.
Бұл үрдістер Қазақстан өнеркәсібінің тек жекелеген орталықтарда емес, барлық аймақтарда теңгерімді дамып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламалардың, инфрақұрылымдық қолдаудың және жеке инвестициялардың ұштасуы өз нәтижесін беруде.
Алдағы уақытта да осы қарқын сақталса, еліміз өнеркәсіптік дамуында сапалық жаңа деңгейге көтерілуі әбден мүмкін. Бұл, сөзсіз, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына, халықтың әл-ауқатына оң ықпал етеді.
Райхан МҰҒАУИНА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау уинверситетінің экономика кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Сурет: ortcom.kz