Жарнама
ЭкономикаҚоғам

Несие күліп келіп, жылап қайтады

Қазір несиені «несібе» деп жар сала жарнамалаған банк біткен бұқараның қол-аяғын жіпсіз байлап тастағандай. Қазақстандықтар қарыз алуға құмар болып бара ма, қалай? Ал, алған ақшаны уақытында қайтара ала ма, жоқ па, онымен банк те, борышкер де бас қатырғысы келмейді.

Толғандырар тақырып1

Кредитсіз күн көре аласыз ба?

Алдымен, «кредит» дегеннің не екенін білесіз бе? «Creditum» – қарыз, «credere» – «сенемін» деген мағынаны беретін латын сөздерінен құралған. Несиенің түрі де көп. Бірі ақшалай, екіншісі заттай беріліп жатады. Бірақ, түпкі мақсаты бір. Бүгінде көпшіліктің санасын жаулағаны – тұтынушылық несие. Өйткені, олар жылдам әрі оңай рәсімделеді. Банкпен келісім-шарт жасасып, алақандай қағазға қолыңызды қоясыз. Онда қос тараптың да міндеттемелері егжей-тегжейлі көрсетілген.

Бір өкініштісі, сол құжатта нақты не жазылғанына көп адам назар аудармайды. Көзді тарс жұмып, қолын қоя салады. Екінші жағынан, қаражатқа мұқтаждар банк қандай талап қойса да, орындауға дайын тұрады. Оның үстіне, «саудагер мұраты – ұту» демекші, банк те келісім-шартты көзге көрінбейтіндей етіп ұсақ әріптермен жазып қоятынын қайтерсіз?!

Жалақыдан жырып, банкке береді…

Несие алушылардың бір қателігі, басындағы баспанасын, не астындағы көлігін кепілдікке қоя салады. Кейін, қарызды өтей алмаған жағдайда опық жейді. Өйткені, борышкер келісім-шартта көрсетілгендей, ақшаны мерзімінде қайтармаса, үстіндегі өсімі ұлғая береді. Ақыры, қарыз жеке мүліктен не жалақыдан өндіріледі.

Екінші мысал, әріптесімен бірге бизнес бастамақ болғандар да кредит алады. Бірақ, ішкі нарық жағдайын әлемдік экономикадан бөліп қарауға болмайды. Сондықтан, сыртқы әсердің де ықпалы зор. Ал дағдарыс кезінде кәсібі кідіріп қалса, әріптесі қашып кетуі әбден мүмкін. Ондайда бәрібір қарызды қайтаруға тура келеді. Осыған ұқсас тағы бір жағдай, әріптестердің бірі өмірден өтсе, банкке берешек автоматты түрде екіншісінің атына ауысады.

Кепілдегі көлік – сатылымда

Енді өмірдегі жағдайдан мысал келтірейік. Сот мамандары берген дерекке сүйенсек, былтырғы Атырауда тоғыз айда 48 миллиард сомаға 7376 іс тіркелген екен. Анықтап келгенде, біреулер қарызды не үшін алғанын да білмейтін болып шықты. Тіпті, кейбірі сыныққа сылтау іздегендей, «үй жөндеуге алдым» деп те ақталады екен. Яғни, алған ақшаның басқадан емес, түбі тек өзінен ғана өндірілетінін, мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінбейді. Сөйтіп, сот үрдісіне қатыспай, сайрандап жүреді.

Өкінішке қарай, бүгінде тұрғындардың құқықтық сауаттылығы төмен деңгейде қалып отыр. Мәселен, борышкерлердің ісін зерделеп көрген мамандар, көбісінің кепілдікке қойған көлігін жеке мекемелерге сатып жіберетінін анықтаған. Сөйтіп, олар «қарызды қайтара алмасақ, қашып құтыламыз» деп ойлайды. Бірақ, бұл ақымақтық әрекет екені рас. Себебі, кредитке алынған көлік сатып алушының меншігіне өте алмайды.

