НЕСИЕМІЗ НЕСІБЕГЕ ҰЛАСТЫ

Несін жасырайық, бұрын бизнес саласына бет бұрудың өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Кәсіп ашқанның өзінде ширақ қимыл мен істің көзін таппағандар банкротқа ұшырады. Соның ішінде, дүкен түгілі, дүңгіршегі жоқ ауыл халқын азық-түлікпен қамту қиынның қиыны болатын. Ауа райына қарамастан жүк таситын көліктің қорабында тұрып-ақ сауда жасайтынбыз. Қазір ол қиыншылықтың бәрі артта қалғандай. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікке қамқорлығының арқасында бүгінгі таңда қожалық жайын жақсартып, жеңілдікпен несие алу арқылы қажырлы еңбектің жемісін көріп отырған жайымыз бар.

 

Әлемдегі қай елді алып қарасаңыз да, негізгі тірек етері – шағын және орта кәсіпкерлікте. Жұртшылықтың бизнеспен емін-еркін айналысып, ешқандай кедергіге тап болмай, жұмысын жүргізуге жан-жақты мүмкіндік қарастырылған мемлекеттің экономикасы мықты, әлеуметінің әлеуеті зор болмақ. Сол себепті Елбасы осы саланы дамытуға айрықша назар аударып келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды айтпағанның өзінде, жеңілдетілген түрде несие ұсынылуы біз секілді кәсібін дамытқысы келетін жандарға үлкен қолдау екені даусыз. Оның үстіне, жақында Ұлт Көшбасшысы шағын және орта бизнес нысандарына тексеру жасауға мораторий жариялады. Бұл отандық бизнеске тың серпін беріп қана қоймай, экономикамыздың қарқынды дамуына жол ашады деп ойлаймын.

Бастапқыда саудамен айналысқаныммен, кәсібімді одан әрі өркендеткім келетін. Ауылда несиеге қол жеткізудің өзі мұң болатын. Екінші деңгейлі банктер кепілсіз бір тиын да бермейді. Бүгінде ол кезеңдер де артта қалды. Басқасынан бұрын, жинайтын құжаттар реті азайғанын айтсаңшы?! Өзіміз «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы Атырау өкілдігінің несие беретінін естісімен қорға тарттық. Еңбегіміз еш кетпеді. Несие алып, ауылымызда қонақүй мен дүкен салдық. Оны өтегеннен кейін шаруа қожалығын ашып, тұшпара дайындайтын цех та аштық. Өніміміз толықтай өзімізде дайындалады. Мезгілінде көкөніс те егіп тұрамыз. Қажетті сертификатымыз да бар. Тұтынушыларымыз да аз емес.

Елбасының Жарлығына сәйкес, кәсіпкерлікке қатысты заңнамаларда өзгеріс болатынын білдік. Сондай-ақ, бизнес иелерінің құқығын қорғаумен айналысатын омбудсмен институты құрылмақшы. Ісін жаңадан бастағалы жатқан кәсіпкерлерге бұл үлкен көмек болары сөзсіз. Ендігі жерде кәсіпкерлерге ешқайда, ешкімге жалтақтамай, алаңсыз жұмыс істеу ғана қалып тұр.

Айман ЖАНҰЗАҚОВА,
«Аймира» шаруа
қожалығының иесі,
Махамбет ауданы. 
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз