Мүмкіндік мол, талпыныс аз

86786f269a7d8de2963c4c027a2046a4 2 1 Экономика

Өткен жылы облыстағы шағын және орта бизнес субъектілері жалпы құны 1 триллион теңгені құраған өнім шығарды. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53,4 пайызға артық. Сондай-ақ, жыл сайын кәсіпкерлер қатары да артып, бүгінде 42897-ге жетіп, 120 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Бірақ, бизнестің даму деңгейі тек осы өлшемдермен ғана шектелмейді ғой. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көре алмай отырған ауыл тұрғындары да бар. Әсіресе, Индер, Қызылқоға, Исатай аудандарында бизнеске бет бұрамын деп кедергіге кездескендер көп. Соның ішінде, маңдай термен жиып-терген мүліктің кепілге қойылар шақта тиынға татымай қалуы ішті удай ашытады. Ендеше, кім кінәлі? Өкінішке қарай, мұны дөп басып айтар ешкім табылмай отыр.

86786f269a7d8de2963c4c027a2046a4_2

Қаражат бар, қайтарым қайда?

Әйтсе де, екінші деңгейлі банктерден мән-жайды сұрастыра келгенде, ондағылар «кепілдікке мүлік қоюдың ешқандай қиындығы жоқ. Қажет жағдайда мемлекеттің өзі кепілдікке мүлік ұсынуға дайын» дейді. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Сенбесеңіздер, биыл 1,9 млрд. теңгеге 320 шарт жасалып, әрбір үшінші қарызға кепілдік ұсынылған. Демек, субсидия аздық ететіндіктен, кепілдік мәселесін мемлекет өз міндетіне алып отыр. Бұған қоса Президенттің өзі жоғарыда аталған бағдарламаны 2025 жылға дейін созу керектігін атап айтты.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көшпелі жиындардың бірінде бизнес жайында білім алып жатқандар көп те, кәсіп ашқаны саусақпен санарлық екенін сынға алды. Арнайы оқытудан өткен мың адамның тек он пайызы ғана өз ісін бастаған. Қалғандары неге тыс қалған? Жаңадан іске қосылған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында былтыр аймақта несиелеуге 927 миллион теңге, кепілдікті қамтамасыз етуге 97,6 млн. теңге, «Бастау Бизнес» бағдарламасын жүзеге асыруға 51 млн. теңге бөлінген. Ал, осынша қаржылай қолдаудың қайтарымы қандай? Осы орайда аймақ басшысы оқытылған адамның санына емес, тиімділігіне назар аудару керектігін ескертіп отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша қазір ауылдарда бизнестің басым бағыттарына мониторинг пен алдын ала талдау жүргізіліп жатыр. Оқыту бағдарламасы мен жоспарын, тақырыбы мен мазмұнын содан кейін ғана белгілеу қажет.

– Енді кәсіпкерлерді қолдау үшін жыл сайын кемінде 30 млрд. теңге бөлінеді. Мұны Елбасы Жолдауында нақтылап берді. Алдағы үш жылдың ішінде кемінде 22 мың жұмыс орны ашылып, қосымша 224 млрд. теңге алуға және 3 трлн. теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік бар. Ал, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд. теңге бағытталмақ. Бұл – отандық өндірушілер үшін ауқымды көмек, – дейді ол.

«Құтқару қызметі» көмекке келеді

Жасыратын несі бар, статистиканы көрген кезде «кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге бөлінген қаражатта есеп жоқ па?» деп қаласың. Ал, қаржыға қолының ұшы тиген мұқтаж жандар ма? Міне, миллиондарды тек түсінде ғана көретін кәсіпкерлер үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жуырда «Бизнесті құтқару қызметі» жобасын ойлап тапты. Рас, әзірге пилотты режимде, бірақ, күтілетін нәтиже көп.

Айтпақшы, Президент тапсырмасына сай енді бір жыл бойы шағын және орта бизнеске қатысты салықтық амнистия жүзеге асырылмақ. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сарманов бұл өз кезегінде несиенің несібесін көре алмай жүрген жандардың «жарасын» жазарына сенімді. «Бүйрегі бизнеске бұрылған, бірақ, мойнында несиесі немесе берешегі (1 қазаннан бастап қалыптасқан) бар озық ойлы азаматтардың айы оңынан туады. Сөйтіп, олар мемлекеттік грант немесе қайтарымды қаражат алып, сүйікті ісімен айналыса алады. Бірақ, бұған ірі бизнесмендер, жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін өнім өндірушілер және «жалған» кәсіпорындар ілінбейді» дейді ол.

Өнімсіз өсім болмас..

Ал, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда шағын несие беру схемасына екінші деңгейдегі жеті банк пен екі шағын қаржы беру ұйымы қатысады. Биыл бұл бағытта 17 млрд. теңге қаралған. Қазір соның 11,1 миллиард теңгеге 1042 жоба қаржыландырылған. Осының өзінен қаражаттың мақсатты игерілмей отырғаны байқалады. Бұған себеп бола алатын тағы бір фактор бар. Несие алушылардың басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, құрылыс салаларында қызмет атқарады. Ал, өңдеу өнеркәсібі ше? Онымен кім айналысады? Қалай десек те, өнім жоқта өсімнің бола қоюы екіталай.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресовтің пікірінше, қаражат қолжетімсіздігінің бір себебі кәсіпкерлер тарапынан туындап отыр. Яғни, жеңілдетілген жолмен несие алу үшін банктер қоятын талаптарға сай болу керек. Сондай-ақ, арадағы келісім-шартты бұзбаған жөн. Бұған немқұрайлы қарағандар сенімге селкеу түсіреді.

Бір мысал келтірсек, жақында Құрманғазы ауданындағы бір шаруа қожалығы басшысының 5 млн. 150 мың теңгені қонышынан басқаны белгілі болды. Ол жайылымдық жерді суландыру үшін инфрақұрылым жүйесін жүргіземін деп субсидия алған. Алайда, аудиторлық тексеріс кезінде бұл жұмыстардың бірде-бірі жүргізілмегені анықталды. Осыдан кейін кімге қалай сенуге болады? Міне, қаржы беруші ұйымдардың көп құжат сұратып, табалдырық тоздырту сыры осында жатыр.

Тағы бір ескере кететін жайт, Атырау – мұнайлы, әрі малды өңір. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Атырау филиалының директоры Гүлзада Шалағұлованың пікірінше, кәсіпкерлердің дені – ауыл шаруашылығынан айлық алып отыр.

– Ауыл кәсіпкерлері несиені бірден мол алғысы келеді. Бүгінгі банктердің бұлжымас қағидасына сүйенсек, қыруар қарыз алған адам оны тез қайтаруы тиіс. Ал, мұндай кәсіптің нәсібін бір жылда көріп үлгеру мүмкін емес. Міне, осыдан кейін түсініспеушіліктер пайда болады. Бұл жағдайда басқа амалы жоқ банк ақша беруден бас тартады, – дейді.

Түйін: Сайып келгенде, бүгін бизнесті дамыту үшін тәжірибе де, ынта да қажет. Сонда ғана еселенген жемісі көрінеді. Себебі, әр ашылған кәсіп, ең алдымен, жаңа жұмыс орны мен әлеуетті экономика екенін естен шығармаған жөн.

 Оқшау ой

Гүлнұр МАРАТҚЫЗЫ, кәсіпкер:

– Мен қайтарымсыз қаражат алып, асыл тұқымды түйе шаруашылығын қолға алғым келеді. Бұл – көп қолға алына бермейтін бастама. Өйткені, түйе малының етіне де, жүніне де өңірдің ішкі сұранысы төмен. Әйтсе де, бұл қатып қалған қағида емес қой. Егер мемлекеттік грант қолыма тисе, Ойсыл қара тұқымынан да көл-көсір пайда көруге болатынын дәлелдеймін. Бірақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры да, «Даму» да, кәсіпкерлік палатасы да бұл мәселені шеше алмады. Сонда кімге үміт үкілеймін, кімнен көмек күтемін? Қалай болғанда да, бастамамнан бас тартпаймын. Ендігі жерде министрлік деңгейінде мәселе көтеруге дайынмын.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз