ҚОЙ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРІ

Мешін  жылына  да  жұғысты  болсын!

Қой жылы, тура мағынасында, атыраулықтар үшін жемісті болды. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы мәреге сәтті жетті, барлығы 76 млрд. теңгелік 35 жоба аяқталды. Мұнайлы мекенде тек бір жылда ғана жалпы құны 29 млрд. теңгелік 11 инвестициялық жоба жүзеге асты. Ерекше атап айтарлығы, осы шаралардың нәтижесінде қатарға қосылған өндіріс ошақтарының дені – республикада бірінші рет қолға алынғандар. Еліміздің мұнай-химия кешенінің негізі Атырауда қаланды. Оған қажетті шикізат саналатын бензол мен параксилолдың алғашқы партиялары алынды. Ауыл шаруашылығын алға апарып, жергілікті өнімге өріс ашатын жобалар жүзеге асырылды.

Қазір аймақта екінші бесжылдық жобалары нақтылануда. Ал, Мешін жылы жалпы құны 7,3 млрд. теңгелік фармацевтика зауыты мен құс етін дайындайтын фабриканы пайдалануға беру көзделген. Атырау мұнай өңдеу зауытында қайта жарақтандырудың толық аяқталуы да күтілуде.

Бұрғылау  қондырғысы – өзімізде

Республика бойынша Атырауда алғаш рет бұрғылау қондырғысы құрастырылды. «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген индустриялық жобаның нәтижесінде тұзасты қабаттарын еркін игеретін, аса үлкен тереңдікті қаза алатын жаңа жабдық өмірге келді. Енді аймақтағы отандық және шетелдік бұрғылау компаниялары мұндай құралды алыстан іздемей, осында-ақ тапсырыс бере алады. 

Атыраудың  жұмыртқасы

Алмалы құс фабрикасының алғашқы өнімі тұтынушыға жол тартты. Оның өндірістік қуаты – жылына 60 млн. дана жұмыртқа. Егер Құлсары қаласында тағы бір құс фабрикасы жұмыс жасап жатқандығын ескерсек, онда облыс тұрғындарының ішкі сұранысы толық қанағаттандырылмақ. Ал, артылғанын экспортқа шығаруға болады.  

Бензолдың алғашқы   партиясы

Атырау мұнай өңдеу зауытында еліміз бойынша алғаш рет бензол алынды. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғанындай, республиканың байырғы кәсіпорнында хош иісті көмірсутегі шикізатын шығару жобасы мәреге жетті. Соның нәтижесінде келешек мұнай-химия кешеніне керекті шикізат өзімізде дайындалады және бензин құрамындағы зиянды зат тазарады. Сөйтіп, Қазақстан жоғары октанды жанармаймен ішкі сұранысты толық қанағаттандыруға батыл қадам жасады. 

Алыс ауылдарға – Интернет

«Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы аясында 12 тамызда талшықты-оптикалық кабель зауыты пайдалануға берілді. Ол – телекоммуникация саласына аса қажетті өнім шығаратын республикадағы екінші осындай өндіріс ошағы. Атыраулық зауыт жылына 11 мың шақырым өнім дайындайды. Соның нәтижесінде таяу жылдары саны 250 адамнан асатын ауылдар ІР-теледидарымен және интернетпен толық қамтамасыз етіледі. 

«Қазақстанда  жасалған» белгісімен

«Жаңа индустрияландыру» картасы аясында құны 825 млн. теңгелік көкөністі өңдеу және құтылау цехы қатарға қосылды. Соның нәтижесінде жылына 75 мың дана құтыдағы өнім мен 370 мың тонна көкөніс салаты дайындалады. Осы жоба нәтижесінде 25 адам тұрақты қызметпен қамтамасыз етілді. 

Параксилол – жаңа  өнім

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізіліп жатқан қайта жарақтандыру жобалары нәтижесінде 496 мың тонна параксилол алу тапсырылған. Ол – мұнай-химия кешенін дамытуға қажетті аса маңызды шикізат. Мамандардың айтуынша, жаңа өнімге шетелдерден де сұраныс түспек. 

Қой  жүні  кәдеге  асады

Жалпыұлттық телекөпір кезінде Елбасы Атырауда жүн өңдеу фабрикасын іске қосуға рұқсат берді. Жалпы құны 2,1 млрд. теңгелік жобаны жүзеге асырған – «Caspiy Lana Atyrau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Атыраудың абыройын асқақтатып тұрған нәрсе мұндай кәсіпорынның республикада тұңғыш рет салынуы. Мұнда жылына 350 тонна қой мен 100 тонна түйе жүні өңделмек. Одан 400 мың метр дайын өнім алынады. Жобаны жүзеге асырған мекеме құрылтайшысы – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері жылыойлық кәсіпкер Әлімжан Балжігітов. 

Энергетикалық   қуат жеткілікті

Атырау жылу-электр орталығындағы жаңа энергетикалық қуатты Елбасының өзі қосқан-ды. Биыл мұнда 100 меговаттық жаңа қуат пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде аймақта өндірілетін электр энергиясы қуаты 414 меговатқа жетті. Яғни, облыс тұтынушылары толық қамтамасыз етілмек. Бұл – энергетикалық кешен саласында жүзеге асырылған жарқын жобалардың жемісі.

Экономикалық  шолуды  әзірлеген:

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз