ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БЕЙІМДЕЛУ – БАСТЫ ТАЛАП

Бүгінде Үкімет пен Ұлттық банктің теңге бағамын еркін айналымға жіберу жөніндегі шешімін жұртшылық әрқилы қабылдауда. Ал, шынында, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен құнсызданудың аражігін ажыратып алудың маңызы зор.

 

Негізінен эмоциялық көңіл-күйге тез берілген адамның ақылдан, сабырынан айырылып, әркімнің жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, бірыңғай экономикалық кеңістіктен томаға-тұйық болуы мүмкін емес. Алда ел экономикасына ықпал етудің теріс фактілері сақталуы ықтимал. Жағдайдың қашан түзелерін ешкім болжап, білмейді. «Мұнай баррелінің 30-40 доллар деңгейіндегі бағамына қалай бейімделу керек?» деген мәселе Үкіметтің валюталық саясат шараларының басты ұстанымы болып отыр. Өйткені, сарапшылар әлемдік нарық ахуалы күрделене түсетінін айтып жатыр. Сондықтан да, әрқайсымыздың психологиялық жағынан тас-түйін дайындығымыз көп нәрсеге ықпал етері анық.

Қазіргі тығырықтан шығу жолдарын Үкімет пен жергілікті билік органдары талмай қарастырып жатқаны белгілі. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік тағамдары мен қызметтер бағасының негізсіз көтерілмеуі, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қамқорлықтың күшейтілуі бүгін күнделікті басты міндеттердің біріне айналды. Көзіміз көріп жүргендей, сол жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аймақта азық-түлік бағасы тұрақты. Атаулы көмектер беру, арнайы штабтар құру бірлескен мораторийлер қабылдау тәжірибелері де кеңінен қолдау тауып жатыр.

Теңге бағамының еркін қозғалыс режіміне амалсыз көшсек те, бұл процеске ұзақ уақыт дайындық шаралары экономикалық құрылымымызды әлсіретпейді, халықтың тұрмысын төмендетпейді деген сенімдерге жетелейді.

Мұхаметжан ТҰҚМАНБЕТОВ,

ҚР Қарулы күштері және

Ауған соғысының ардагері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз