Облыс әкімі полипропилен зауытының құрылысымен танысты (+ФОТО)
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов полипропилен шығаратын зауыттың құрылыс барысымен танысты.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы «KPI Inc.» ЖШС құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы зауыттағы пропанды құю және сақтау паркі, пропанды дегидрлеу, пропиленді полимерлеу қондырғылары, дайын өнімді сақтау қоймасы, орталық зертхананың жұмыс барысымен танысты. «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтің мәліметінше, қазіргі таңда іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
— Шілде айында полипропиленнің халықаралық талаптарға сай алғашқы партиясы алынып, толық сынақтан өтеді деп жоспарлап отырмыз, — деді Дамир Әшімов.
Полипропилен өндіретін зауыттың жылдық қуаты — 500 мың тонна. Өндіріс ошағында 550-ге жуық қазақстандық жұмыс жасайды. Олар Колумбия, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінде біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Қызметкерлерді оқыту алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сонымен қатар облыс әкімі арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарға қызмет көрсететін «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақтың қызметімен танысты.
Бүгінде өңдіріс аймағында теміржол өткелі, темір жол стансасы, автокөлік жолы, электр желілері дайын. Газтурбиналық электр стансасы, сығылған ауа және азот өндіретін қондырғы іске қосылып, өрт сөндіру депосы салынуда.
Бұдан бөлек, мұнда полиэтилен, бутадиен шығару бойынша жобалар іске асырылады.