ҚАРТ ЕМБІНІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ

kartemba2. МАҚАТТЫҢ  ГАЗЫН  ХАЛЫҚ  ТҰТЫНАДЫ

«Ембімұнайгаз» АҚ ұйымдастырған баспасөз сапары кезінде «Доссормұнайгаз» басқармасына қарасты Шығыс Мақат кен орнындағы жаңадан салынып жатқан ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысының жұмысымен таныстық. Мұнда жылына 40 млн. текше метр газ өндіріліп, ол «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тұрбаларына беріледі. Сол арқылы Батыс Мақаттың көгілдір отынымен Мақат және Қызылқоға аудандарының елді мекендері газдандырылатын болады. 

 

Өткен жылы кеніште АҚШ елінің Waukesha фирмасының құны 1 млрд. 800 млн. теңге тұратын қондырғысын орнату жұмысы басталған, құрылысты жүргізуші де америкалық мамандар. Бұл жерде айта кетерлігі, шетелдіктер қондырғыны орнатуға қатысып жүрген қазақстандық мамандарға оны пайдалануды қатар үйретіп келе жатқандығы. Сондай-ақ, 13 адам Татарстанда арнайы курстан өтіп келген. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу үшін жіберу-реттеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Өндірістік процесс бойынша, алынған газ сеператорларға жіберіліп, сонда өңделеді де, одан әрі компрессорға айдалады. Мамандардың айтуынша, бұндағы газдың қысымы жоғары. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл газ Мақат, Жамансор, Сағыз, т.б. елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Басқарма бастығы Талғат Тасқынбаевтың түсіндіргеніндей, мұндағы мақсат — Батыс Мақаттан алынатын газды далаға жақпай, өндіріске, көпшіліктің тұтынуына пайдалану. Сонда ауаға лас заттар шығарылмай, газ халық игілігіне жаратылады. «Бірақ, бұл газдың 2-3 млн. текше метрін біз өзіміздің өндірістік мақсатта пайдаланамыз, ол осындағы қазандарға пайдалануға, басқа да өндірістік қажеттілікке жұмсалады» дейді Талғат Жақсылықұлы.
Қондырғы құрамында негізінен бірнеше техникалық жабдық бар, олар: компрессор, газ өңдеуші техникалық жабдық, компрессорды басқару машинасы, сеператорлар, т.б. Бұл ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы өрт шығу, басқа да қауіпсіздік жағынан жан-жақты қамтылған. Жарық болмай қалған жағдайда да арнайы дизельді электр жабдығы орнатылған, ол уақыт алмастан жедел іске қосыла алады. Жалпы алғанда, бұл қондырғыны күтіп-ұстау, қызмет көрсетуге жұмысшыларға төленетін жалақымен қосқанда, орташа есеппен, жылына 70 млн. теңге қажет екен. «Ал, халыққа газды қандай бағамен беру туралы мәселе әлі қаралу үстінде» деді мұнайшы мамандар. «Таяу күндерде қондырғы іске қосылып, аталған аудан тұрғындарына көгілдір отын беріле бастайды» дейді олар.
«Доссормұнайгазға» қарасты 14 кеніш бар. Басқарма басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Еркіновтің айтуынша, Шығыс Мақат кенішінде барлығы 76 ұңғы бар, мұнда тәулігіне 600 тонна мұнай өндіріледі. Былтыр үш жаңа ұңғы орнатылса, оның саны биылғы жылы тағы үшеумен толығыпты. Ол, сондай-ақ, ұңғы мен сораптарды жөндеу технологияларымен де таныстырды. Бұрын ұңғының не сораптың бір тетігі бұзылса, оны лақтырып тастай беріпті. Ал, қазіргі жағдай басқаша, жабдықтардың бөлшектері арнайы станокта бірнеше процестерден өтіп жөнделеді. Соған сай, кеніш басында арнайы ғимарат бөлініп, онда Ресейдің Пермь қаласынан шыққан сораптарды жөндеу жабдығы орнатылыпты. Мамандар бізге ұңғылардың қалай жөнделіп, әр станокта қалай қалыпқа келтіретіндігін көрсетті.
– Ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы әлемдік стандартқа сай жабдықталып, жұмыс жасайтын болады. Мұнда газдың алыну сәтінен бастап барлық технологиялық процестер қатаң қадағаланып отырады және барлық жұмыс барысын бақылау автоматтандырылған және компьютерлендірілген. Мамандар компьютер арқылы газдың қысымын, оның мөлшерін, сепараторлардағы газ құрамын бақылап отырады. Жалпы, Waukesha фирмасы — әлемге кеңінен танымал кәсіпорын, оның жабдықтарын мұнай өндіруші мемлекеттердің бәрі де пайдалануда. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің мамандар қондырғыны орнату барысында да, сонымен қатар арнайы алыс-жақын шетелге барып оқып келді. 14 адамнан вахталық әдіспен жұмыс жасайды, бір шебер және алты техник-маман күндіз-түні өндіріс басында. Қондырғының қауіпсіздік жағы түгел қаралған, тіпті алда-жалда өрт шыға қалған жағдайда да, өрт сөндіру жабдықтары дайын тұр. Енді біраз күннен соң қондырғыны іске қосып, халық игілігіне ұсынамыз, – дейді басқарма бастығы Талғат Тасқынбаев.
Бұл кеніш мұнайшыларының да әлеуметтік тұрмыс жағдайы ембілік басқа кен орындары мұнайшыларымен бірдей. Ілеспе газ өндіру қондырғысы тұсынан қарағанда жатақхананың шатыры көзімізге шалынды. Жақын маңдағы кеніштегі жұмысшылар да сонда тамақтанады және тынығады. Балалары да, өздері де жыл сайын демалыс орындарына барып тұрады. Мұнайшыларға еңбектенуге де, демалуға да жағдай жасалып отыр. Ол жаңашылдықпен еңбек етуге оң ықпал етуде.
Шынымен де, бүгінде ембілік мұнайшылар жаңа технологияларды өндіріске кеңінен қолданып келеді. Соның бірі — осы ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы. Мұның екіжақты тиімділігін айта кеткен жөн. Біріншісі, газ далаға жағылмайды, яғни ауаға лас заттарды шығармай, экологиялық ахуалға кері әсер етпейді. Екіншісі, көгілдір отын халық игілігіне пайдаланылып, газ барған жерде жаңа өндіріс ошақтары да, бизнестік құрылымдар да ашылуы мүмкін. Халыққа керегі де — осы.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз