МАЛШЫ АУЫЛЫ АЛАҢСЫЗ
Ертелі-кеш үзілмейтін жұмысқа үйдегі 80 жастағы Бәкиза әже де үнемі ақыл-кеңесімен үлесін қосып келеді. Бірнеше жылдар қатарынан «Путь Ильича» кеңшарының малын баққан аға шопанның жолдасы ретінде үлкен кісінің өз ұрпақтарына айтар ақыл-кеңесі жетерлік. Балалары да үлкенді тыңдап, керегін еңбектеріне жаратуға ұмтылады. Мал бағудың да хаттап қағазға түсірмесе де ежелден келе жатқан бұлжымайтын қатаң тәртібі бар. Оның үстіне әкенің құтты шопандық таяғын ұстап қалған Сергейдің басқаға да көп алаңы бола бермейді. Қайта қолдағы бірді екі етіп, жоқтан бар жасауға ұмтылады. Қайта құрудан соң жеткен нарықтың қатал заңы да біраз нәрсені үйретіп тастады ғой.
— Сергейдің өзі мал баққанымен техника тілін жіті меңгерген механизатор, содан да кеңшар тарағанда үлеске тиген ескі ЮМЗ тракторы мен тіркемесі, тағы басқаларын өзі жөндеп жүргізіп келеді. Оның арқасында жаз күндері малға жеткілікті етіп пішен дайындап алды. Басқа да шаруасына ұтымды пайдалануға тырысады. Сонымен қатар, көп шаруаға қолайлы атаны да бар. Енді қолдағы мал басын көбейту үшін шағын несие сұрап отыр. Ол ойы іске асса, шаруашылығы тым тәуір кеңейе түсер еді,-дейді Көктоғай округі әкімі аппаратының бас мамандары Н.Досанов пен О.Құспанов.
Мамандар шаруа адамының ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолұшын беріп жүретіндігін жеткізді. Несі бар, еңбекпен келген табысты иесінің қалай жұмсаса да еркі емес пе?!
— Жалпы 2013 жылы округте барлық түрінен мал басы өсіп отыр. Атап айтқанда, алдыңғы жылмен салыстырғанда жылқы-130, түйе-115, ірі қара-103, қой-ешкі 118 пайызға өсті. Соның арқасында мал өнімдерінің көлемі артты. Бұл жағынан Көктоғай округі ауданда алдыңғы қатарда келеді. Мал шаруашылығының дамуы оның азығына да байланысты. 2013 жылы қажетті мал азығы округ аумағынан дайындалып және көршілес Батыс Қазақстан облысынан сатып алынды. Биылғы жылы ірі сабақты мал азығын дайындаған шаруа қожалықтары субсидия алуға қол жеткізді,-деді округ әкімі М.Құсайынов.
Ал, бұл көрсеткіштердің өсуінде бүгінде мал қыстату науқанын өз дәрежесінде өткізуге бар күш-жігерін жұмсап жатқан қарапайым еңбек адамы Сергей Бәйнешов отбасының да қосқан үлесі қомақты екені сөзсіз.