
Кодекстегі өзгерістен күтілер жеңілдік көп
Ел Президенті жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Салық кодексі республика бойынша салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Президент айрықша назар аударуға тұрарлық елеулі өзгерістер төңірегінде корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағыттарды атап өтті.
Тоқтала кетер жайт және құжаттың басты жаңалығы ретінде айтарымыз, кодексте қосылған кұн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі: 2026 жылдан — 5, ал 2027 жылдан — 10 пайыз көлемінде белгіленетін болып болжамдалды. Бір сөзбен түйіндегенде, жаңа жылдан бастап күшіне енетін салық кодексіне енгізетін өзгерістер салық төлеушілер үшін де, мемлекеттік кірістер саласындағы қызмет құрылымдарыүшін де тиімді әрі оңтайлы болады, ойдамыз.
Жасұлан ӨТЕШОВ,
қаржы және салық қызметінің ардагері