Жарнама
Экономика

КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ – ЖЫЛҒА АЗЫҚ

Ағымдағы жылы облыс бойынша егістік жер көлемін 7130 гектарға (2013 жылғыдан 119 пайызға артық) жеткізу межеленген. Мұнда жаздық дақылдар егістігінің аумағы 6633 гектарды құрайды. Күні бүгінге жоспарланған егіс алқабының 4053 гектарына немесе 58,3 пайызына ғана егін егілген. Соның ішінде, картоп дақылының үлес салмағы 36,6, майлы дақылдардан — 48,2, көкөніс түрлерінен — 48,8, бау-бақшадан 70,6 пайызды құрап отыр. Майлы дақылдар мен малазықтық дақылдардан ғана жоспарланған жұмыстар асыра орындалған.
Жалпы ауданы 1500 гектарды қамтуға тиісті картоп дақылының да тұқымы 549 гектарға отырғызылып, орындалысы 36,8 пайызды қамтыған. Жоғарыда келтіріліп кеткендей, 2500 гектарды қамтуға тиісті көкөніс егістігінің де 1200 гектары немесе 49 пайызы еңсерілген. Тұтастай алғанда, картоп пен көкөніс егістігінің қамтылуы жөнінен ең жоғары деген көрсеткіш Махамбет ауданы (50,7-70,5 пайыз) мен Атырау қаласының (52,5-57,2 пайыз) еншісінде болса, Индерде жоспарланғанның 29,2-16,5 және Құрманғазыда 15,1-26,3 пайызы ғана қамтылғанын білдік. Яғни, ең төменгі көрсеткіш те осы аудандарға тиесілі болып, көңіл көншітпей отыр.
Биыл облыста тамшылатып суару тәсілімен өсірілетін егістіктің көлемін 1100 гектарға, жаңбырлатып суаратын агрегаттар қолданылатын егіндіктің аумағын 600 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қажетті кезінде, дер мезгілінде су жеткізіп беру мақсатында «ҚазСуШар» РМК-на қарасты 14 суару-суландыру жүйесі қазіргі кезде толық қуатында жұмыс жасауға көшкен. Шаруашылық субъектілерінен 1045 тонна көлеміндегі минералды тыңайтқышты 50 пайыз жеңілдікпен сатып алуға сұраныс түсіп, өндіруші кәсіпорындарға тікелей тапсырыс берілген. Мамыр айының аяғында соның тең жартысынан астамы немесе 670 тонна жеткізілуі міндеттелген. Мұның сыртында, техникаларға қажетті 2000 тонна дизель отынын да шаруагерлерге жеңілдетілген бағамен босату ұйғарылған. Бұл шаруамен шұғылданатын мердігер мекеме де анықталып, бір литр жанармайдың бағасы жеткізіп берілгенде 81 теңге, ал тікелей базадан немесе зауыттан алынса 79 теңге болып бекітілген. Қазірге дейін, облыста жиырмаға жуық шаруашылық субъектісі 1346 тонна дизель отынын сатып алуға жабдықтаушы тараппен келісім-шартқа отырған.
Мұны мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы қалай дегенде де қалыптасқан жағдайдан шығу үшін қарекет қылу керектігін, ешқандай да себеп-сылтаудың негізге алынбайтындығын, ал аймақ басшысының алға қойған міндеттерін орындауға құлық танытпағандардан қатаң жауапкершілік сұралатынын ескертті.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНДА АУЫТҚУШЫЛЫҚ БАСЫМ

Селекторлық мәжілісте қаралған өзекті мәселенің бірі — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жайы еді. Бұл жөнінде де ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев баяндады.
Оның айтуынша, үстіміздегі жылғы мамыр айының 23-інде жүргізілген салыстырмалы мониторингтің нәтижесінде көптеген кемшіліктердің беті ашылған. Облыс орталығы мен бірқатар аудандарда екінші тоқсанға белгіленген, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бөлшек саудадағы шекті бағаларында ауытқушылық байқалған. Мәселен, Атырау қаласында картоптың орташа бәсі 125 теңгеге немесе 19 пайызға, пияз бен қырыққабат 151-128 теңге болып, тиісінше 101,3-128 пайызға өсіп кеткен.
Жалпы алғанда, аталғандардан басқа да күнделікті тұтынылымдағы азық-түлік тауарлары (оның ішінде нан-бөлке, макарон өнімдері де бар) бағаларының бір мезгілде шамадан тыс көтерілгендігі және мұндай жағдайдың Махамбет ауданынан өзге өңірлерде орын алғандығы мәлімделді.
Оған қоса, аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағытында да ауқымды іс-шаралардың атқарылып, игі бастамалардың қолға алынып жатқандығына қарамастан мұнда да олқы тұстардың табылатындығына көз жеткізілді. Дәлірек айтсақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші әлеуетті шаруашылық субъектілерінің «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасасқан фьючерстік келісімдеріне сәйкес, қала мен аудандардың сұранысы негізінде өткен жылы ауылдағы тұтынушыларға арзандатылған бағамен тасымалданып жеткізілген 1171,9 тонна картоптың қайтарымы ойдағыдай болмауда. Күні бүгінге бұндағы берешек көлемі 10,5 млн. теңгені құрап отыр. Бірінші сортты бидай ұны мен одан дайындалған нан өнімдерінің өткізілуі мен бағасына қатысты да айтарлықтай келеңсіздіктерге жол берілгендігі баяндалды.
Мәжілісте бұдан басқа да маңызды мәселелерге назар аударылып, орын алған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден қорытынды шығару қажеттігі қаперге берілді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button