
Өндіріс ұлғайса, өнім де молаяды
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасын өркендетудің қозғаушы күшіне, яғни оны алға сүйрейтін локомотивке айналып отыр. Сондықтан қай салада болмасын экономиканы дамытуға жаңаша серпін беретін заманауи жобаларды іске қосудың маңызы зор. Өйткені өндіріс ұлғайса, өнім де молая түсетіні сөзсіз.
Атырау облысында да өміршең жобалар қолға алынып, өңір экономикасының өрісін кеңейтуге септігін тигізуде.
Мәселен, құрылғанына көп уақыт болмаған қаладағы «Назар» жеке кәсіпкерлігі санаулы уақыт ішінде адамдардың денсаулығын жақсартып, физикалық тұрғыдан оңалтуға мүмкіндік беретін ортопедиялық матрастар өндірісін жолға қоя білді. Қазіргі уақытта мұнда күніне 30-40 дана матрас шығарылады.
– Біздің кәсіпорында бүгінде бұл өнімнің 45 түрі дайындалады. Айта кету керек, әрбір тұтынушы біздің өнімдерімізді өз қалауына, қажеттілігіне қарай және қолжетімді бағамен сатып ала алады. Өндіріске пайдаланылатын шикізаттың басым бөлігі – отандық өндірістің өнімі, ал қалғаны Қытайдан жеткізіледі. Нақты айтқанда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржылай қолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оң әсерін тигізіп отыр, – дейді жеке кәсіпкер Айнұр Төрежанова.
Дәулетқали АРУЕВ