ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАН – ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсының нәтижелері бойынша Атырау медицина колледжінің екі дәрігер-оқытушысы Оңтүстік Корея елінде 153 «Қоғамдық денсаулық сақтау» циклі бойынша ғылыми тағылымдамадан өттік. Осы бағдарлама бойынша білімімізді жетілдіріп, сабақ өткізудің ұйымдастыру ғылыми-әдістемелік әдіс-тәсілдерін жетілдірудің жаңа қырларын өз тәжірибемізде пайдалануға мүмкіндік алдық.

 

153 «Қоғамдық денсаулық сақтау» циклі бойынша Аджу университетінің ауруханасында өткен тағылымдаманың басты мақсаты Оңтүстік Корея мемлекетінің қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі мен денсаулық сақтау менеджментімен таныстырып, нақты әдістемелік нұсқауларды ұсыну болып табылады.

Ғылыми тағылымдама бағдарлама жоспарына сәйкес орындалды. Дәрістер тыңдап, аурухана құрылымымен және қызмет көрсетілуімен, салауатты өмір салтын  насихаттау орталықтарының жұмыстарымен таныстық.

Оңтүстік Кореяда медициналық туризм, косметологиялық орталықтар, фармацевтикалық зауыттар жұмыстары жақсы жолға қойылған және қарқынды дамыған. Сабақ тек қана Аджу университетінің ауруханасында емес, Кенги-до провинциясындағы медицина орталығында, «Святой Винсента» госпиталінде, «Менджи», «Dream Pharma», «Вильмся» медицина орталықтарында, Сеул қаласындағы онкология орталығында өтті. Осы медициналық мекемелердің бірқатары  үздік ондық қатарында келеді.

Сондай-ақ, «Samsung Electronics» көрме орталығына, «Luctronic» лазерлік құралдар өндірісіне, басқа да зауыт, фабрикаларға саяхат жасадық. Барлық клиникалардағы мамандар кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған және бәрінде электронды карта енгізіліпті.

Бүгінгі күні Онтүстік Кореяның үлкен ауруханаларының барлығы дерлік JCI  аккредитациясынан өткен.

Оңтүстік Кореяның медицина жүйесі қазіргі заманғы биік деңгейге көтерілген. Аурухана-емхана жүйесі осы кезеңге сай озық технологиялармен толық қамтамасыз етілген. Кеспей хирургиялық ем жасау – лапороскопия және эндоскопия тәсілдерімен емдеу кең таралған. Айта кету керек, қазір Қазақстанда да осы айтылған технологиялар жүзеге асырылып жатыр . Елімізде бұл тәсілді жетік меңгерген мамандар қатары да жылдан-жылға артып келеді. Ал, Оңтүстік Кореяда робот (da Vinci) жүйесімен ем жасау кеңінен тараған.

Оңтүстік Корей елі – медицина жүйесінің дамуы бойынша әлемде екінші орында тұрған мемлекет. Соған сәйкес, бұл елде медициналық сақтандыру жүйесі жақсы жолға қойылған. Осы тағылымдамадан жинаған тәжірибеміз білім диапазонымызды кеңейтуге үлкен үлес қосты. Енді жинаған тәжірибемізді жұмыс барысында қолдануға бар күш-жігерімізді саламыз.

Бакиза КЕНЖЕҒҰЛОВА,

 А.Сүндетов атындағы 

Атырау медицина колледжінің  дәрігер-оқытушысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз