«Лидер», «Идеал», «Ярмарка»…
2022-2023 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Атырау» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ жергілікті сауда желілеріне және көкөніс өнімдерін өндірушілерге айналым қаражатын толықтыру үшін қайтарымды қарыз берді, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы қарыздар аясында кәсіпкерлер 2 жыл ішінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасын тұрақты ұстап тұруға міндеттелді. Бүгінде өңірдің тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 атауы шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек саудадан аспайтын, сондай-ақ нарықтық бағадан орташа алғанда 21% — ға төмен бағамен сатылып жатыр.
— Тұрақтандыру қорына 3 041,4 тонна азық-түлік тауарлары, оның ішінде 1 953 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл көлем облысты 2023 жылдың мамыр айына дейін қамтамасыз етеді. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері қаланың 4 базарында және 4 сауда павильонында сатылады. Сондай-ақ картоп 11 «Ярмарка» супермаркетінде сатылуда, деді «Атырау» ӘКК АҚ департаментінің директоры Дмитрий Дю.
Ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан орташа 42% — ға төмен бағамен сатылады. 481,9 тонна көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 14 атауы облыс бойынша Лидер және Идеал супермаркеттерінің 38 нүктесінде тұрғындарға қолжетімді.
Өңірде бірінші сұрыпты ұн одан дайындалатын нан бағасын тұрақтандыру үшін ұн тарту кәсіпорнымен келісім шарт жасалды. Бүгінде наубайханаларға 4 005 тонна ұн сатылса, қорда қалғаны 606,5 тонна. Нанның бағасы 1 дана үшін 80-82 теңгені құрайды.
Тапшылыққа жол бермеу және қантпен қамтамасыз ету үшін аймаққа 400 тонна тауар жеткізілді. Бұл өнімдер «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінің 39 нүктесінде нарық бағасынан 13% — ға төмен сатылады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларының көлемін 5 000 тоннаға дейін ұлғайту және облыс аудандарын қамту шеңберінде кәсіпкерлермен қарыз шарттарын жасасу жоспарланып жатыр.