НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ
— Ілкіде біраз кедергілерге кезігіп, қиындықтарға тап болғанымды жасырмаймын. Көп кешікпей оның бәрі артта қалып, ойға алған жұмысым жанданып сала берді. Жергілікті билік пен ел ағалары, мүдделі құрылымдар тарапынан да тиісінше көмек-қолдау көрсетілді. Жайық жағасындағы Алға ауылының аумағынан қажетті жер телімін, мемлекеттен несие алып, тәуекел деп кірісіп те кеттім. Мұным бекер де болмады. Арада жылдар өте келе маңдай терімнің өтеуі қайтып, шын ниетіммен бастаған жұмысым жемісін бере бастады. Ерінбегеннің егінші атанып, баптай білгенге жер-ананың да жомарттық танытарына көзім жетті, — деп әңгіме тиегін ағытты Ақмарал.
Білгеніміздей, Ақмаралдың жетекшілігіндегі серіктестік бұл күндері ауылдағы жиырмаға жуық адамды жұмыспен қамтуда. Жұмысшылардың еңбекақылары уақытымен төленіп, зейнетақы қорына түсетін жарналары да дер мезгілінде аударылып отырады. Егінжай селолық округ орталығынан қашықтау орналасқандықтан егіншілер үшін арнайы тасымал көлігі шығарылған. Егіншілікте қолданылатын техника-құралдары да жеткілікті. Ұжым өткен жылдың өзінде баптауларындағы көкөніс-бақша дақылдары егіндігінен 70 тонна сәбіз, 50 тонна қызанақ және 30 тонна қырыққабат, баклажан, басқа да өнім түрлерінің ысырапсыз жиналуын қамтамасыз етті. Егінжай ырыздығының бір бөлігі балауса күйінде тұтынушыларына жөнелтілсе, артық-ауысы қыс қамымен қоймада қалдырылды.
Осылайша, ағынан жарылып, ойындағысымен ортақтасқан серіктестік директоры Ақмарал Кабулова биылғы жылға межелеген жоспарларын да алға тартты.
Дәулетқали АРУЕВ.