Құлсары атаға құрмет көптің ұйғарымы – келешекте кесенесін тұрғыз
Жуырда осы қасиет иесі мәңгілік тыныстап жатқан тұсқа ақ шатыр тігіліп, ардагер ақсақалдар мен ел азаматтарының қатысуымен Құлсары атаға ас берілді. Атаның ұрпағы Рафаэль Қарғабайлар шараның мақсаты кейінгі толқын жастарға, келешек иелеріне өз заманында ерекше қасиеттерімен елге тұлға бола білген жанның адами болмысын, адамгершілік қырларын таныстырып, одан үлгі алу, имандылық үрдістеріне тәрбиелеу екендігін жеткізді. Ата зиратының бүгінгі кенеуі кеткен күйін көргенде көңілі құлазып, ұнжырғасы түсетінін де жасырмады. Шынында, ата зиратын қалпына келтіру жөніндегі мәселе Қален Кідібасов сияқты ағаларымыз түрлі басқосуларда жиі көтеріп жүргеніндей, айтудай-ақ айтылып келе жатыр.
Десек те, көптің үмітінің үзілердей жөні жоқ. Осынау шараға арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Мақсым Ізбасов ел азаматтарының көкейінде жүрген ата зиратының басын жаңғырту жөніндегі мәселеден хабардар екендігін білдірді. Құлсары ата да — ел-жұртына пайдасы тиген қасиет иесі. Көнекөз қариялардың айтуынша, ол Жем өзені мен Қамыскөлдей көлі бар осы өңір болашақта құтты қонысқа айналарын ішкі түйсігімен терең түйсінсе керек. Бүгінде қойнауы құт-қазынаға толы ауданның бақуатты ғұмыр кешіп, қазақ мұнайының үштен бірін беріп отырғаны атаның сол көреген болжауларының бодауындай әсер береді.
Бұдан кейін асты ұйымдастырушылар алқасы алдағы уақытта Құлсары атаға арнап салынатын кесене эскизімен таныстырып, аудан басшысы мен азаматтардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асты.
Шараны ұйымдастырушы Ерқұл Дәулетбаев қорытындылап, бұл игі іс ұрпаққа үлгі болып, ауызбіршілігін нығайтып, бірлікке жетелейтініне сенім білдірді.
Аудандық орталық мешіт-тің бас имамы Арман Исаев ата рухына бағыштап дұға оқыды.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.