Еріншек, бекер мал шашпақ…

Банк тұтынушыларын ең алдымен, пайыздық мөлшерлеме мен несие мерзімі қызықтыратыны ақиқат. Елімізде екінші деңгейлі банктердің несие шарттары мен пайыздарын қадағалайтын орган – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі. Ондағы мамандар тиімсіз шарттан опық жеген тұрғындардың құқығын қашан да қорғауға тырысады. Аталған банктің Атырау филиалы мамандарының айтуынша, мемлекетімізде 15-20 пайыздан төмен үстеме ақы көрсеткіші тіркелмеген. Егер бір жылға 20 пайызбен қарыз алсаңыз, екі жылда жартысына жуық, ал, үш жылда жартысынан көп ақша төлейсіз. Абай атамыз айтпақшы, «еріншек, бекер мал шашпақ…» деген осы!

Бір қызығы, кейбір банктер пайыздық мөлшерлемесін алғашында 10 пайыз деп көрсетуі мүмкін. Кейін, жеме-жемге келгенде, онысы 20 пайыз болып шығады. Оның да салмақты себебі бар. Өйткені, банк өзі көрсеткен қызметі үшін екі-үш пайыз комиссия ұстайды. Онысын келісім-шартқа жазып көрсетеді. Бірақ, оған мән беріп отырған тұтынушы бар ма? — дейді ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаров.

Тегіннің тұзы татымас…

Қазір елімізде барлығы 37 коммерциялық банк бар. Тіпті, Атыраудың өзінде жиырмадан астам банк ақша айырбастау, түрлі аударымдар жасау қызметтерін көрсетеді. Әйтсе де, несиенің несібесін көргендер қарызын кейін қайтаруға асықпайтын секілді. Оларға банк «жолда жатқан батпан құйрықтай» жеңілдіктерді ұсынудан да тайынбайды. Мақсат – төлемді қайтару.

Мәселен, 2016 жылы – 10757, былтыр 9564 шарт жасалыпты. Сонда, орта есеппен бір адамға шаққанда екі несиеден келеді екен. Ал, заңға сүйенсек, несие мерзімін ұзартуға да, аяқ астынан орын алған оқиғаларға орай, келісім-шарт тәртібін өзгертуге де болады.

Атыраудағы екінші деңгейлі банк менеджері Тимур Бақыттың (аты-жөні өзгертіліп алынды) айтуына қарағанда, кез келген банк өз тұтынушысымен жекелей сөйлесіп, келісімді бұза алады екен. Алайда, мерзім ұзарған сайын үстеме ақы да ұлғаяды. Ішкі мүмкіндігі зор кей банктер жарнаманы «тегін ипотека, қайтарымсыз қарыз» деп «айқайлатып» қояды. Өйткені, тұтынушыларды барынша қызықтыру, мейлінше ынталандыру қажет. Кейін көрпені өздеріне қарай тарта жөнелсе, таң қалмаңыз! Демек, мынау нарық заманында «тегіннің тұзы татымайды» деп тура ай-тылған-ау…

Сіз не дейсіз?

Батыржан МАНСҰРОВ, «Иманғали» мешітінің бас имамы:

Шариғатта өсім арқылы қарыз алып-беруге тыйым салынады. Егер біреудің басында баспана болмай, не оны жалдауға жалақысы жетпесе, түсінуге болады. Ал, кейбір жастар ешқандай мұқтаждығы болмаса да, қымбат ұялы телефонды несиеге ала қояды. Кейін төлей алмай, ақыры өзін кінәлі сезініп, түрлі әрекеттерге барып жатады. Тіпті, теріс жолға да түсуі мүмкін.

Несиелік  бағдарламалардың жылдық  үстеме  ақысы:

«Жедел жалақылық» – 24%

«Жедел баламалы» – 29%

«Жеке қолма-қол» – 23-25%

«Оңай экспресс» – 17-18%

«Автокөлік» – 13-15%

«Кезек күттірмейтін қажеттіліктерге» –

13-23%

Шет  елдердегі  өсімпұл көрсеткіші:

Испанияда – 4,25-4,5%

Кипрде – 7%

Ұлыбританияда – 5,7%

Болгарияда – 8,9%

Біріккен Араб Әмірліктерінде – 6,7%

Ал, Қазақстанда – 10%

Амандық Абдол

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button