516f255e66ac9e796ec9f04891b5cc83 big

Жастық шақтың жарқылы Қаратон кенішінде өткен-ді…

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/11 маусым, 2019 жыл. КСРО Министрлер Кеңесінің жаңа кеніштерді игеруге қатысты шешіміне сәйкес бұдан тура 70 жыл бұрын Қаратон мұнай өндіру кәсіпшілігі құрылды. Доссордағы №19 қолөнер училищесін тәмамдап, келесі жылы мен де осындағы өндірістің табалдырығын аттадым. Сонда менің еңбек жолым, тіпті ғұмырнамам десе де болғандай, кен орнының шежіресімен сабақтас өріледі екен-ау.

Қаратон өндірісінің алғашқы директоры П.М.Воробьев деген кісі еді. Мамандар бөлімінде Әбу Өржановжұмыс істеді. Міне, солар осында келген бес баланы қарсы алып, жұмыс орнымызға бөлді. Мен екінші учаскеге оператор болып бекідім. Бастапқыда жертөледе тұрдық. Содан 1957 жылы алғашқы баспаналар салына бастады. Сондай жатақхананың бір бөлмесінен орын тиді. Тағы бірер жылдан соң мектеп, клуб тұрғызылды. Соғыс салдарынан оқи алмаған жастарға кешкі мектеп ашылды.

Соны бітірген соң 1957 жылы Гурьев мұнай техникумына сырттай оқуға түстім. Осы білім ошағынан техник-механик мамандығын алып шыққан мені 1961 жылы Тереңөзек кен орнына ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасының жетекшісі етіп тағайындады. Бұл алаң Қаратоннан Каспий теңізіне қарай 25 км жерде болатын. Екі арадағы грейдер жаңбырда әбден езіліп, жүруге жарамайтын. Ескі көлігіміз цехқа 3-4 сағатта әупірімдеп әрең әкелетін. Асхана атымен жоқ, әркім үйінен ала шыққан асымен ауқаттанады.

Кейін асхана салынғанымен, ол жылумен де, газбен де қамтылмаған еді. Тамақ электр пешімен дайындалатын. Міне, сол кезде «Ембімұнай» бірлестігінің 50 пайыз «қара алтынын» беріп тұрған кәсіпшіліктің күйі осындай-ды. Содан Қаратонда ұңғымалар санын көбейту үшін 1951-1953 жылдары Орлов, Кузьмин деген инженерлер басқарған бұрғылау конторы құрылды.

Кейін Тереңөзек алаңы қазылды. Биғазы Алашбаев, Ізбасар Сарғұлов, Сүлеймен Жанбатыров, Көңіл Еркінбаев сынды бұрғылау шеберлері жадымда қалыпты. Қаратонда Оңайбай Досанов, Бисенбай Қымызғалиев, Бекқали Қожахметов, Боран Әлимұханбетов, Сисен Жолдығұлов, Сапи Ахметов, т.б. жаны жайсаң жігіттер еңбек етті. Өкінішке орай, бәрінің атын тізіп шығу мүмкін емес. Көбі өмірден өтіп те кетті. Бірақ, көңілде қалды. Ислам Әбенов Қаратон кәсіпшілігін 1968 жылдан басқарды.

Тәжірибесі мол, іскер басшы болатын. 1970 жылы КСРО Мұнай министрлігінің бұйрығымен ұсақ өндіріс ошақтары ірілендіріліп, іргелі мұнай және газ өндіру басқармалары құрылды. Бұл шара жүзеге асып жатқанда Қаратон кәсіпшілігінің басшылары Гурьевте емделіп жатқан. Солардың жоқтығы әсер етті ме, әйтеуір бізді Прорваға қосып жіберді. Оның орталығы Сарықамыс кентінде орналасты. Кейін мұның біраз қиындығын бастан кештік. Ол кезде Қаратондағы ұңғымалардың бәрі терең сорғымен мұнай өндіретін.

С о ғ а н с ә й к е с ж а қ с ы жабдықталған шеберхана салынған. Ал, Прорвада өнімді фонтанды әдіспен алатын. Енді токарь, ұста, электр цехтары, арнаулы техника гаражы Сарықамысқа көшірілді. Соның салдарынан кен орнындағы қатардан шыққан сорғыларды, электр моторларын, өзге де құралдарды 70 км қашықтықтағы өндірістік базаға тасымалдауға тура келді. Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Құмар Балжанов болды.

Бұларға қосылған Қаратон кәсіпшілігінің өндірістік буындарында 500 шамалы адам жұмыс жасады. Олардың отбасыларын есептегенде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді қоса шешу керек еді. Сондықтан, осы проблемалармен айналысатын басқарма бастығының орынбасары штаты бекіді. Оны бастапқыда Айтқали Орынғалиев, кейін Сағымбай Дайышқалиев, Ғалым Жақашев, Мұқаш Байжанов, Асқар Рзиев атқарды. Орталық инженерлік-технологиялық қызметте кезекші инженер болып жүрген мен кәсіподақ ұйымы төрағасы міндетін қосып атқардым.

С о д а н 1974 жылы Қаратон аймағы Құлсары мұнайгаз өндіру басқармасына берілді. Өйткені, Сарықамыс кенті жаңадан құрылған Маңғыстау облысының территориясына кірді. Ұжым жетекшісі Х.А.Ғабдуллин еді. Ал, кәсіподақ комитетіне Дәуіт Артығалиев басшылық жасады. Қаратон аймағына ерекше мән беріліп, мұнда басқарма кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары штаты енгізілді. Мен сол лауазымға сайландым.

Қаратон кентінің ахуалы өте нашар еді. Іргетасы құйылмай тұрғызылған үйлер сыр бере бастаған. Санитарлық жағдайы ешқандай сын көтермеді. Оның үстіне, жақын маңнан мұнай құрамында күкірті көп кен орындары табылды. Бұл экологиялық ахуалды асқындырды. Осындай себептермен өткен ғасырдың сексенінші жылдары-ақ бірлестік басшылары елді мекенді көшіру жайын ойластыра бастаған. Кейбір жарамсыз үйлер құлатылған.

Ал, тоқсаныншы жылдардың басында ТШО кәсіпорны Теңіз кенішін игеруді кешенді қолға алған соң бұл мәселенің шешімі шапшаңдатылды. Сол 1993 жылыақ 60 шақты үй жаңа қонысты иеленді. Кент тұрғындарының соңы 2001 жылға дейін Жаңа Қаратонға көшіп үлгерді. Кейін көне мекен орны тазартылып, халықтың тілегімен 2005 жылы Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасы басшылығы Ескі Қаратонға ескерткіш белгі орнатты.

P.S. Әрине, шағын естелікте бәрін қамту мүмкін емес. Сол жылдары еңбек еткендердің дені бүгінде арамызда жоқ. Бірақ, Қаратон кен орнының да Қазақстан мұнайының 120 жылдық тарихында ойып алар орны бар екені даусыз. Мен де жастық шағымның жарқылы осында өткеніне ризамын.

Қаршыға ИНЕБАЙ,

мұнайшы-зейнеткер,

Қаратон кенішін алғаш игерушілердің бірі,

Атырау қаласы

Қаратоннан қанаттанғандар

− Хамит Ғабдуллин, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, республикаға еңбегі сіңген мұнайшы; − Закаш Камалиденов, генерал-майор, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, Қаз КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы; − Ким Рахымғалиев, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім басшысы; − Ибраһим Аманғалиев, КСРО Сыртқы істер министрлігі қызметкері, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі; − Мәдениет Есенбаева, қос дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты; − Сүйесін Салманов, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты; − Юрий Викулов, Гурьев облыстық компартиясының хатшысы; − Кеңес Жоламанов, КСРО Мұнай министрлігінің бөлім бастығы; − Беркін Ізтілеуов, қос аудан компартиясының бірінші, обкомның хатшысы, республикалық кәсіподақ ұйымының басшысы; − В.Жиленков, КСРО Мұнай министрлігінің бөлім бастығы; − Михаил Калашников, Хамит Ғабдуллин, Қалау Сейітқазиев, Ақсұлу Өтепқалиева, Бердеш Ықыласов, Ескендір Дәулетов – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұнайшылар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған