ҚЫТАЙ – CТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСІМІЗ
Қазақстан мен Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық барынша қарқынды даму үстінде. Қазіргі таңда Қытай елімізге қаржы құятын шетел инвесторларының үздік үштігіне кіріп отыр. Премьер-министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары аясында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету туралы бірлескен декларацияға да қол қойылады.
— 2014 жылдың 1 тоқсанында тауар айналымы шамамен 5 млрд. АҚШ долларын құрап, 11 пайыз өсім көрсетті. ҚХР-ға экспорт 3,5 млрд, ал, Қытайдан келген импорт 1,4 млрд. долларды құрады. Ауыл шаруашылығы саласында Қытай нарығына қазақстандық астықты жеткізу шаралары қабылдануда, — деді Бақытжан Әбдірұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев ҚХР-мен екіжақты ынтымақтасу мәселелері туралы баяндамасында өткен жылдың қараша айында Қытайдың Бейжің, Шанхай, Үрімжі қалаларында Қазақстанның мәдени күндері кең түрде аталып өткендігін айтты. Соған сәйкес, вице-премьер биыл Қазақстандағы Қытай мәдени күндерін өткізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда Ақордада өткен Ұлттық инвесторлар кеңесі барысында Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке капиталға рақымшылық жасау туралы Заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Осы тапсырмаға орай Ұлттық банк мерзімінен бұрын аталған Заң жобасын Үкіметтің қарауына жіберіп, Министрлер кабинетінің мақұлдауын да алып үлгерген. Бұл туралы брифингте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.
— Бүгін Үкімет отырысында «Мүлікті заңдастыруға байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және тұруға рұқсаты бар тұлғаларға рақымшылық жасау туралы» Заң жобасы мақұлданды. Аталған құжатта мүлікті жария етудің негізгі қағидалары айқындалған. Қабылданған құжатқа сәйкес заңдастыруға ақша, құнды қағаздар және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесі жатады. Бұдан бөлек құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес орналасқан құрылыс нысаны да жер телімімен қоса заңдастырылады. Қазақстан аумағынан тысқары жердегі жылжымайтын мүлікті де өз атыңа аударуға мүмкіндік бар. Ал, адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттік конституциялық құрылымы мен қауіпсіздігіне қарсы жасалған жекелеген қылмыстар нәтижесінде алынған мүліктер заңдастырылмайды.
Ұсынылып отырған заңдастыру процедурасы бойынша ақша екінші деңгейлі банктерде ашылған арнайы жинақ есепшотына аударылады. Одан әрі азамат заңдастыру тетіктерін өз еркімен таңдай алады, — деді Б.Сұлтанов.
Сондай-ақ, Қаржы министрі заңдастыру тетіктерін де нақты атап берді. Сөз соңында ол мүлікті заңдастыру әкімдіктер жанындағы комиссияда жүргізілетіндігін, ал, заңдастыру мерзімі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатынын хабарлады.
ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өз сөзінде ҚР 2013 жылғы бәсекеге қабілеттілігі туралы және ағымдағы жылға арналған жоспарлар жайында баяндады.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде Қазақстан 50-орынды иемденіп отыр. Еліміздің аталған рейтингтегі позициясының жақсаруы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында компанияларды тіркеу уақытының азаюының есебінен, сондай-ақ, меншікті тіркеу рәсімдерін тездетіп енгізудің арқасында орын алуда.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.