Мемлекет қарызы мөлшерден аспайды

 ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Астанада ағымдағы экономикалық ахуал жөнінде есеп берді. Ол Қазақстанның мемлекеттік қарызын басқару қатаң бақылауға алынатындығын ескертті. Жиынға онлайн режимінде республиканың өзге өңірлерімен бірге атыраулық сала мамандары да қатысты. Басқосу барысында қазір қай елдің де экономикалық даму қарқыны бәсеңсігені айтылды. Сондықтан босаңсуға еш негіз жоқ. Қолда барды тиімді пайдалануға ұмтылу қажет.

  Соңғы жылдары жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) тек мемлекеттік қарыз есебінен ғана өсіп отыр. Осы ретте министр бюджет шығынын азайту арқылы қарыздың өсуіне жол бермеу керектігін алға тартты.

– Халықаралық тәжірибе бойынша әр мемлекетте сыртқы қарыздың деңгейін білдіретін мөлшер белгіленген. Ол сол елдің қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Демек, мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 60 пайызынан өспеуі керек. Ал, оны төлеу бағытында атқарылатын қызмет бюджет кірісінің 15 пайызынан аспауы тиіс. Қазақстанның мемлекеттік қарызы биыл ЖІӨ-нің 21,6 пайызына тең десек, қызмет көрсету 9,8 пайызды құрады. Яғни, мүмкіндігіміз әлі де мол, – деді ол. Айта кетейік, мемлекеттік қарыз тізімінде дүние жүзіндегі 134 елдің ішінде Қазақстан 12-ші орында тұр. Сонымен қатар, Б.Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік түсім-шығындарды рәсімдеу және қазынашылық қызметті реттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетін-ді. Бұл шаралар да ел экономикасына жаңа қаржы көздерін тартуға мүмкіндік бермек.

 Бүгінде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу жайы қоғамның қызу талқысына салынуда. Бұл туралы министр:

– Жаңа жүйе салық саласындағы әділеттілікке жол ашады. Яғни, халық өз кірістерін сапалы білім мен ем алуға, ипотекалық берешегін жабуға жұмсайтын болады. Бұл ретте әр қазақстандықтың нақты табысы есепке алынады, – деді.

  Ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алуды бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді. Конкурс барысында келісім-шартты бекітуге дейін ішкі мемлекеттік аудиттің органдары веб-портал арқылы барлық заң бұзушылықтарды елеп-екшейтін болады. Бәсекелестік ашық түрде жүргізіледі. Жарты жылда 1,3 трлн. теңгеге 160 мың лот қамтылып, 200 млрд. теңгеден астам қаржы көлемінде заң бұзушылықтар жойылды.

  Өткен жылы төрт триллион теңгеге жуық қаржы ағымына талдау жасалып, нәтижесінде төленбеген 75 млрд. теңге салық көлемі анықталған екен. Мұның бәрі де адал еңбек етіп жатқан бизнес иелерінің құқығын қорғау үшін қажет. Алдағы уақытта аталған министрлік жалған кәсіпкерліктің алдын алу картасын әзірлемек.

Амандық Абдол.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз