МҰНАЙЛЫ ТЕҢІЗ ПРОРВАДАН БАСТАЛДЫ

қарт Ембінің қара шаңырағы 50 жылдығын лайықты қарсы алды

КЕНІШ ТӨСІНДЕГІ ЫСТЫҚ ҚАУЫШУЛАР

Тарихи тамырын Қарашүңгілден тартып, бүгінде телегей Теңізге айналған қазақ мұнайына 114 жыл толып отырған шақта Жылыойда мұнай-газ кешені қызметкерлері күнін атап өту жылдағыдан да ерекше сипат алып, ол Прорва кен орнының игерілуіне 50 жыл толу мерекелік шараларын өткізумен тұспа-тұс келуімен қазыналы өңірдің шырайын кіргізіп жіберді.

Кемел кеніш кең тыныстап жатыр. Сарала таңнан салтанат құшағына енген «Каспий самалы» вахталық кентінің жазғы сахнасы аумағы абыр-сабыр. Құлсары, Жаңа Қаратон, Қосшағыл және Атырау аймағында тұратын мұнайшылар әулетінің жүздеген аға ұрпағы мен бүгінгі ізін басқан жас буындары толайым қауышып, бірін-бірі құттықтап, мерейлі жүзбен мәре-сәре болып жатыр. Айналадағы айшықты көрініске, әуелеп төгілген әсем ән мен тәтті күйге еліткен көптің көңілдеріне қанат бітер ме?! Қайда да шынайы көңіл, ақ тілек. Айтар әңгіме тиегі әріден ағытылып жатыр.
Мұнайшылардың осынау мерейлі сәтте орайымен жүздесіп жатқан «Казмұнайгаз» Барлау. Өндіру» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов пен «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Жұмабек Жамауовқа айтар көкейдегі көрікті ойларына да жол ашылғандай.
Жастар жағы бұл шақта минифутбол, кір тасын көтеру және арқан тартыс жарыстарын қызу бастап кетіп еді.
Міне, қарт Ембінің қара шаңырағы – Прорваның 50 жылдығы мерекесі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты бишілер тобының мың бұралған биімен салтанатты жағдайда ашылды. Кен орнының кешегісі мен бүгіні турасында баяндама жасаған «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Аманкелді Сүлейменов ондаған жылдар бойы өркенді өндірісте жүзеге асқан өрелі істердің өзегіне терең бойлады.
 

«ТЕҢІЗ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДАҒЫ» ТЕГЕУРІН

…Прорва – тұтастай алғанда Атырау аумағындағы ең іргелі мұнай алаңдарынан тұратын іргелі кеніш, тұзкүмбезді құрылымнан орын алған. Мұнда алғашқы мұнай белгісі Шығыс Прорва кен кен орнынан алынып, 1959 жылы аталмыш алаңда геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Төлеш Құлгелдиевтің бригадасы жаз уақытында Каспий ойпатының оңтүстік шығыс ернеу маңындағы Прорва қойнауына ілкі бұрғы бойлатқан болатын.
Сөйтіп, өңірде «Прорва» атауына ие болған алғашқы барлаушылар мекені пайда болды.
Жер тандырын тартқан жанкешті еңбектің де өз уақытында берер жемісі бар. Арада жылдан астам мезгіл сырғып өткенде, яғни, 1960 жылдың 11 тамызында №1 барлау ұңғысынан тұңғыш мұнай мен газ бұрқағы атқылады. Үміт пен сенім ұштасып, үлкен де іргелі істерге жетеледі, болашаққа батыл қадам жасауға мүмкіндік берді. Айталық аталмыш оқиғадан кейін, 1962 жылдың ақпан айында терең бұрғылау мекемесі құрылып, Орта және Шығыс Прорва кен алаңдарында бұрғылау жұмыстары ауқымы ұлғайтылды. Соның нәтижесінде кейін 17 барлау ұңғысы қазылып, тиісті сынақтардан өтті.
Кенді алаңның тынысы кеңейді. Байлық көздерін ашудағы бойлай іздену, ілгерілеу бұл өңірде бірегей өзгерістерге бастады. 1963 жылдың сәуірінде ендігі іріленген мұнай бөлімшесі өз алдына енші алып шығып, Прорва мұнай кәсіпшілік басқармасы болып құрылды. Оның басшылық қызметіне тәжірибелі, ұйымдастырушылық қабілеттері мол білікті кадрлар тартылды. Мәселен, басқарманың алғашқы директорлығына Сағидолла Нұржанов, бас инженерлігіне Құмар Балжанов, ал бас геологі қызметіне Орынғали Есқазиевтар тағайындалып, оларға үлкен сенім артылды.
Бұл бір аса жауапты кезең еді. Прорва бұрғылау басқармасы жасақталып, барлаушылар жеті қат жерасты қазынасына шабуылды үдете түсті. Орта Шығыс Прорва тәжірибелі сынақ ретінде пайдалануға берілді. Кен орны пайдалану қорындағы сол кездегі алты ұңғыманың өзімен ғана тәулігіне 194, жылына 53632 тонна өнім беріліп тұрды.
Ең жоғарғы өнімге, яғни рекордтық көрсеткішке кәсіпшілік 1978 жылы қол жеткізді. Бұл кезеңде Прорва кәсіпшілігі бойынша 103 ұңғыдан 1 млн. 503 мың 894 тонна қара алтын өндірілді.
Баршаға белгілі, Сағидолла Нұржанов жетекшілік еткен кәсіпшілік басқармасының құрылған уақыты Прорваның туған күні ретінде тарихқа енді. Ал, тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған кен орны 2003 жылдан бастап осы айтулы тұлғаның есімімен аталады.
Жемісті жылдар жылжыды. 1992-1999 жылдар аралығында мұнда тағы тоғыз ұңғы тереңге бойлап, юра, триас қабаттарынан жаңа мәліметтер алынды, сөйтіп, өндірілетін «қара алтынның» қоры 6 млн. 443 мың тоннадан асты. Ал, 2012 жылы «ҚазақстанКаспийШельф» акционерлік қоғамы Орта, Шығыс және Батыс кен алаңдарының юра, триас қабаттарына 3Д сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бес жыл ішінде жойылған ұңғылардан екінші оқпан қазылып, 44 ұңғы қайтадан пайдалануға берілді. Оның 25-і фондандық әдіспен іске қосылған еді.

ҮШІНШІ ӨРЛЕУ КЕЗЕҢІ ҮРДІСІНДЕ

Жаңару кезеңінде өңірдегі мұнай өндірісі қызметі де жаңаша сипат алу үстінде. «Прорвамұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы 2005 жылдан бастап, өнім өндіруде жаңа технологиялық әдіске көшті. Қабатты гидрожару арқылы жүзеге асқан бұл шаралар оң нәтиже беріп, прорвалықтарды тың өнім тасқынын алуға бастады. Бұл – кен орнының үшінші өрлеу кезеңіне жол ашылды деген сөз. Сөйтіп, батыс алаңда эксплуатациялық бұрғылау басталып, 2011 жылдарға дейін 10 жаңа барлау ұңғысы қазылып, сынақ жұмыстары жүргізілді. Жаңа геологиялық триас қабатының моделі жасақталып, оның қуаты мұнай қабатының қалыңдығымен жоғары бағаланып отыр. Бұрғылау жұмыстары аяқталған жоғарыдағы 10 ұңғыдан алынған мәліметтерге сүйеніп, 2012 жылы мұндағы есептелген геологиялық қор 6 млн. 684 тоннаға, ал өндіру қоры 1 млн. 650 мың тоннаға дейін артқандығы айқындалып отыр. Соның нәтижесінде 1999-2012 жылдар аралығындағы жылдық өнім 275 мыңнан 420 мыңға көтеріліп, 52 пайызға өсті.

МАРАПАТҚА
ЛАЙЫҚСЫҢДАР, МҰНАЙШЫ ӘУЛЕТІ!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген. Прорвада және түстен кейін Құлсарыдағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен салтанат сәтінде өңірді игерушілер мен өндірістік майталмандардың тарапына айтылған жылы лебіз, алғыс сезім және марапатты құрметтеулерде шек болған жоқ. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның бас директоры Абат Ақмұқанұлы мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігінің Құрмет грамотасымен цех бастығы Мұқашев Қабдырахманды, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Құрмет грамотасымен «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның құрылыс жөніндегі қызмет бастығы Қайырғали Бақтығалиевты, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның Құрмет грамотасымен инженер-механик Қалибай Бапаевты, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның Құрмет грамотасымен автокөлік жөндеуші Жұмабек Ғазизовті және Алғыс хатымен мұнай дайындау және айдау цехының ауысым шебері Манас Манкишев пен автоматтандыру қызметінің бірінші категориялы маманы Жігер Жақашевты марапаттап, омырауларына «Прорва кенішіне – 50 жыл» төсбелгісін қадады. «Казэнерджи» Қазақстан Ассоциациясының медаліне басқарманың өндірістік-техникалық қызметі бастығының орынбасары Мейрам Андиров, Құрмет грамотасына мұнай-газ өндіру операторы Мұхамбетжан Сыдықов, ал Алғыс хатына мұнай-газ өндіру операторы Оңайбай Ембергенов және өндірістік мұнай жабдықтарын жөндеуші Бауыржан Иманғалиев ие болды.
Мұнайшы-ардагерлерге деген осындай сый-құрмет «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Жұмабек Қадірбайұлының тарапынан да жасалды. Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан ұзақ жылғы жемісті еңбегі және өндірісте қол жеткізген зор жетістіктері үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамотасымен мыналар марапатталды: Наукенов Мақсот – басқарманың бас технологі, Самалықов Саламат – мұнай дайындау және айдау цехының бастығы, Бисенқұлов Қонысбай – еңбек және қоршаған ортаны қорғау инженері, Самат Төлешов, Ғабит Есенов – жерасты жөндеу операторлары, Мұрат Төлешов – мұнай-газ өндіру шебері, Қайыржан Тоқсанов – механикалық жөндеу шеберханасының шебері.
Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен мұнай-газ өндіру операторы Зияш Тәңірбергенова мен өндірісті автоматтандыру қызметінің бастығы Дүйсенғали Аяповты марапаттау Жылыой ауданы әкімі Мақсым Шафихұлы Ізбасовтың үлесіне тиді.
Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіподақ комитеті тарапынан ұзақ жылғы қажырлы еңбектері үшін ондаған мұнай саласы қызметкерлері бағалы және ақшалай сыйлықтарды иеленді.
Мерекелік марапаттау кезіндегі ең үлкен оқиға – алты жұмысшыға, атап айтқанда мұнай-газ өндіру операторлары Оңайбай Ембергенов, Есенбай Көрпебаев, Нұрберген Тапалов, мұнай дайындау және айдау цехының операторы Сағынғали Әбдірахман, жерасты жөндеу операторы Сәлімжан Адаев және технологиялық көлік колоннасының машинисі Ильдар Қуаналиевке қажырлы еңбектері үшін автомашина кілтін тапсыру рәсімі болды.
Мұнайшылар Мәдениет үйінде көрсетілген «Прорва – 50 жыл» атты деректі фильм және прорвалықтар туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі де жиналған көпшіліктің назарын өзіне еріксіз аударып жатты.
ТҮЙІН
Бүгінде басқарманың Прорва бөлігі 1963 жылы іске қосылған Орталық Шығыс Прорвадан, яғни қазірде С.Нұржанов атындағы кен орнынан бастап, 1970 жылы өнім бере бастаған Ақтөбе, 1977 және 1980 жылдары ашылған Батыс Прорва мен Досмұхамедов атындағы мұнай алаңдарынан тұрады. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, қазір мұндағы Орта, Шығыс және Батыс алаңдардағы триас қабаттарында эксплуатациялық ұңғылар қазылып жатыр. Күні бүгінге дейін кеніште қазылған ұңғылардың саны 285 болса, пайдалану қорында 176-сы бар. Соның ішінде 83 ұңғының бұрқақтық әдіспен жұмыс жасап тұрғандығы оның қуатты серпінін айғақтаса керек.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.
Суреттерді түсірген
Рақым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз