АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУ

Экономика

Үкімет басшысы «дағдарысқа қарсы бағдарлама» деп баға берген «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы қазірде облысымызда кеңінен жүзеге асырыла бастағанымен, әлі күнге ауыл тұрғындары арасында «бұл бағдарлама қалай жүзеге асырылады, несиені қалай алуға болады?» деген сауалдар туындап жатады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Оған Республика азаматтары және оралмандар – жұмыссыздар, ішінара жұмыспен қамтылғандар, табысы аздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және қатысу басымдылығы бағдарламада белгіленген азаматтардың өзге де санаттары қатыса алады.
Екінші бағыт – жеке кәсіпкер-лік бастаманы қолдау әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, даму әлеуметі орташа және жоғары ауылдарда, шағын қалаларда, кенттерде жүзеге асырылады. Оның аясында мемлекеттік қолдаудың бір түрі – микрокредиттер беру.
Қор несие алуға үміткерлердің жеке арызы негізінде несиелеу тарихын және кепіл мүлкінің құжаттарын тексеріп, оған несие беру немесе бермеу туралы тұжырымдама береді.
Бес жұмыс күнінің ішінде несие беру туралы шешім шығарылған жағдайда, үміткермен кепіл шарты жасақталады.
Кепіл шарты Әділет басқармасында тіркеуден өткеннен кейін ғана қарыз шарты жасақталып, Үміткердің жеке есепшотына аударылады.
Бюджеттiк несиенiң нысаналы мақсаты жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту болып табылады.
Шағын несие тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын мүлік алуға, сондай-ақ, сауда қызметін жүзеге асыруға берiлмейдi.
Жұмыспен қамту мақсатында берілетін осы несие 6 пайыз жылдық сыйақы, 6,7 пайыз жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен 4,5 жылға дейінгі мерзімге беріледі, ал, несиенің ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды.
Шағын несиені мерзімінен бұрын қайтарған қарыз алушыларды 5 000 000 теңгеге дейін қайтадан қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады.
Несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге несиенің негізгі борышына жеңiлдiктi кезең ұсынылуы мүмкiн.
Қазір облыс деңгейінде осы Бағдарлама аясында шағын несие алып, ойға алған кәсібін іске асырып, берекелі іс қылып отырғандар бар.
Айталық, мал шаруашылығын дамытуға, бизнесті, соның ішінде тұрмыстық қызмет көрсету саласына (шаштараз, сұлулық салондары, фотосалон, монша), компьютерлік, дәрігерлік және стоматологиялық қызмет көрсету салаларын дамытуға, автомашиналарға техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеу цехтарын, ағаш, пластикалық бұйымдар (терезелер, есік және т.б.) жасау цехтарын ашуға берілген несие қаражаттары мақсатына сай игерілді.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы орган Атырау облысы әкімдігінің облысымыздың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында бөлген қаражаты есебінен берілетін жеңілдетілген несиесі бар.
Бұл несиені мал шаруашылығын, егін шаруашылығын және өзге де ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткен заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлер ала алады.
Негізгі қарызды өтеуде 6 ай, 1 жылға дейінгі мерзімде жеңілдік кезеңі, ал сыйақыны тоқсан сайын, жарты жылда бір рет өтеу жеңілдік кезеңдері қарастырылады.

«МУРАБАХА» ШАҒЫН НЕСИЕ ӨНІМІ
-«Ислам Даму Банкінің» тартылған қаражаты есебінен «Сәтті» бағдарламасы аясында берілетін «Мурабаха» шағын несие өнімі – қарыз алушының өтініші бойынша негізгі құрал-жабдықтар, биологиялық активтер сатып алу үшін оған бөліп төлеу жолымен берілетін несие.
Бұл несие тек қана жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне 33 000 АҚШ долларынан артық емес мөлшерде 11 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 11,3 пайызбен 4 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл несиені өтеу барысында 12 айға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған.
Оның шеңберінде ауылшаруашылық техникасын сатып алып, егін салып, өнімін сатып, шаруасын шыр айналдырып отырған шаруа қожалықтары, жеңіл және жүк автокөліктерін сатып алып табыс тауып отыр-ған жеке кәсіпкерлеріміз де жеткілікті.

«ЖЫЛЫЖАЙ» НЕСИЕЛЕНДІРУ БАҒДАРЛАМАСЫ
– Халықты маусымаралық кезеңде көкөніспен қамту үшін шағын жылыжайлар құрылысын қаржыландыру үшін 8 000 АЕК дейінгі мөлшерде 9,5 пайыз жылдық сыйақы, 10,8 пайыз жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен 60 айға дейінгі мерзімге берілетін осы несие өнімі облыс бойынша сұранысқа ие болуда.
Қарыз алушының тілегі бойынша негізгі қарызды да, сыйақыны да өтеу мерзімінде 12 ай жеңілдік мерзімін беру мүмкіндігі қарастырылған.

«КӘСІПКЕР» НЕСИЕЛЕУ БАҒДАРЛАМАСЫ
– Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға берілетін несие ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы емес саланы дамыту үшін және айналым қорын толықтыру үшін – 14 пайыз, 16,4 пайыз жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен берілетін несие өнімі.
«Кәсіпкерлік» бағдарламасымен несие 8000 АЕК мөлшеріне дейін өндіріске 60 айға дейін, ал, сауда-саттыққа айналым қорын толықтыру үшін 24 айға дейінгі мерзімге беріледі. Негізгі борыш пен сыйақыны төлеу үшін 6 айға дейінгі мерзімге жеңілдік кезеңі беріледі.
Осы несие өнімдерін алу үшін қойылатын негізгі талаптар – салық және өзге де міндетті төлемдер бойынша бюджетке берешегінің болмауы, екінші дәрежедегі банктер алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы, міндеттемені қамтамасыз ету үшін жеткілікті кепіл мүлкінің және жағымды несие тарихының болуы ескеріледі.
Жалпы, өткен жылы қордың кепіл саясаты біршама оңтайландырылғаны белгілі. Жылжымайтын мүліктерді пайдалану мерзіміндегі шектеу алынып тасталды.
Сонымен қатар, несие-мемлекет қаражаты, әрі жеңілдікпен беріледі, сондықтан, негізгі принципі мақсаттылық екенін айта кету керек. Егер қаражат өз мақсатына пайдаланылмаған жағдайда, келісім-шарт талабына сәйкес, ондай несие алушыға 25 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады.

Гүлзада ШАЛАҒҰЛОВА,
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ
Атырау филиалының директоры.


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған