ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ МҰНАЙ

оның проблемалары конференцияда
ашық айтылды
Қазақстан мұнай-газ саласы заңгерлерінің ассоциациясы мен «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорнының ұйымдастыруымен ХІІ Атырау құқықтық конференциясы болып өтті. Конференцияға ҚР Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің, Жоғарғы сот, Парламент Мәжілісі, Бас прокуратура өкілдері мен ғалымдар, заң фирмалары мен мұнай компанияларының қызметкерлері қатысты.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев елдің дамуындағы мұнай-газ саласының алатын орнына тоқталса, «Теңізшевройл» кәсіпорнының бас директоры Т.Миллер компанияның жиырма бір жыл ішіндегі жетістіктерін айтып өтті.
Диалог алаңына шыққан тараптар кәсіпорындарға қатысты, әсіресе, қоршаған ортаны қорғауға байланысты бірқатар сын-пікірлерін ашық айтса, мұнай компаниялары өкілдері оған өздерінің дәлел-дәйектерін қарсы қойып жатты.
ҚР Бас прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің табиғат қорғау заңнамаларының қолданылуын қадағалау бөлімінің бастығы А.Сағатов құзырлы орган жүргізген тексеру нәтижелері жерасты байлығының барлық түрі бойынша көлеңкелі рынокты анықтап отырғанын жасырмады. Нақтылай кетсек, 2012-2013 жылдары еліміз бойынша 243 тексеру жүргізіліп, сол арқылы 1734 заң бұзушылық анықталып, 1335-і қалпына келтірілген. Заң бұзушылықты жою үшін прокуратура 239 ұсыныс, 6 қарсылық енгізіп, ол бойынша 25 заңсыз акт күшін жойып, өзгертілген; 534 адам түрлі жауапкершілікке тартылды.
Аталған кезең ішінде соттар прокуратура органдарының 2,52 млрд. теңге сомаға бағаланатын 16 арызын қанағаттандырған. Прокурорлық қадағалау шараларының арқасында мемлекет пайдасына 6,7 млрд.теңгеден астам қаражат өндіріліпті.
А.Сағатовтың айтуынша, 2012-2013 жылдары мемлекеттік органдар арасынан заңға қайшы әрекеттер ҚР Өндіріс және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті тарапынан жиі анықталған. Олар, негізінен, жер қойнауын зерттеу бойынша мемлекеттік сатып алулар кезінде ұшырасады екен.
Сөз арасында Бас прокуратура өкілі «тиімді басқару құралы ретінде құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының міндетін дұрыс атқармай отырғанын» сынға алды. Тәжірибе жүзінде, керісінше, ӘКК әрекеті мемлекет мүддесіне қайшы келіп, миллиардтаған шығынға әкеп соқтырған деректер болған. Кей жағдайларда ӘКК инвесторлармен бірге құрылған жобаларда өз үлесі мен жер қойнауын пайдаланушының құқықтарының құнын төмендетіп көрсетсе, тағы бір айғақтарға сәйкес, өзіне тиесілі үлесті ешқандай негізсіз және талдаусыз тым төмен бағаға сатып жіберіп отырған.
Жоғарыда аталған геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мұнай ұңғымаларының жағдайы мен теңізге бату қаупі бар зоналарға 2011 жылдан бері мүлдем бақылау жүргізбепті. Қазақстандағы 262 ұңғыманы тексерген тексеруші орган оның 38-інен 3,5 мың шаршы метр алатын алаңынан мұнай төгінділерін анықтаған. Бұл аз десеңіз, 2010 жылы 24 ұңғымадан өзінен-өзі төгілген қара алтын 2013 жылға дейін маңайын бүлдіріп тұрыпты. Оны тоқтату үшін де арнайы мекемелерге араласуға тура келген.
Мұнай өндіру саласында орын алып отырған заң бұзушылықтың бірі – газды заңсыз жағу. Ол үшін салынатын айыппұл көлемі аз емес. Бірақ, кейбір кәсіпорындар оған пысқырып та қарамайтын сыңайлы. 2012 жылдың төртінші тоқсанында «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС 13,6 млн. текше метр газды рұқсатсыз жағып, қазіргі кезде мемлекет алдындағы 9 млрд. теңге бережағын өндіріп жатыр. Прокуратура тексергеннен кейін 2013 жылы да «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 15 млн. текше метр ілеспе газды жағу дерегі анықталды. Оған салынған айыппұл көлемі 10,3 млрд. теңге құрайды. Заң құрығына іліккендердің қатарында кен орындарында 33 мұнай төгілу дерегі белгілі болып, мемлекетке 470 млн. теңге шығын келтірді деп табылған «Ембімұнайгаз» АҚ да аталды.
Басқосуда, әлбетте, жер қойнауын пайдалану, экология талаптарын сақтау төңірегіндегі құқықтық мәселелер жан-жақты, жете талқыланды. Соның бірі, «Aequitas» заң фирмасының заңгері Л.Емельянованың Қазақстан Республикасының экология саласындағы халықаралық міндеттемелеріне, олардың ұлттық экология заңнамаларына тигізетін әсері жөніндегі шолуы қатысушылар тарапынан көп сауал тудырды.
«Dechert Kazakhstan Limited.» заң фирмасының әріптесі С.Ватаев бақылаушы органдарды өндіруші компанияларға әйтеуір бір сылтау тауып, тиісуге бейім деген сын тақты. «Айталық, полицейге бір азаматтың түрі ұнамады делік, ол әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, оны айыптауға дәлел таппайды да, жай ғана қамау орнына жаба салады. Себебі, оған құқы бар. Бізге қатысты да осылай деуге болады», – деген тосын мысал келтірді Ватаев мырза. Оның айтуынша, экологиялық инспекторлар кәсіпорынның жұмысынан қандай да бір мін таппаған жағдайда, «қоршаған ортаны қорғау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптардың, сондай-ақ, гигиеналық нормативтердің бұзылуын» қарастыратын ҚР ӘҚбК 240 бабын қолдана қоюды әдетке айналдырған. Семинарлардың бірінде экологиялық органдардың өкілдері сәйкес сертификаты болмаған компаниялардың жұмысын тоқтатқанын мақтанышпен баяндапты. Оның орнына, өндіріс мекемелеріне құжаттарын реттеп, жұмысын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік берілмес пе?!
ХІІ Атырау құқықтық конференциясында тұшымды ойлардың талқыланып, толыққанды диалогтың қалыптасуына шараның модераторы, «Chevron» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесі құқықтық кеңесшісінің басқарушысы, Қазақстан мұнай-газ саласы заңгерлері ассоциациясының президенті Ж.Елубаевтың біліктілігі мен тәжірибесі үлкен рөл атқарғанын атай кеткеніміз жөн. Конференцияға қонақ ретінде келген Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы заң шығару және салыстырмалы құқықтану институтының бөлім меңгерушісі С.Боголюбов солтүстік көршіміздің Қазақстаннан үлгі алатын тұсының көп екендігіне тоқталды. Соның ішінде, табысты жұмысымен көзге түсіп келе жатқан Қазақстан мұнай-газ саласы заңгерлері ассоциациясы ұйымына ресейлік ғалым қызығушылықпен қарайды екен. Сондай-ақ, біздің елімізде қабылданған Орхус Конвенциясына қол қою Ресей үшін әлі де басы ашық мәселе екендігін жасырған жоқ.
«Заң қатал, бірақ ол заң». Конференция барысында баршаға бірдей заң нормаларына қатысты бірінен-бірі алшақ пікір алуандығы барын көрсетті. «Aequitas» заң фирмасының басқарушы әріптесі, Қазақстан мұнай-газ саласы заңгерлері ассоциациясының вице-президенті О.Ченцованың сөзіне сүйенсек, өндіруші компаниялар мұнай төгілген, басқалай да табиғатқа экологиялық зиян келтірілген жағдайда оны қалпына келтіруден еш қашпайды, қайта соған мүдделі. Алайда, үкімет кәсіпорынға бүлінген жерді жөндеткеннен гөрі, орасан көлемде айыппұл салып, қазынаға қомақты ақша түсіргенді қалайды. Өз кезегінде ҚР Бас прокуратурасының бөлім бастығы А.Сағатов бұл айыптаумен келіспейтінін білдірді. Ол компаниялар кеткен олқылықты қалпына келтірген жағдайда айыппұл сомасы азаятынымен, жалпы, мекемеге қатысты айтылған екі шараның бірі қолданылуы тиіс екендігін айта отырып, қалай болғанда да экологиялық шығынға жол бергені үшін заң тәртібімен әкімшілік жауапкершілік жүктелетінін нақтылады. Оның үстіне, қоршаған орта бүлінуінің қалпына келетін және келмейтін түрлері бар. Ауаға, суға, жер қабатына келтірген зиянын есептеу қиындық келтіретін мұнайдың төгілуі сияқты төтенше жағдайлар соңғы топқа жатады.
Осы орайда, қатысушылар бір кездері Теңіз алаңынан атқылаған №37 апаттық ұңғыманың бүгінгі жай-күйін сұрастырды.
– Компания ережесіне сәйкес, кез келген сауал бізге жазбаша түрде берілуі тиіс. Сондықтан, мен бұл жерде корпоративтік этикаға қайшы келіп отырмын, – деген ТШО келісім-шарт-құқықтық бөлімінің бас менеджері Самат Әженов бүгінде аталған ұңғыманың жағдайына мониторинг жүргізіліп отырғанын айта келіп, «біз оны тастап кеткен жоқпыз, ұңғыма қауіпсіз, ешқандай оқыс оқиға орын алмайды» деп сендірді.
Жалпы, ХІІ Атырау құқықтық конференциясы табиғат байлығын пайдаланатын және қорғауға жауапты ұйымдардың басын тоғыстырған шын мәніндегі ашық алаңға айналғанын көзіміз көрді.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз