МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАН
Бұл мәселе, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатты әсер етуде. Олардың саны облысымызда 18 500-ден астам адамды құрайды. Оның бес мыңға жуығы әйел адам болса, бір мыңнан астамы — балалар. Қайсыбір отбасыларында екі, үш, тіпті төрт мүгедектен бар. Сол себепті олар «коммуналдық қызмет ақылары көтеріліп жатыр» деген хабарды үлкен қиналыспен қабылдайды. Мүгедектік жөніндегі бір ғана жәрдемақыға қарап отырған оларға бағасы көтеріліп жататын коммуналдық қызмет ақыларын төлеп отыру, әрине, оңай емес. Сондықтан да, біз осындай санаттағы адамдарға арнайы жеңілдік жасалуын, олар үшін монополистердің 50 пайыз жеңілдік беруін сұраймыз. Егер мән беріп қарайтын болсақ, 18 500 мүмкіндігі шектеулі жан облыс халқының бар болғаны 3,2 пайызын ғана құрайды екен. Бұдан мемлекет те, тиісті департаменттер де аса қатты зардап шеге қоймас дейміз.
Осы істің басында жүрген соң аудандарға хабарласып, мән-жайды сұрастырып отырамын. Сонда білгенім — кейбір аудандарда мүгедектерге көмектесетін демеушілер мүлде жоқ. Мәселен, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарында өндіріс орындары болмағандықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласатын ұжымды таппайсыз. Өзімнің ойымды осылайша білдіре отырып, «Атырау» газетінің барша оқырманының бұл тұрғыда өзіндік пікірлерін қосуын өтінемін. Қайтсек біз мүмкіндігі шектеулі жанның өмір сүру жағдайын жеңілдете аламыз? Осы жайында бәріміз де бір ойланайықшы.
Манап АБДРАХИМОВ,
Атырау облысы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы.