ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ СЕРПІНДІ НЕГІЗІ

Инвестжобалар Атырау жылу -электр
орталығында нәтиже бере бастады
Мемлекет басшысы берген басты тапсырмалардың бірі - еліміздің энергетика саласын өркендету, заманауи техника мен технологияларды өндіріске кеңінен енгізе отырып, электр және жылу қуатын өндіріп, тарататын кәсіпорындардың қуаты мен мүмкіндіктерін арттыру, қызмет көрсету аясын кеңейту. Осы тұрғыда республикамызда қабылданған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде аймақтағы энергетика компаниялары да жоспарлы іс-шараларды жүйелі жүзеге асырып, ортақ іске өзіндік үлестерін қосып келеді. Солардың санатында биыл жұмыс істегеніне жарты ғасыр толып отырған «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы да бар. Мұнда соңғы уақыттарда іске асырылған инвестициялық жаңа жобалар айтарлықтай қайтарым бере бастады.
Жалпы, сонау 1953-1955 жылдары жүзеге асырылған бастапқы жоба бойынша Гурьев жылу-электр орталығы синтетикалық спирт зауытының жылу мен электр қуатына сұранысын қамтамасыз етуге арналған-ды. Кейін бұл жерге химия зауыты орналастырылды. Орталықтың жалпы қуаты 12-18 МВт болғанымен, соның екі-үш мегаватын ғана қалаға беру жоспарланды.
Ал, бүгін ше? Қазір оның өндірістік қуаты артып, ерекше қарқынмен дамып келе жатқан мұнайлы мекеннің сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының президенті Мұхамбетқали Қалиевпен сұхбатымызда кеңірек баяндалады.
- Жылу-электр орталығы өз қуатын ұдайы арттырып келеді. Бұл үрдіс сонау жылдары басталып еді ғой.

 

көреміз. Мәселен, сонау 1957 жылы Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институтында Гурьев қаласын, Мақат пен Жылыой аудандарын электр энергиясымен қамту жобасы жасақталды. Өйткені, соңғы екеуі мұнайлы мекендер еді де, мұнда өндіріске электр қуатын тұрақты жеткізу қажеттігі туындады.  

 Сөйтіп, 1959-1960 жылдары жылу-электр орталығының бірінші кезегінің құрылысы басталды. Бұған дейін бас корпус пен қосымша ғимараттар салынып жатқан. Ал, 1961 жылы химиялық су тазалау қондырғысының бірінші кезегі іске қосылды. Бұл да – жылу-электр орталығының қажетті нысандарының бірі еді.

Сонымен, 1963 жылдың қарсаңында №1 қазандық агрегаты бойынша негізгі құрылыс және монтаж жұмыстары орындалды. Оның қуаты сағатына 120 тонна болатын. Ал, №1 турбоагрегаттың қуаты 12 МВт болды.

Ақыры, құрал-жабдықтар бірнеше мәрте кешенді түрде жан-жақты сынақтан өткен соң 1963 жылы 28 қаңтарда  қабылданды. Ал, оны осы жылғы маусымда Қазақстанның энергетика министрі Т.Батуров бекітті.

Сол жылдың соңына дейін №2 қазандық агрегаты қатарға қосылды. Сонымен бірге №2 турбоагрегат та пайдалануға берілді. Жылу-электр орталығының қуаты 24 МВт болды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 1963 жылға дейін Гурьев облысындағы барлық электр стансаларының қуаты 32 МВт еді. Демек, тек қана жылу-электр орталығы қуатының өзі осы деңгейге жақындап қалды. 

Кеңейту жұмыстары одан әрі жалғаса берді. Екінші кезек бойынша 1966-1970 жылдары №№3,4,5,6 және 7 қазандық агрегаттары, №№3 және 4 турбоагрегаттары, т.б. қондырғылар қатарға қосылды. Сөйтіп, жылу-электр орталығының қалыптасқан электр қуаты 134 МВт құрады. Сонымен қатар, сағатына 1040 тонналық бу қуаты алынды.

Негізі, 1967 жылдан бастап қаланы жылумен, ал химия және мұнай өңдеу зауыттарын, ірі құрылыс нысандарын өндірістік бумен қамтамасыз ету басталды. Бұл да кәсіпорын өміріндегі тың бастама болатын. Өйткені, бұрын-соңды мұндай іс жүзеге асырылмаған.

Ал, 1970-1980 жылдары жылу энергиясы мен ыстық суды тарату электр энергиясымен салыстырғанда басымдыққа ие бола бастады. Сөйтіп, 1987 жылы жылу энергиясын тарату 1893,2 мың гигакалорияны құрап, шырқау шыңына жетті. Өйткені, сол кезде оған деген сұраныс жоғары болатын.

Кәсіпорынды кеңейтудің үшінші кезегі бойынша оның қалыптасқан электр энергиясы қуаты 249 МВт құрады. Кейінгі жылдары да жылу-электр орталығының қуатын арттыруға, ескірген жабдықтарды жаңғыртуға, қолданысқа озат техника мен озық технологияны енгізуге бағытталған көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылды.

– Әсіресе, соңғы жылдары атқарылған шаруа ұшан-теңіз емес пе?

– Атыраулық энергетиктердің алған бағытының дұрыстығын, олардың тұтас еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қосып отырған үлесінің зорлығын осында келген сапарында Елбасының өзі де ерекше атап көрсеткен. Мен Мемлекет басшысына пайдалануға берілгелі тұрған жаңа қуат туралы баяндаған адаммын. Бұл оқиға ұжым мүшелерінің әлі де жадында.

Расында да, еліміздің кейбір өңірінде, әсіресе оңтүстігінде электр қуатына деген тапшылық сезіліп, көрші мемлекеттерге тәуелділік байқалып отырғанда Атырауда мұндай проблема толығымен шешілді деуге болады. Мәселен, 2008-2010 жылдары кәсіпорынды кеңейтудің төртінші кезегінің бірінші сатысы жүзеге асырылды. Аса қуатты қондырғылар орнатылды. Соларды қондырып, кейін сынақтан өткізу барысында жергілікті мамандар толымды тәжірибе жинақтады.

Ең бастысы, 2011 жылдың басында жылу-электр орталығының қалыптасқан электр қуаты 290 МВт болды. Жылу қуаты 695 гигакалорияны құрады. Сонымен қатар, 2080 тонна бу алынды.

Ал, 2011-2012 жылдары жаңғырту жұмыстары одан әрі жалғасты. Қаншама жаңа жабдықтар алынды. Өзінің қызмет істеу мерзімін тауысқан ескі құралдарды ауыстырып жатырмыз.

Тұтынатын отын түрлері өзгертілуде. Мәселен, былтыр жоғары қысымды газ құбыры тартылды. Өткен жылдан бастап кәсіпорынды кеңейтудің төртінші кезегінің екінші сатысы бойынша жұмыстар жүруде. Кейбір нысандар биыл пайдалануға беріледі.

Халықтың талабы – жарық пен жылуды мезгілінде және толық көлемінде алу. Біздің міндетіміз – тұтынушылардың сол талабын қалтқысыз орындау.

– Сонда осы жаңғырту шаралары қашан мәреге жетпек?

– Біз кәсіпорынды кеңейтудің төртінші кезегіне қатысты шаралар 2015 жылы мәреге жетеді деп отырмыз. Сонда жылу-электр орталығының қуаты электр энергиясы бойынша 500 МВт және жылу энергиясы жөнінен сағатына 750 Гкал болады. Бұған сағатына 2520 тонна бу қуаты қалыптасатынын қосыңыз. Бұлар жай ғана цифрлар емес. Олардың сыртында тұтас қаланы немесе ірі өндірісті толық қамтамасыз ететін қуаттар тұр.

Мен өзімнің әбден қалыптасқан, нағыз шыңдалған ұжымымды мақтан тұтамын. Олардың бәрі де осы жердің адамдары. Өзіміз де келешегімізді ойлап, қажетті мамандарымызды дайындап жатырмыз. Қазір  ұжымда 1182 адам еңбек етеді.

