Жарнама
Экономика

МҰНАЙ САЛЫҒЫ

— Дүниежүзілік додада мұнай бағасы құлдырады. Осы орайда «қара алтын» өндіруші компаниялар қандай қиындықтарды бастан кешіп отыр?

— Бұл, әсіресе, жеке меншік нысандағы кішігірім кәсіпорындарға ауыртпалық әкеледі. Мен алдымен мұнай өндіретін шағын мекемелердің өмірге қалай келгендігін, оның нендей қажеттіліктерден туындағанын айтып өтейін. Біріншіден, байырғы кен орындарының қайтарымы кеміді. Олардың әбден тозғандығы соншалық, кейбірін уақытша тоқтатып қоюға да тура келді. Мұндай ұңғымалардан мұнай алу – әрі қиын, әрі қайтарымсыз. Әрқайсысы жеке зерттеуді және біраз қаражат жұмсауды қажет етеді. Бұған, турасын айтқанда, ірі компаниялардың стратегиялық жоспары сәйкес емес. Тиімділігі шамалы кеніштерге қаражат жұмсауға да құлықсыз, уақыт да оздырғысы келмейді. Демек, еш қызығушылық тудырмайды.

Екіншіден, осындай себептермен ірі кәсіпорындар көне кеніштерді тастап кетеді. Жаңа перспективалы кен орындарына қоныс аударады. Бұл үшін, әрине, оларды кінәлаудан аулақпыз. Бірақ, бұрынғы орында кәнігі мамандар қалды ғой. Олар қайда барады? Отбасын қалай асырайды? Қараусыз қалған осындай кейбір елді мекендердің орталыққа қоныс аударуы да содан емес пе? Мұндағы проблеманың бәрін мемлекеттің мойнына артып қойған да жараспайды.

Міне, осы негізгі себептер елімізде шағын мұнай компанияларының өмірге келуіне түрткі болды. Рас, олар тұтас елдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер ете қоймас. Бірақ, алдына қойған азды-көпті міндетті атқара алады. Аймақта жұмыссыздықты азайтуға, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешуге септігін тигізеді.

Жалпы, дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, шағын мұнай мекемелерінің құрылуы – осы салада монополиялық үстемдікті орнықтырмау жолы. Мұнда да бәсекелестік орта қалыптасады. Қай компания жемісті жұмыс жасап, жер қойнауын пайдаланудың тиімді тәсілін ұсынады, соған басымдық беріледі. Көне кеніштерді одан әрі игеруді қолға алған шағын компаниялар, әрине, белгілі бір дәрежеде тәуекелге де барады. Әйтсе де, азды-көпті қаржы шығындаған соң тың технология іздестіру арқылы қайтарым жолында тер төгеді. Тіпті, кейін күрделі кеніштерде қолдануға жарайтын жаңашыл бастамалар шағын кен орындарында туындап жатады. Осында тәжірибеден сәтті өткізуге болады. Мәселен, біз өзімізде талай тың тәсілдерді жүзеге асырдық.

— Демек, мұнай-газ саласындағы шағын кәсіпорындарға да мемлекеттік қолдау қажет қой.

— Әрине. Біз де мемлекет құрамындамыз, Елбасының шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмасы да бар. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында жоғарыдан төмен бағыныштағы іргелі компаниялармен қатар он мың шамасында тәуелсіз шағын кәсіпорын бар. Солардың кейбірі тәулігіне бірнеше тонна ғана «қара алтын» береді. Бірақ, қажет құрылым. Канадада көмірсутегі шикізатының үштен бірін шағын кәсіпорындар өндіреді. Ұлыбританияда жаңа технологияға, озат техникаға бейімделген кішігірім компаниялар тұтас ел экономикасына сүбелі үлес қосады. Міне, байқап отырғанымыздай, шетелде мұндай құрылымдар, біріншіден, адал бәсекелестікке жол ашады. Екіншіден, шикізат базасы табиғи тозғанда ескі ұңғыманың өнімін барынша сарқып алуға мүмкіндік береді. Демек, бұл бағытта тиісті дәрежеде мемлекеттік нақты қолдау қажет, шағын мұнай өндіруші кәсіпорындарды көтермелеу керек. Қазақстанда, менің ойымша, жер қойнауын пайдалануға байланысты заңдылықтар, тіпті тұтастай құқықтық база, әлі бастапқы қалыптасу сатысында. Әрине, мұның объективті себептері де бар.

— Сонда нақты қандай заңдылықтарға өзгерістер енгізу керек?

— Расында да, кейбір заңдылықтарды дереу толықтырған жөн. Қатып қалған қағида жоқ. Сондықтан, бәрін де дүниежүзілік додадағы өзгерістерге орай оңтайландыру керек. Сыртқы нарықтың әсерін сезінген жөн. Мәселен, «Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жер қойнауы туралы», «Кәсіпорындар мен ұйымдардың табысына салық туралы», «Өнімді бөлісу келісімі туралы» Заңдар мен Салық кодексіне қосымшалар қажет-ақ. Әсіресе, мұнай өндіруші шағын компанияларды қолдауға бағытталған заңдылықтар керек. Бұл сала да шағын және орта бизнеске жатады. Ендеше, неге назардан тыс қалады? Салалас министрліктер мен ведомстволардың нормативтік актілерінде кішігірім кәсіпорындардың рөлі айқындалғаны абзал. Сонымен қатар, жер қойнауы учаскелерін пайдаланғанда арнайы салық режімі туралы заңды және кейбір құқықтық құжаттарды жасақтауға дереу кірісу керек. Бұл менің ғана емес, көптеген мамандардың пікірі.

— Сонда салыққа қатысты жеңілдіктер қажет пе?

— Жасыратыны жоқ, ел бюджетіне қомақты түсімді мұнай-газ саласы береді. Ұлттық қор да көмірсутегі шикізатын сыртқа сатудан келетін қаражаттан құралады. Демек, бұл бағыттағы салықты азайтса, бюджеттің бүйірі де ортайып қалады.

Әйтсе де, әлемдік аренада мұнай бағасы төмендеп тұрған қазіргі шақта көмірсутегі шикізатын өндіретін кәсіпорындардың экономикалық әлеуеті де онша мәз емес. Бұл үлкенді-кішілі компаниялардың бәріне тән. Бүгінгі аумалы-төкпелі сәтте, ғаламдық дағдарыс жағдайында, Елбасымыз айтқанындай, халқымыздың әл-ауқатын төмендетіп алмауымыз керек. Яғни, өнім өндіру көлемін де қысқартпай, жалақыны да азайтпай жұмыс жасауға жұмылғанымыз жөн. Ал, ол қазіргі кезде оңай ма? Жағдай түзелгенше салықтан сәл-пәл жеңілдік қарастыруға болмас па? Егер қысқартуға жол берілмей, ұжымның ұйытқысы сақталса, онда қызметкерлердің табыс салығынан түсетін салықпен-ақ бюджет толықпай ма?

Сайып келгенде, шағын
мұнай компанияларын мемлекеттік қолдау бұл бағытта отандық инвестиция тартуға да мүмкіндік береді. Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, салық саласындағы жеңілдік кішігірім компанияларға да геологиялық іздестіру жұмыстарын жандандыруға жағдай жасайды. Ал, бұл елімізде көмірсутегі қорын арттыруға қосылған үлес емес пе? Жалпы, салықтық режім меншік құқына, жер қойнауын пайдаланушы мен өндіруші компания арасында жасалған келісімге, сол ұңғыманың орналасқан жеріне және басқа да факторларға байланысты түрліше қалыптасуы мүмкін. «Қара алтын» өндіретін көп елде мұнай-газ игеруге қатысты жер қойнауын пайдалануға бағытталған жеке заңнама бар.

Қазіргі жүйе бойынша жер қойнауын пайдаланушылар жоспардан тыс табысына салық төлеуі тиіс. Бүгінгідей «қара алтын» құны құлдырап тұрғанда қандай артық пайда болуы мүмкін? Көне кеніштерден әуелден-ақ көлдей табыс түспейді. Сондықтан, инвесторлардың шағын кен орындарына қызығушылығын арттыру үшін қолданыстағы салық жүйесіне шұғыл өзгеріс керек. Ол одан әрі оңтайландыруды қажет етеді. Сайып келгенде, мұнай-газ саласына қолданылатын салық заңнамасы нарықтық құбылыстарға, табиғи факторларға, кен орындарының нақты жағдайына, өзге де өзгерістерге бейімделуі тиіс. Мұндай шараларға 60 пайыз шамасында тозған кеніштерді игерушілерге берілер жеңілдіктерді атар едім.

Жалпы, ресейлік бағаммен бағалағанда, Атырау облысындағы барлық көмірсутегі қорының үштен бір бөлігі дерлік алынуы қиын және тиімділігі төмен саналады. Демек, осындай кеніштерде жұмыс жасап жатқан кішігірім кәсіпорындардың еңбегі ерен екендігін ескерген жөн. Ал, оларға жасалатын салықтық жеңілдіктер көне кеніштерден «қара алтын» өндірудің тиімділігін арттырады, сондағы өнімді сарқып алуға септігін тигізеді, кенішті пайдалану мерзімін ұзартады, жұмыс орындары сақталуына ықпал етеді. Ал, мұның бәрі, түптеп келгенде, әлеуметтік ахуалды жақсартады?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button