Жарнама
Экономика

ҚЫСТА ДА ҚИЯР ӨСІРЕДІ

— Елдің экономикалық өсіп, дамуында жаңа кешендерді қатарға қосу – Мемлекет басшысы алға қойған міндет. Бұл тапсырманың жүйелі жүзеге асырылуында аймақта атқарылып жатқан іс аз емес. Соның бірі – осы жылыжай кешені. Ендігі уақытта көкөніс өнімдері сапалы, әрі халыққа қолжетімді болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгін кәсіпкерлер өз өнімдерін базарға немесе супермаркеттер желісіне көтерме бағамен сатады. Мәселен, жылыжайдағы қиярдың бір келісі – 270, тәтті бұрыш – 400 теңгеден сатылады. Ал, төмен бағаға сатып алушылар үстіне тағы да қаржы қосып, қияр бағасын 350-400 теңгеге дейін арттыруда. Өнім нарыққа шыққанша ортадағы төрт-бес делдал ешбір тер төгіп, еңбектенбестен пайда көреді. Сөйтіп, нарыққа жеткенше, өнімнің бағасы шарықтайды. Ал, халықты азық-түлікпен қамтуда тауар бағасы қолжетімді болуы керек. Бұл ретте облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Болашақта мұндай әрекет орын алмас үшін кәсіпкерлер арасында коммуналдық сауда-саттық ұйымдастыру қолға алынады. Дәлірек айтқанда, әр кәсіпкер өз сатушысы арқылы өнімдерін халыққа тікелей төмен бағамен сататын болады. Мәселен, қазір қожалық иесі отыз жұмысшыны жұмыспен қамтып отырса, оған тағы екі жұмысшы қоса беріледі. Ол жұмысшылар тікелей өнімді сату жұмыстарымен айналысады. Бұл тұрғындар үшін де, кәсіп иесі үшін де тиімді болары анық», – деп атап өтті.

Шаруашылық басшысы Өтеміс Жұмағалиевтың айтуынша, голландиялық озық технологияның көмегімен қолға алынған жылыжай  көлемі екі гектарды құрайды. Мұнда күні бүгін қияр және тәтті бұрыш өсірілуде. Оның тұқымдары голландиялық компаниялардың Қазақстандағы диллерлерінен сатып алынады. Жылыжай жылына 500 тонна өнім береді деп жоспарлануда. Компьютерлік құрылғымен толықтай қамтылған. Автоматты түрде суғарылады. Қатты ыстық болғанда перделері жабылады, желдеткіші де бар.

Осыдан алты жыл бұрын 0,5 гектар жерге жылыжай салып тәжірибе жинақтаған кәсіп иесі бүгін жұмысын дөңгелентіп, отыз адамды жұмыспен қамтып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 23 миллион теңге көлемінде несие алған ол алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтіп, алты адамды жұмыспен қамтитын болады.

Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Сәрсекенов аймақта жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде қолға алынған тоғыз гектар жылыжай алқабы барын, олар инвестициялық субсидиямен толық қамтылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, келер жылы тағы да үш гектар көлемінде жылыжай ашу жоспарлануда. 

Қыс қырағылықты қажет етеді

Аймақтағы нысандарды аралап, оның тыныс-тіршілігіне ден қойған облыс әкімі Атырау жылу-электр орталығында да болып, қысқа дайындық барысымен танысты.

Атырау қаласының жылу-электр орталығы облыс халқының тоқсан пайызын қажетті энергиямен қамтып келеді. Қылышын сүйретіп қыс та келді. Осы орайда орталықтың жағдайын қадағалауда мұнда қысқа дайындық жұмыстары толық жасалып,  жүзеге асқанына куә болдық. Атап айтқанда, он ток агрегатының тоғызы жұмыс жасап тұр. Олар 270  мегаватт электр энергиясын береді. Сонымен қатар, 13 жылу қазанының оны толық іске қосылған. Дәл қазір туындап отырған еш қиындық жоқ. Енді болашақта инвестициялық бағдарламалар аясында жүзеге асатын жұмыстарға баса мән беру керек, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Аймақ басшысының айтуынша, 2015 жылға жоспарланған бағдарламалар жүзеге асқан кезде жылу және электр энергиясы тарифтері өсіп кетпей ме деген мәселе туындайды. Осы тұста айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде, тарифтердің, азық-түлік бағаларының артпауы толық қадағалауда болады. Энергияның, газ бағасының қымбаттамауы, азық-түлік себеттері де толықтай жергілікті биліктің назарда болмақ.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button