Өткен жылды  табысты қорытындыладық. Сөйтіп, 1 млрд. 532,3 кВт-сағат электр және 799 млн. Гкал жылу энергияларын тараттық. Бұл – мүмкіндік шегі емес. Егер сұраныс болып жатса, бәрін де қанағаттандыруға дайынбыз. Өйткені, біз алдағы алыс жылдарға арналған сенімді қуаттарды жинақтап алғанбыз. Ал, осы істердің бәрінің басында «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегенов тұр. Шын мәнінде, осы азаматтың басшылығымен қысқа мерзімде ғана атыраулық энергетиктер талай жылға жүк болар биікті бағындырды.

– Осы шаралардың бәрі де кәсіпорын қолға алған  инвестициялық бағдарламаның жемісі емес пе?

– Әрине. Біз мемлекеттен бір теңге де сұрамастан бұл ауқымды істердің бәрін өз қаражатымызбен тындырып жатырмыз.  Осы орайда тұрғындарға бір нәрсені ерекше  түсіндіргім  келеді.

Инвестициялық бағдарлама – бірнеше жылға белгіленіп, жүзеге асырылатын шара. Оның тарифке тура әсер ететіндігі рас. Өйткені, ол көтеріледі. Себебі, тариф – қолға алған жобаларды қаржыландырудың бір көзі. Бірақ, белгіленген тарифті бірден көтермей, сатылап өзгерту қолданылып келеді. Бұл да – халыққа салмақ салмаудың амалы.

Біз жылына екі-үш мәрте депутаттармен, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, оларға өзіміздің инвестициялық бағдарламамызды қалай жүзеге асырып отырғанымызды айтамыз. Оған тариф арқылы тұтынушы да үлес қосып отырғандықтан, халық қаражаттың қайда жұмсалып жатқандығын білуге құқылы.

Тұрақты түрде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырамыз. Соларға қатысқан жұртшылық тура сауалдар қояды. Кейде өте сауатты сұрақтарды естиміз.

Осы инвестициялық бағдарламалар қолға алынғалы бергі нәтиже бәрінің де көз алдында. Бұрын әлсін-әлсін сөніп қалатын немесе сығырайып қана жанып тұратын шамдар қазір үзіліссіз жарқырап тұрған жоқ па? Немесе жылу толық қуатында беріліп жатыр емес пе? Қандай тапшылық бар? Ешқандай. Тек соны ұтымды пайдалана білу керек. Яғни инвестжобалар нәтиже бере бастады.

– Ұтымды дегеннен шығады, Елбасы үнемділік мәселесін көтеруде. Оған қалай үлес қосамыз?

– Жоғарыда айттым ғой, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін тарифтің қатысы барлығын. Демек, тұтынушылар аз төлегісі келсе, үнем мәселесін алдыңғы кезекке шығарғандары жөн. Күнделікті көріп жүреміз, кейбір үйлерде, кеңселерде тапа тал түсте электр жарықтары жанып тұрады. Неге? Қандай қажеттілік? Қазір төлемнің үш сатылы тәсілі өмірге енді. Тұрғындардың дені оған да үйренді, тиімділігін бағалауда. Демек, соның талабына бағынғандары абзал.

Әрине, өзіміз де үнемшілдікке бет бұрдық. Осындай қондырғыларды орнатудамыз. Егер қуаты кемімей, бірақ шығыны аз болса, неге пайдаланбасқа? Сондықтан, тиімділік мәселесі барлығымызды ізденіске бастайды. Озық та озат технологияны қолдануға үйретеді.

Сөз соңында айтарым – мен өзімнің бар саналы ғұмырымды осы салаға арнадым. Оған еш өкінбеймін. Өйткені, о баста көңілім қалап, таңдаған мамандығым. Сондықтан, кейінгі ұрпаққа да мамандық таңдауда аса ыждағаттылық таныту керектігін айтқым келеді. Сонда ғана адам бар күш-жігерімен еңбек етеді. Атырау энергетиктерінің сан жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Соны қалтқысыз сақтау керек.

   Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз