ӨЗГЕРІС ӨЗІМІЗ ҮШІН ҚАЖЕТ

Үкімет пен Ұлттық банктің валюталық дәлізді алып тастау жөнінде шешім алуы дұрыс болды. Өйткені, ерте ме, кеш пе, ерікті теңге айналымынан қашып құтыла алмасымыз анық. Түптеп келгенде, бұл отандық тауарларға деген сұранысты арттыру үшін қажет. Мұны облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева да құптайды. Ол жергілікті өнім өндірушілерді елімізде жасалып жатқан ортақ іске бірігіп атсалысуға шақырады.

 

«Әрине, бастапқы кезде долларға шаққандағы теңге бағамының күрт жоғарылап кетуі кәсіпкерлер тұрмақ, қарапайым адамдарға да оңай тимегені анық. Десе де, қазір азық-түлік өнімдерінің  негізгі түрлеріне бағаны көтермеудің жолдары қарастырылуда. Бүгінде әлеуметтік маңызы жоғары азық-түліктің 33 түріне баға тұрақты сақталып келеді. Арнайы құрылған тұрақтандыру қоры мен тауар ұсынушы тараппен жасалған келісім-шарт бар. Міне, соның негізінде сауда нүктелерінің бірде-біреуінде бағаның күрт көтерілуіне жол берілмейді» дейді ол.

Отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау бағытында да үкімет біраз шараны қолға алды. Бұл бағытта Лариса Жасталапқызы өнімдерін сыртқы елдерге ұсынатын кәсіпкерлердің ұтатынын айтады.

– Валюта нарығына көп жағдай әсер етеді. Сондықтан, бұл төл теңгеміздің қазіргі бағамы енді осылай қалады деген сөз емес. Яғни, халық теңге бағамының тұрақтап, бір қалыпқа келуіне сенуі керек. Егер қажет деп тапса, Ұлттық банк валюталық интервенцияны да жүзеге асыруға қауқарлы. Бұл жерде мынаны естен шығармау керек: әлемдік қаржы айналымына әр ел өзінше өзгеріс енгізе алады. Бір мемлекеттің құқығын екінші бір мемлекет шектей алмайды, бұл еларалық қатынастарға мүлде қайшы, – дейді ол.

Жақында Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кірдік. Енді өзімізде шығарылатын өнім шетелдікімен бәсекеге түсетін болады. Демек, кәсіпкерлерге түсетін жауапкершілік жүгі тым ауыр. «Өзге елдердегі тауарлардың бағасы арзан болуы мүмкін. Бірақ, олардың сапа жағы қалай болмақ? Тек «әлемдік стандартқа сай» деген атау жеткіліксіз. Ал, бізде ешқандай артық қоспасыз нағыз табиғи өнімдер дайындалады. Айталық, бір ғана «Первомайский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дайындалатын тауар мен сүттің өзі неге тұрады? Сапалы қымыздан дәм татқан шетелдіктер оны жоғары бағалап, еріксіз мойындап жатыр. Бірақ, өзімізде өндірілетін өнімдердің өзіндік құны өзіміз үшін қымбатқа шығуда. Отандық тауардың бағасын жергілікті тұрғындарды бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Сондықтан, олар амалсыз басқа жақтан келген арзан өнімді алуға мәжбүр. Міне, осы жерде жергілікті тауардың бағасын төмендетіп, сапасын арттыру керек. Бұлай жасамаған жағдайда, өсу мен өркендеуге жол бастау қиын болмақ.

Республиканың индустриялық-инновациялық дамуы бағытында индустрияландыру картасымен облыста жалпы құны 1,6 трлн. теңге болатын 44 инвестициялық жоба іске асырылуда. Айта кету керек, алғашқы бесжылдықта жалпы сомасы 76 млрд. теңгеге 35 жоба жүзеге асырылып, 2577 адам жұмыспен қамтылды. Ал, екінші бесжылдықта құны 1,5 трлн. теңгеге 9 жоба жоспарланып, 3128 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бірі – «KPI» ЖШС-нің газ-химиялық кешенінің құрылысы, екіншісі – жалпы құны 1,5 трлн. теңге болатын Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту жұмыстары. Ал, өңірлік индустрияландыру картасы бойынша 14,6 млрд. теңге қаражатқа барлығы жеті инвестициялық жоба іске қосылып, 1016 адам еңбекке тартылмақ» дейді Лариса Жасталапқызы.

Оның айтуынша, биыл жалпы құны  3,9 млрд. теңгеге бес жоба іске қосылады деп күтілуде. Олардың арасында «Атырау Сауда» мен «Алмалы құс» ЖШС-нің құс фабрикалары, оптикалық кабельдерді шығарушы зауыт — «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС – де бар. Сондай-ақ, «Первомайский» ЖШС сүт пен ашытқы заттарды қайта өңдейтін кешен және химиялық реагенттерді шығарушы «Кемикал Солюшнс» ЖШС-нің өнім қуаттылығын арттыру қолға алынуда.

Одан да басқа, облыс аумағында «Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» фармацевтикалық зауыты, полимерлік өнім шығарушы «Полимер Продакшн», түйе мен қой жүндерін терең өңдеп, тігіншілік кәсіппен айналысатын «Атырау Пош», консервіленген көкөніс өнімдерін шығаратын «Атырау Агро Феликс» ЖШС өндіріс кешені өндіріс қуаттылығын арттыру үстінде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз