ТАРИХТЫ ТАНУДЫҢ БІР ЖОЛЫ

немесе  ақша  үлгілерін  жинау  да  бір  өнер

Ғаламтордың «қолды ұзартқаны» жақсы болғанын қарашы! Енді қағаз ақшаны да, металл монеталарды да жинақтайтын, тіпті, бір серия бойынша шыққандарын, бірдей бірлікте қолданысқа енгендерін бөлек тізіп қоюға мүмкіндік бар. Ол үшін интернеттен іздеп тауып, тапсырыс берсең болғаны.

Атыраулық нумизмат Венера Осипованың коллекцияларымен таныса отырып, тиындарға арналған әртүрлі көлемдегі ұяшықтары бар, қағаз ақшалар мен монеталар үшін бөліктерге бөлінген арнайы альбомдар мен катологтарды алғаш рет көрдім. Бұрын нумизматтар қолдағы дүниелерін үстінен целлофанмен қаптап, скочтап әуреге түседі екен. Енді ол үшін бас қатырудың қажеті жоқ.
Әдетте, менің байқағаным, нумизматтар жан-жақты болып, көп нәрсені қамтуға тырысқанмен, белгілі бір тақырыпқа немесе жүйеге бейімделеді. Тиындар мен монеталарды жинайтын Венераның қолындағы бай жинаққа 50 теңгеліктер енеді. Онда дәл осы елу теңгеліктен Қызыл кітапқа енген флора мен фауна әлемі бойынша шыққан, ұлттық дәстүрлер мен ойындар бейнеленген барлық сериялар, сондай-ақ, ордендік монеталар бар.
Басқа тарихи дүниелерден 1763 және 1860 жылғы тиындар, 1898 жылғы Екатерина рублі бар. Оның барлығын Венера жолдасы Володямен бірге барған жағын аралай жүріп, ғаламтордан іздестіріп, таныс нумизматтардан сұрастырып, айырбастай жүріп жинаған. Атырауда мұндай коллекциялық дүкен жоқ. Бірақ, Ресейдің, Еуропаның көптеген қалаларында ескі бұйымдарды сататын дүкендер бар. Соның ішінде, ескі монеталар да сатылып, сатып алынады. Тапсырылған заттың құнын анықтайтын сарапшы да сол арадан табылады.
Бәрі қашан басталып еді?! Мектепте оқып жүргенде Венераның атасында ескі патшалық өкімет кезіндегі қағаз ақшалар болатын. Оларды балалық қызығушылықпен сақтап қойған қыз кейін әр жерден жинап, ескі валютаның қатарын толықтыра берді. Ол кезде басқа балалар да кәмпит қағаздарын, электроника құралдарын, тағы басқа дүниелерді жинауға әуес келетін.
Венера сүйікті ісін бойжетіп, тұрмысқа шығып, сәбилі болған кезде де тастамады. Коллекциясы көбейіп, үйдің бір бұрышын алып тұруға айналды.
– Атырауда он шақты нумизмат бармыз. Олардың да барлығы бірдей белсенді емес, басқосуларға бірде келсе, бірде келмейді,-дейді «Мирас» клубының жетекшісі В.Афанасьев. Вячеслав Константинович – бастаған ісін соңына дейін жеткізетін ерекше тиянақтылығымен танымал кісі. Оның тек қана Ұлы Отан соғысы жылдарында Атырау жерінде жерленген сарбаздар мен басқа өңірлерде қаза тапқан жерлестеріміз жайында жинаған деректерінің өзі-ақ ұшан-теңіз. Одан басқа, өлке тарихын, географиясын зерттеумен айналысатын ғалымның коллекциясында 400-ге жуық монета бар. Олардың бір бөлігі – Ұлы Жібек жолында қолданысқа енген «ноғай» ақшалары. Сарайшықтан бұл монетаның бірнеше түрін тапқан Афанасьев олардың ескі қаланың орнымен бірге суға шайылып бара жатқанына алаңдаулы.
Бұдан бірнеше жыл бұрын өмірден өткен атыраулық нумизмат – Владимир Евстифеевтің қолында болған бай мұра кітап жүзінде жарыққа шыққан. Онда әрбір ақша мен монетаның қай жылы, қай елде, қандай жағдайда жарыққа шыққаны суретімен бірге нақтыланып, жіпке тізгендей тиянақталып берілген. Вячеслав Константинович облыстық мәдениет басқармасы енді қалған санаулы нумизматтарға да қолдау білдіріп, осындай шағын жинақ шығарып берсе игі еді деген ойымен бөліседі.
Ал, өкінетіні – қазіргі жас буынның коллекция жинауға қызығушылық таныта қоймайтыны. Қарап отырсаңыз, нумизматтардың бергісінің өзі – жігіт ағасы жасындағылар. Жастардың елең ете қоймайтыны, сірә, олардың пайда түсіретін кәсіпке көбірек ұмтылуынан, ал энтуазистардың тірлігі іспеттес көрінетін нумизматтықтың, керісінше, үнемі ақша салып отыруды қажет ететіндігінен болса керек.
Дегенмен, осының бәрі не үшін қажет деген сұрақ туады? «Бұл да – тарихты танудың бір жолы. Ақшаның шығу тарихын, даму жолдарын білу арқылы біз ой-өрісімізді кеңейтіп, интеллектуалдық деңгейімізді арттыра түсеміз» дейді Осиповтар. Бір жақсысы, алдыңғы буынның жинаған коллекциясынан бас тартқан, ұмыт қалдырған, біреуге бере салған енжар ұл-қыздар әзірге кездескен емес. Көзі жоқ нумизматтардың мол мұрасын балалары әрі қарай толықтырып кетпесе де, ерекше мақтанышпен, әрі құрметпен көзінің қарашығындай сақтауда.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз