АЛМАЛЫНЫҢ АҚ ҚҰСЫ

оның  жұмыртқасы  елдің  игілігіне  айналды

Елімізде азық-түлік қауіп-сіздігін қамтамасыз ету мәселесі басты міндет болып тұрған кезеңде тіршілік тамырына жаңаша қан жүгіртіп, тың істерге батыл қадам жасау қазіргі кезде кәсіпкер атаулыны күндіз-түні ойландыратын болды.

Осындай ниетті ұстанып, «қалай еткенде де халыққа пайдалы істі қолға алсам» дейтін кәсіпкердің бірі – Шыңғыс Мұратұлы Нақпаев. Қазір Атырау өңірінде мал мен егін өсіріп, көл-көсір табысқа кенеліп жатқандар аз емес. Ал, құс шаруашылығы әуелден кемшін жатыр. Кезінде Гурьев құс фабрикасы болғанын, оның кешегі жекешелендіру кезеңінде талан-таражға түсіп, ақыры банкротқа ұшырағанын атыраулықтар жақсы біледі. Содан бері облысқа құс жұмыртқасы жан-жақтан келеді. Қай жақтан келсе де, оның бағасы жоғары болатыны анық. «Сол шіркін өзімізде өндірілсе ғой» дейсің іштей қымбат жұмыртқаны алып тұрып. Мінеки, көптің көкейіндегі күпті ойдың бұлтын осы кәсіпкер сейілткендей болды.

«Жігер» шаруа қожалығы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының бастамасымен қолға алынған құс өсіретін кешен 2014 жылы Махамбет ауданының Алмалы ауылының тұсында, «Атырау-Орал» тас жолының бойында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген бұл кешеннің құны 680 миллион теңге тұрады. Аталмыш кешен «Нұрсервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күшімен белгіленген мерзімде салынып бітті. Бәрі де евростандартқа сай. Қай кезде де су жаңа нәрсенің кісі қызықтыратыны бар ғой. Мұнда жақында Ресейдің Свердловск қаласынан 57 мың дана жұмыртқадан жаңа ғана шыққан балапан әкелінді.

2014 жылдың 20 желтоқсанында «Алмалы құстың» ашылу салтанаты болып, оған облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов пен ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұ.Қарабалин қатынасты. Бұл құс өсіру кешені жылына 30 миллион дана жұмыртқа береді. Хайсексуайт деп аталатын құстың бұл тұқымының негізі Голландиядан тараған. Тіпті, әріден бастасақ, 1964 жылы әйгілі генетик Густ Ван ден Ейнден және оның ассистенті Гер Петерс ойлап тапқан бұл тауық түрі 1970 жылдан сатылымға шығарыла бастаған екен.

Өнімділігі жоғары тауықтың атағы аспандап, бүгінде дүние жүзін жаулап алды десек те болады. Қазір Ресейде, Украинада, тіпті, өзіміздің Қазақстанда да тауық жұмыртқасын өндірудің жақсы тәжірибесі бар. Осыған дейін облыс халқы жұмыртқамен тек 13 пайызға ғана қамтылып келген еді. Енді Құлсарыдағы құс фабрикасының өнімін қосқанда, халықты жұмыртқамен қамту дәрежесі 50 пайызға көтерілмекші.

Құс фабрикасының технологы Ольга Сергеевна Хабнова – Қостанай облысы, Рудный қаласының түлегі. Ольга Германиядан әкелінген құрал-жабдықтардың қалай жұмыс жасайтынын, жас балапандарды қалай күтіп, қалай баптау қажеттігін жақсы меңгерген. Балапанның аты – балапан. Олар нәзік, нәрестедей күтпесең, талапқа сай баптамасаң, кінәмшіл келеді. Азықтануынан сәл кемшілік кетіп жатса, «ренжіп» қалады. Қазіргі әкелінген балапандар 120-130 күнде өсіп-жетіліп барып жұмыртқа бере бастайды. Олардың тұрған орны 34 градустық жылылықты тұрақты ұстап тұр. Жетілген тауықтар жұмыртқа басар кезде мұнда күніне 84 мың дана жұмыртқа өндіріледі екен. Яғни, әр тауық жылына орта есеппен 300 жұмыртқа береді. Қазіргі әкелінген балапандар көктемде басқа қораға ауыстырылады да, олардың орнына дәл осыншамасы тағы да  әкелінетін болады. Сөйтіп, мұндағы құс жұмыртқасын алу жұмысы бір толас таппайды.

Тауық өсіру түнде қораға қамап кетіп, есігін таңертең бір ашатын мал бағудың шаруасы емес. Балапандар күндіз-түні бақылауда. Мұндағы құс фермасында екі құсшы, екі жөндеуші-слесарь жұмыс істейді. Ал, арнайы салынған жемшөп дайындау цехының өз жұмысшылары бар. Мұндағы азық дайындау технологиясы да заманауи қондырғылармен жабдықталынған. Азық құрамы қажетті қоспалармен толықтырылады, бәрі де белгілі бір рационға сай дайындалады. Ұзынынан орналастырылған клеткаларда сарытұмсық балапандар алдарына түскен азықты тынымсыз шұқылайды. Өздері сергек. Құсшылар болса, олардың азықтарын қадағалаумен жүр. Бұл цехқа бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Аталмыш цехта бөтен иіс-қоңыс та болмауы тиіс. «Жас нәрестені сұқ көзден сақтаймыз» деп қазекеңнің безек қағатыны секілді, балапан күтудің өз қиындық-қияметі де аз емес.

Мінеки, «Алмалы құс» ЖШС-ндегі жаңа басталған жұмыстың жай-жапсары осындай. Күні ертең-ақ бұл фабрикадан аппақ жұмыртқалар арзан бағамен тұтынушылар сөмкелерін толтырмақшы. Алмалының ақ құсы Атырауды жарылқаса, бұл жаңару заманының шарапаты ғой…

 Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,

Махамбет ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз